Қаңбақ ұшып, аңызақ желі кептірген, сағындырған сағымы теңіздей боп толқыған, өзені жоқ, көлі жоқ Маңғыстаудың шөл даласын суландыруға Жамбыл қаласынан су-құрылыс институтын 1964 жылы бітірген Маңғыстаудың төл перзенті Шынабай Ақкенжеевтің келуі, мал мен жанның шөліркеген жүзіне мөлдір бұлақ суын ала келгендей болды. Маңғыстауды 300 жылдай жайлап келе жатырған ел малдың қамымен жазда Үстіртке көшіп, қыста Маңғыстаудың қараойына қыстап, су бар жерден қырдан шыңырау құдықтар мен ойдан тайыз құдықтарды өздері қазып, талай бейнетті күндерін бастарынан өткізіп жатқан болатын. Сол өздері қазған құдықтардың әйкелі мен астауын тастан ойып қондырып, тайдың терісінен қауға жасап, шығыр арқылы түйемен әрлі-берлі жүргізіп, топырлап келген малын астаудың көлемінің кішілігіне байланысты бөліп-бөліп, кезек-кезек суарушы еді. Үстірттің осыншама еңбекпен қазылған құдықтарын оңдап, түбіндегі су көзін ашуды тек кешегі Кеңес үкіметі кезінде 40-шы жылдардың аяғында Сали Оразбаев бастаған Төлеген Түйешиев, Жұмақан Көпбаев, Ыбыраш Жұбанов, Айлаш Оразханов, Атамағанбет Қойтанов, Балағұл Аташев т.б. құдықшылар айналысқан болатын. Соған қарамастан Маңғыстау ауданында 1964 жылы 13 ұжымшар (колхоз) мал шаруашылығымен айналысты, ауданда басқа өндіріс орны жоқ болатын. Облыс орталығы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында болатын. Маңғыстау ауданы шеткерірек болды ма, ол жағы белгісіз, басқа аудандарда су қазып жүрген бұрғы агрегаттары Маңғыстауға әлі жетпеген кез еді. Міне, осы кезде су инженері Ақкенжеевтің елге деген патриоттық сезімі мен нағыз су маманы ретінде Гурьев облыстық су шаруашылығы басшыларымен талас-тартыспен, «көлденеңі мен ұзындығының әрқайсысы 600-ден аса шақырым құрайтын территорияда бірде-бір су қазатын бұрғы қондырғысының аяқ баспауы адам таңғаларлық жағдай емес пе?» деп, әуелі Ембі ауданында жүрген екі бұрғы агрегатының біреуін, Сам құмдарының терістік бетіндегі Ірімшікті-Ой, Молқұдықтан бастап, әрі қарай трубкалы құдық қаздыруға мүмкіндік алды. Осы кезден бастап, 1965 жылы үш бұрғы агрегаты Қаратүлейдің терістік-батыс бетін, Құдас, Саркеткен, Серкебай, Қосарқан-Шақан жерлерінен трубкалы құдықтарын қаза отырып, Орталық Үстіртке бет алды. Трубкалы құдықтардың айналасы бетон плитамен қапталып, үстіне 20 метрлік астау орнатылды. 7 кубалық су сыйатын 2 қойма орнатылып, трубкалы құдықтың үстіне орнатылған ВЛМ-100 ленталы насос суын соған құйып, мал келгенде дайын тұратын болды. Ал насосты қыздыру өте жеңіл, тіпті әжелерімізге дейін насосты қыздырып су қоймасын толтырып қоятын. Ел азаматтары мен малшы қауымы Ақкенжеевті «Шөл далаға нәр берген ол нағыз Маңғыстаудың бас сушы маманы ғой» деп ризашылықпен атаған еді. Міне, осылай Шынабай Ақкенжеевтің Маңғыстау даласындағы суландыру жұмыстарымен айналысқан ұзақ та, қиын да жұмысы ілгері қарай 1990 жылға дейін жалғаса берді. Аудан орталығы Таушықтан көшіп Шетпе темір жол станциясына орналасқан кезде, Шакең Шетпеде Маңғыстау аудандық су шаруашылығы мекемесінің базасын салуды бастап және жұмыскерлеріне арнап тұрғын үй құрылысын жүргізді. Маңғыстау аудандық халық депутаттығына сайланды. 1967 жылдан 1973 жылға дейін «Гурьевводстрой» тресінің ПМК-14 су-құрылыс мекемесінде бас инженерлік жұмыс атқарып, Маңғыстау ауданымен қатар, Теңіз (Құрманғазы), Қызылқоға, Ембі аудандарының территориясында су құрылыстарын тұрғызуға қатысты. Шынабай Ақкенжеевтің Маңғыстаудың жайылымдарын суландырудағы еткен еңбегі, төккен тері босқа кеткен жоқ еді. Мал саны өсті, малмен айналысқан халықтың жағдайы да жақсара бастады. 1973 жылдың наурыз айында елді қуантқан хабар да расталды. Маңғыстау өз алдына облыс болып шаңырақкөтерді. Тағыда сол патриоттық сезім оны туған жерге алып келді. Ол облыстық су шаруашылығы құрылыстарын салатын мекеменің басшысы болып тағайындалып, алғашқы қазығын Маңғыстау станциясының қарсы бетіндегі ел жоқ ен далаға қадаған еді. Ақтауда орналасқан екі алып ПГМК мен «Маңғыстаумұнай» өндіріс мекемелері тұрғанда қолтығында бір папкамен жүрген бастық қайтып жұмысты ұйымдастырар екен деген көз көргендердің сенімсіздігі байқала бастады. Шакеңнің кез келген адам шыдамас өткізген ұйқысыз түндері мен бір жағы Алматы, бір жағы Үстірт жайылымдарына іссапары өз нәтижесін бермей қалған жоқ. Бір жылдан кейін айдалада ел пайда болды (аты пос.Водников), қорасының іші автомашиналардың неше бір түрі, эксковатор, скрепер, бульдозер, бұрғы агрегаттары, 7-ден 16 тоннаға дейін жүк көтеретін автокрандар тұрғанын көріп, жұмыс іздеушілер көптеп келе бастады. Бұл жай мекеме емес еді. Бүткіл облыс территориясында жайылымдарда жүздеген трубкалы құдықтар қазып, су ағатын сай-саладан бөгеттер тұрғызып, суармалы егісті жер асты суларымен, жер үсті бұлақ суларын пайдалану арқылы көбейтіп, елді мекендердің орталықтарына су құбырларын тартуды жүргізетін және облыс территориясындағы өндіріс мекемелеріне сыйымдылығы 25 кубадан 2000 кубаға дейін құрастырмалы темір-бетон су қоймаларын тұрғызатын (олар тек темір қоймалар құрастыратын) облыстағы жалғыз мекеме болатын. Шакеңнің өзінің айтуы бойынша өзімен бірге жүрген дала командирлері: Темірхан Наурызалин, Байтұрған Меңдіқұлов, Төреғали Құдайбергенов, Ербол Байтөлеков, Жалғас Тынышбаев және көмекшілері: Рысбек Дүйсенбаев, Шапағат Қазиев, Мақсат Қадешовтердің еңбектері де айтуға тұрарлық еді дейді. Облыстың су шаруашылығы басшылары Қабиболла Есполов, Жаздырхан Сейдалиев, Аманжол Қартбаевтармен және облыс аумағындағы кеңшар директорлары Бисембі Әріпов, Жомарт Нұрлаев, Бектұр Төлеуғалиев, Сисен Абдрахманов, Құлыбек Сүлейменов, Сәбит Әбішов т.б., қоян-қолтық жұмыс істелінгенін айтады. Бүгінде суға сұраныс пен мал азығын дайындау мәселері 90-шы жылдарға дейінгі істеліп артта қалған жұмыстарға қайтып оралуды күтіп тұр деп айтуға болады. Маңғыстау елі – мал-жанының амандығын тілеп, малын бағып отырған орнын ауыстырмауды қатаң сақтай білген ел. Сондықтан да оған өзіне ауыз су керек, малына құдық керек, бұрынғы ата-бабалардың салған жолымен жазда жайылымға көшіп, қыста ойды мекендегенді дұрыс санайды. Үкімет 1988 жылы Маңғыстау облысын таратып, Гурьев (Атырау) облысына қосқан кезде Ш.Ақкенжеев басқаратын Маңғыстау су-құрылыс басқармасы «Гурьевтік су-құрылыс бірлестігіне» бағындырылған еді. Маңғыстау су-құрылыс басқармасы «Бірлестіктегі» оншақты су-құрылыс мекемелерінің алдына шығып жақсы көрсеткіш көрсеткені үшін Шакең Гурьев облыстық халық депутаттары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Маңғыстау облысы қайта құрылған кезде Ш.Ақкенжеев 1990 жылы сайлау арқылы Маңғыстау облысы әкімшілігінің күрделі құрылыс бөліміне басшылыққа тағайындалады. Шәкеңнің тынымсыз еңбегі бұл жерде де өз нәтижесін бере бастайды. 2001 жылы Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе поселкесіне Жетібайдан орташа қысымдағы газ құбыры салынып, келешек аудан көлеміндегі елді мекендерді газдандыру ісінің тарихи жылы басталғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұл жұмыстардың басы-қасында күн-түн демей араласып, соның тезірек бітуіне басшы болған Шакеңнің өзі еді. Осы Ақтаудың айналасындағы Өмірзақ, Ақшұқыр, Маңғыстау станциясына да газ апаруға атсалысқан Ш.Ақкенжеев болатын. Шакеңнің елге істеген еңбектері де еленбей қалған жоқ. 2007 жылы Үкімет шешімімен «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» деген атақ берілді. 2017 жылы Маңғыстау облысы әкімінің шешімімен Шынабай Ақкенжеевке «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы» деген атағы берілді және сонымен қатар Шакең басқарған су-құрылыс мекемелерінің Мұнайлы ауданының территориясында орналасып, «Водник» (Дәулет) деген атпен тұрғындарға арнап поселок салып, ауданның әлеуметтік жағдайын көтеруге зор үлес қосқаны үшін «Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы» деген атағы берілді. Шакең биыл 80 жасқа шығып, артына ой жүгіртіп, өзінің 2003 жылы «Тағдырым тоғысқан құрылыстар», 2009 жылы «Дәуір-дәурен», 2015 жылы «Бел-белестер» деген кітаптарын көпшілікке ұсынып, сол кітаптарда көрсетілген жұмыстарды «мен істемей, кім істейді» деген қағидасы әркімге ой салады. Біз Шакеңе: «аға, 80 жасың құтты болсын! Әлде де көреріңіз көп болсын, немере-шөберелеріңіздің қызығын көре беріңіз, жазуыңыз тоқталмасын» деген тілек айтамыз!
Ғалым ӘРІП, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі