Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында, білім саласы заманауи трендтерге сай болуын іске асыру үшін цифрлық технологиялардың енгізу маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Ұлт басшысының жүктеген тапсырмасына зор жауапкершілікпен кіріскен «Нұр Отан» партиясы, білім беру саласын цифрландыру, мектептерде электронды күнделік жүйесін енгізу және бағдарламалау мен робототехника негіздерін тереңірек оқыту үшін еліміздің барлық өңірлерінде ІТ орталықтарын ашуды қолға алды. Бейнеу ауданында осыған дейін білім ордалары Бейнеу гимназиясы мен Бейнеу лицейінде ІТ сыныптары ашылған еді. Соның жалғасы ретінде жуырда ғана Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде де оқушылардың дарынын ұштап, бағдарламалау мен робототехникасының негіздері жөнінде жан-жақты білім алып, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыру мақсатында жаңа ІТ сыныбы ашылды. Шараға «Нұр Отан» партиясы Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бекберген Қылишаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы, мектеп ұжымы мен оқушылары қатысты. Еліміздің Әнұранымен бастау алған шарада Б.Қылишаев, Б.Демократұлы және мектеп директорының міндетін атқарушы Г.Жаулы құттықтау сөз сөйлеп, ІТ сыныбының тұсаукесерінің лентасын қиды. Одан әрі шараға қатысушылар жаңа сыныптың жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, сыныптағы қолы шебер оқушылар өздерінің жасаған шығармашылық жұмыстары-робототехникаларын көрсетіп, қыр-сырымен таныстырды. - Қазіргі таңда ІТ сыныбында қатысушылар қатары көп. Мектебімізден 40 оқушы қатысуда. Олардың қатарында қызығушылығы жоғары Қармыс Ғалымжан, Меңғайыр Азамат, Сұлтан Бейбарыс, Тұран Қаршыға, Мейрамбек Мағжан, Көңілімқос Сайдрахмандар ерекше көзге түсіп, робототехникамен айналысып жүр, - дейді мектептің ІТ маманы Ф.Тасмағанбетова. Аталған шара соңы мерекелік бағдарламаға ұласып, мектептің өнерпаз өрендері ән айтып, би биледі.
Үміт ҚАЗДАЕВА