- «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқығанымнан кейін ата-бабаларымыздың өзгелерден озық өмір сүріп, әлем өркениетіне сүбелі үлес қосқанына сенімім әбден нығайды. Өте дұрыс және дер кезінде ортаға тасталған салмақты ой.
Шындығында, өркениетті, өнерге жақын елдің ұрпағы болғандығымнан шығар, кішкентай күнімнен өнерге жақын болып өстім. 20-21 жасымда Алматыдағы үлкен жиһаз фабрикасында шебердің шәкірті болып жұмыс жасап, осы өнерге қанықтым. Қалған жағында әлеуметтік желілерді жалықпай қарап, өнерімді өз бетімше жетілдірдім. Қолымда өнерім бар, өнерлі жастарды қолдайтын мемлекеттік саясат бар заманда өз кәсібімді бастайын деген оймен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының «Бастау-Бизнес» курсында оқып, сертификат алдым. Былтыр күзде 4 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, жеке кәсіпкер болып тіркеліп, мына ғимаратты жалға алып, екі жұмысшымен кәсібімізді бастадық. Бүгінгі таңда клиенттердің тапсырысы мен жаңа үлгідегі диван, шкаф секілді тұрмыстық жиһаздың барлық түрін жасап жүрміз. Мақтанғанымыз емес, жиһаз жасатуға тапсырыс берушілер көбейіп келеді.
- Табысыңыз отбасыңыздың қажеттілігіне, салықты, жалға алған ғимараттың ақшасын төлеуге жете ме? Кәсіпті дамыту бағытында қандай жоспарыңыз бар? - Әрине жетеді. Кәсібімді дамыту жайлы ойымды айтсам, жаңа форматтағы құрал-саймандар алып, өндіріс көлемін жедел ұлғайту жоспарымыз бар. Халықтың сұранысын жіті назарымызда ұстап, сұранысқа сай бейімделуге дайын тұрамыз. Бұл - кәсіпкерліктің, жалпы нарықтың жазылмаған заңы. «Талапты ерге нұр жауар» деген емес пе атам қазақ. Бүгінгі заман талапты азаматтарға нұр жауатын заман. - Жұмыс үстінде болса да бір-екі ауыз тілдескеніңіз үшін ризамыз. Кәсібіңіздің ұлғайып, дамуына шын тілектеспіз!Сұхбаттасқан Қартбай Қожаев