Жұмыспен қамтудың жағдайы қалай?
[ 2019 ] 21 ақпан, 11:41 | Қоғам
Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Байжановтың қабылдауы болатыны жайлы біреуден-біреу естіп, бір-біріне телефон арқылы хабарлап, әкімдік ғимаратына халық көп жиналды. Бұл адамдардың талабының негізгі дені – баспана, жұмыссыздық т.б. мәселелер болған еді...
Міне, осындай бірқатар сұрағымызға жауап алу мақсатында Жаңаөзен қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры Сандуғаш Сарыбекова мен Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ажархан Тұрақованы әңгімеге тарттық.
- Сіздерге ортақ сұрақ. Мекемелеріңіз халықты қандай жұмыспен, қалай қамтиды? Өткен жылы қанша адамды жұмыспен қамтыдыңыздар және биылғы жылы қанша адамды қамтисыздар?
С.САРЫБЕКОВА: – Біздің орталық жалпы жұмыссыздыққа келіп тіркелген азаматтарды жұмысқа орналастырумен шұғылданады. Келген азаматтардың бәрі жұмыссыздыққа тіркелу үшін, яғни жұмыссыз деген мәртебеге ие болуы үшін олар түбегейлі тексеріледі. Ол азамат шындығында жұмыссыз ба? Оның атында жеке кәсіпкерлігі бар ма, жоқ па? Жеке кәсіпкерлігі бар азаматтар жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды.
Бізге жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың жұмыссыздық мәртебесі анықталады. Содан кейін ол азаматтарды біз өзімізге жеке-жеке топтарға бөліп анықтаймыз. Мысалы, сол азаматтардың бәрінің әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Кейбіреулерінде отбасы мүшелерінің басқалары жұмыс істеп, тек біреуі жұмыссыз болуы мүмкін. Ол бәрібір әлеуметтік жағынан аз қамтылған, яғни күнделікті жағдайы нашар жанұяға жатпайды. Ал үйлерінде ауру-сырқау, мүгедек жандары бар жанұяларды іріктеп, осал топтарға жатқызамыз. Әке-шешесі, тума-туысқандары жоқ тұлдыр жетімдерді бірінші топқа жатқызамыз. Одан кейін кіріс көзі жоқ көп балалы отбасыларды өз алдына бір топқа топтастырамыз. Сосын тұлдыр жетім емес, отбасы мүшелерінің бәрі жұмыс істемейтін, тек үйіндегі бір ғана кісінің жалақысы жетпейтін, табыс көзі төмен, әлеуметтік жақтан аз қамтылған жанұяларды төртінші топқа жинаймыз.
Біздің жылдағы жоспарлайтын, жүзеге асыратын жұмыстарымыз – қоғамдық, әлеуметтік жұмыстар. Жұмыспен қамту орталығымен келісім шарт жасасқан ММ, МКК, МКҚК, ЖШС-лар бар. Оларды осындай мекемелерге хат тасушы, курьер және де әр түрлі жұмыстарға жұмысшы ретінде жібереміз. Жалпы біз жіберген жандарды жұмыс берушілер өздері реттеп, бөлісіп, тапсырмаларын береді.
Өткен жылы ақылы қоғамдық жұмыстарға 1267 адам жіберілді. Әлеуметтік жұмыстарға – 305 адам, «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша – 135 адам, тұрақты жұмыс орындарына 3708 адам жолданды. Бұлардың басым бөлігі бюджеттік мекемелерге жіберілген. Ал мұнай саласындағы өндіріс орындарына егер сұраныс болып жатса өзімізде тіркеуде тұрған азаматтар мен азаматшаларды жібереміз. Бірақ өкінішке қарай, олардан өткен жылы бірде-бір сұраныс түскен жоқ.
А.ТҰРАҚОВА: – Біздің бөлім тұрғындарды, оның ішінде жағдайы нашар отбасыларды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жұмыссыздарды жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында жұмыспен қамтиды. Бұл – бүгінгі таңда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша көптеген әлеуметтік шаралармен қамтиды.
Қоғамдық жұмысқа – ең төменгі жалақының ¼, яғни ширегі 59 500 теңгемен коммуналдық және бюджеттік мекемелерде жұмыс істей алады. Біздің бөлім арқылы жұмысқа барғандар ол мекемелерде түбіртек тарқатып, «Тазалық» мекемесіндегілер қала көшелері мен аулаларды, сондай-ақ дала жолдарының тазалығын сақтауға қатысады. Қалғаны бюджеттік мекемелерге хат тасушы және еден жуушы болып барады. Олардың жалақысы – 51 000 теңге.
- Жалақыны кім төлейді?
С.САРЫБЕКОВА: – Қоғамдық жұмысқа жалақыны біз төлейміз. Биылғы жылға бекітілген тариф бойынша қолдарына 45 000 теңге жалақы алады. Барған мекемелерінің ішінде қосымша жалақы беретіндері де бар. Бірақ ол – әлеуметтік жұмыс. Әлеуметтік жұмыстың ішінде бізден атаулы әлеуметтік көмек алатындар кездеседі. Атаулы әлеуметтік көмектер тиісті болса да, отбасындағы 18 жасқа толғандардың бәрі әлеуметтік жұмыстарға қатысқан жағдайда ғана төлей аламыз. Егер әлеуметтік жұмыстарға қатыспаса, әлеуметтік көмек төленбейді. Себебі ол мүжәлсіз отбасыға жатады. Сол үшін, яғни әлеуметтік көмек төлеу үшін әлеуметтік жұмыстарға жібереміз. Оның жалақысы екі жақтан да төленеді. Мекеме тарапынан 65%, біздің жұмыспен қамту орталығынан 35% төленеді. Біз мекемелермен келісім шарт жасасқанда, олардың жағдайларына да қараймыз. Олар өздерінің қаржылық әлеуетіне қарап, біріншісі – сәл аздау, екіншісі көбірек төлеуі мүмкін. Біз тек соның қай-қайсысына да 35% ғана төлеп отырамыз.
А.ТҰРАҚОВА: - Бізде бүгінгі таңда үстіміздегі жылға қоғамдық жұмыстар үшін 663 млн. теңге қаржы бар. Мекемеден берілмейді. Жұмыспен қамту орталығы арқылы бір ғана жалақы төленеді.
Ал екіншісі – әлеуметтік жұмыс. Оған жұмыспен қамту орталығы арқылы мекемеге тиісті қаржысын аударамыз. Жалақы 100 мың теңге болса, 35%-ын біз, 65%-ын мекеме қосып төлейді. Мысалы, қаладағы «Кезби» ЖШС 10 орынға өзінің жұмысшыларын жұмысқа алып отыр. Олар «Кезбидің» жұмысын атқарады. Бірақ әлгіндей қаржы біздің жұмыссыздардың қатарында әлеуметтік жұмыс ретінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 35%-ы бізден төленеді. Сол сияқты «Электр жүйелері» ЖШС-ға жібергендерімізде осы әдіспен ай сайын сол мекеменің түбіртектерін таратады. «Өзенсантехобслуживание» мекемесінде де дәл осындай.
Үшіншісі – «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша. Соңғы үш жылда оқу орындарын бітіріп, еш жерде жұмыс істемеген, яғни еңбек өтілі де, еңбек кітапшасы да жоқ 18–29 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Оларға соңғы енгізілген 2525 айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде жалақы төлейміз. Бұл 63000 теңге жалақы болады. Бұлар біз жолдама берген мекемелерде жұмыс жасайды. Ол үшін мекемеден көк тиын қаржы шықпайды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы тек біз төлейміз.
Олардың жұмыс жасау мерзімі – 6 ай. Біз тек жарты жылға жолдамамен жібереміз. Егер жастар сол мерзім ішінде жұмыста өзін жақсы қырынан көрсете білсе, барған мекемесі тұрақты жұмысқа біржолата алып қалуы әбден мүмкін. Мысалы, 2018 жылы қоғамдық жұмысқа 1000 орын белгіленіп, 1000 адамды мекемелерге жолдадық. Соның 167-сі біз жіберген мекемелерде тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Біз сол 167 орынға қайтадан адам жіберіп, орнын толтырып, кезекте тұрған жұмыссыздардың қатарын сәлде болса азайтуға тырыстық. Көбінесе есепші, қаржыгер, заңгер, сосын мұғалім мамандықтарына тұрақты жұмыстар табылып жатады. Сондай-ақ біз жұмыссыз жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында шәкіртақыларын төлеп, 3 ай 6 мерзімге оқытып та жатырмыз.
- Бұлар жұмысқа уақытша қабылдана ма? Тіркеуге қоярда мамандық туралы құжат талап етесіздер ме? Бір жұмыссыз адам неше рет тіркеле алады?
С.САРЫБЕКОВА: – Жоқ, мамандықтары бойынша құжат талап етілмейді. Көбінесе әлеуметтік жұмысқа жіберілетіндер мүжәлсіз отбасылардан шыққан азаматтарда мамандық қайдан болсын. Егер бірқатар мекемелерден кейбір мамандықтар бойынша сұраныс түсіп жатса, өзімізде бұрыннан тіркеуде тұрған азамат, азаматшаларымызды, яғни арнайы дипломы бар мамандарды жібереміз.
Ал бір адам бізге әр жылы қайтадан тіркеле беруіне болады. Оған шектеу қойылмайды. Келісім шарт жылдың басынан аяғына дейін жасалады.
- Биыл осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқардыңыздар?
А.ТҰРАҚОВА: – Бүгінгі таңда қоғамдық жұмысқа жоспарланған 1000 орынның 700 жұмыссыздар кетті. Әлеуметтік жұмысқа 35 адам орналасты. «Жастар практикасына» жұмыссыздарды енді жібере бастадық.
- Міне, осыншама жұмыс жасалып жатқан сияқты. Сонда неге ел дүрлігіп жүр? Әлде басқадай себептері бар ма?
С.САРЫБЕКОВА: – Қаңтар айының ортасынан бастап қалалық жұмыспен қамту бөлімі бар, жұмыспен қамту орталығы бар, осыларға келген азаматтарға түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оның үстіне осындай мәселелер бойынша қала әкімі мен қала әкімінің орынбасары да халықты қабылдап жатыр. Бірақ кешегі қала әкімдігіне жиналған жастардың көпшілігі біз жолдаған қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға барғысы келмейді. Олардың бәріне де жалақысы жоғары өндірістен тұрақты жұмыс орындары керек. Олар соны талап етуде.
Екіншіден, «Қалалық әкімдікте тұрақты жұмысқа тіркегелі жатыр екен» деп біреулер жалған ақпарат таратқан. Соның да ықпалы тиді деп ойлаймын. Әйтпесе, сол күні қала әкімінің орынбасары тұрғын үй және баспана мәселесі бойынша тұрғындарды қабылдауы керек еді.
А.ТҰРАҚОВА: – Шынында да, кешегі келгендердің ішінде бұрын-соңды көрмеген жандар да жүр. Бұрын бізге бір рет болса да жұмыс сұрап келген адамды танимыз ғой. Жыға танымасақ та ең болмаса жүзін шырамытамыз. Ал алдыңғы бір келгендердің арасында Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылының бір жігіті жүр. Ол Жаңаөзен базарындағы саудасын тастап келіпті. Кеше осындайлар көбейіп кетті-ау деймін шамасы. Дегенмен соңында жаңаөзендіктер қалып, біздер оларға барлық мән-жайды түсіндірдік. Қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға баратындар қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, тіркелулері керектігін айттық. Қанша адам болсаңдар да жұмыс жететінін айттық.
ТҮЙІН
Міне, біздің әңгімемізге арқау болған қос мекеменің де илеп отырғаны бір терінің пұшпағы, тұрғындар үшін жасап жатқан игілікті істері осындай. Өкінішке қарай, ел арасындағы үгіт-насихат жұмысының нашарлығынан ауыл, қала тұрғындарына нақты ақпараттар толық және жүйелі түрде жетпейді. Тек қалалық жұмыспен қамту орталығы мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне арнайы жұмыс іздеп келген жандарға ғана жалпылама түсіндіруден әріге аспайды. Сондықтан халық тегіс құлақтанбайды.
Құзырлы орындар мен тиісті мекеме басшылары «Біз жергілікті телеарнадан шығып сөйледік. Жергілікті газеттерге мақалаларымыз шығып тұр» деп уәж айтуы әбден мүмкін. Ол айтқандарын да дұрыс делік. Бірақ содан нәтиже шығып жатыр ма? Енді соның астарына үңіліп көрелік.
Біріншіден, Қызылсай ауылында қанша халық тұрады? Кез келген жиналыс, Астанадан келген депутаттар ауылдарға барса, ауылдық мәдениет үйінің 200 орындықты залында кездесу өткізеді. Егер жиналыс бола қалса, зал бұрынғы «тұрақты көрермендерімен» толтырылады...
Екіншіден, бірен-саран зейнетке шыққандар мен кейбір кәрі-құртаңдар болмаса жұрттың бәрін тегіс газет оқиды деп айту қиын.
Үшіншіден, қазіргі адамдардың ішінде газет оқу түгілі жергілікті телеарнаның жаңалықтарына көз салмайтындар да аз емес. Мүмкін түскі мезгілде үш сағат бойы тапжылмай отырып «Қалаулымды» көріп қалғып кететіндер және кәріс пен түріктің таусылмайтын ұзын-сонар сериалдарын түн ауғанша тырп етпей тамашалайтын қолы бос әйел, бала-шағалар бар шығар.
Міне, осындай себептерге байланысты ауыл, қала тұрғындары жергілікті, күнделікті маңызды ақпараттардан дер кезінде хабарсыз қалып жатады. Тіпті айлап, жылдап естімей жүре берулері де мүмкін. Әйтпесе, «Өзенмұнайгаз» компаниясына жарияланған мораторийдің біраз жылдан бері жалғасып келе жатқанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Мораторий болмаған күннің өзінде де «майлы жіліктің» жұрттың бәріне жетпейтіндігі бесенеден белгілі. Әйтсе де, ұялы телефондарына хабарламалар келіп түссе, оның аныққанығына көз жеткізіп отырмастан «үмітсіз шайтан» деп жалған ақпараттың жетегіне еріп, қала әкімдігіне қарай желіп, желігіп жетеді. Әрине, бұл – жақсы емес. Қазақтың «аузы күйген – үрлеп ішеді» деген сөзін естен шығармаған абзал. Ол үшін қалалық әкімдік бір емес, бірнеше сайт ашып, күнделікті ауа райын хабарлағандай, сол сайттарға маңызды ақпараттарды тұрақты түрде жүктеп отырулары керек. Қажет болса, SMS, Фейсбук, уатсап арқылы да хабарланып жатса зияны тимейді.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
Жаңаөзен қаласы
1484
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.