Әр халықта, әр елде қоғамдық өмірдің бел ортасында жүріп, белсенді еңбегімен, өнегелі өмірімен, білім-білігімен, ақыл-парасатымен, бүкіл адамгершілік асыл қасиеттерімен ел азаматы атанып, атағы ел-халықтың ауызында жүретін зады бөлек азаматтар болады. Біз әңгімелегелі отырған Зейнолла Алшынбаев та халқына деген қалтқысыз еңбегінің арқасында еліне қадірі артқан азамат. Ол Алматы халық шаруашылығы институтының экономиканы жоспарлау факультетін 1970 жылы тәмамдап, «Өзенмұнайгаз» басқармасы жүйесінде цехтың инженерэкономисі, бас арманың экономиканы жоспарлау бөлімінде инженер-экономист болып жұмысын бастап, құрылыс обьектілерін жобалау-смета бюросын басқарады. Осы тұста еңбектен қол үзбей жүріп, Қазақ политехникалық институтын инженер-мұнайшы мамандығы бойынша бітіріп, Маңғыстау экономикасының күре тамыры болып табылатын мұнай саласының да мамандығын игеріп алды. Қала басшылары жас жігіттің өз ісіне өте жауапты, тындырымды екенін, әсіресе қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзі қатарлас жастарды жастық жалынымен үйіріп әкететінін байқап, оны қалалық жастар ұйымына қызметке шақырады. Осылайша, Зейнолла Алшынбаевтың қоғамдық саяси жұмысы басталып кетеді. Ол алғашында Жаңаөзен қалалық комсомол комитетінің екінші, соңынан бірінші хатшысы болып сайланды. Жалындаған жігерлі жастың алысқа шабар жүйрік екені осы тұста-ақ байқалып қалып еді. Көп ұзамай-ақ Зейнолла Маңғыстау облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Онда Зейнолланың жастармен жұмыстағы ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінді. Ол жұмысшы және ауыл жастары мәселелерімен, Өзен, Жетібай кен орындарына, Қазақ газ өңдеу, Ақтаудағы пластикалық массалар зауыттарының құрылыстарына және Бозашы жарты аралындағы, т.б. мұнай кәсіпшіліктерін игеру сияқты облыстың маңызды халық шаруашылығы жұмыстарына жастарды тарту істерімен тікелей айналысты. 1980 жылы облыстық партия комитеті Зейнолланы партиялық жұмысқа тартып бастады. Әуелі Маңғыстау барлау-бұрғылау басқармасы партия комитетінің, одан соң Жаңаөзен қалалық партия комитетінің өнеркәсіп және құрылыс жөніндегі екінші, Мұнайлы ауданының бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Мұнайлы ауданын басқарған кезінде Маңғыстаудағы белгілі Қаламқас және Қаражанбас мұнай кен орындарын игеруде іскерлік қабілеті тағы бір қырынан көрінді. Мұнай кәсіпшіліктері алыс қашықтықта орналасқан, сондықтан жұмыс ауысымдық тәртіппен жүргізіледі. Осындай қиын жағдайларға қарамастан, зор ұйымдастырушылық танытып, үкімет директивасында көрсетілген межеден жоғары – Бозашыдан 5,6 млн. тонна мұнай өндірілуіне қол жеткізді. Осының нәтижесінде 1985 жылы Маңғыстау облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болып сайланды. Бұл қарсаңда Зейнолла туралы «болашағы зор, жас саяси басшы» – деген пікір қалыптаса бастады. Зейнолланың бұдан кейінгі өсу жолдарына қарасаңыз көз алдыңызға басында бақыт құсы ұя салған заңғар биікке сенімді, берік баспалдақпен батыл өрмелеп бара жатқан жігерлі жас саясатшы елестер еді. 1987 жылы Зейнолла Мәскеуге СОКП Орталық Комитетінің аппаратына қызметке шақырылып, оңда партиялық ұйымдастыру және кадр бөлімінің, Қиыр Шығыс, Сібір секторында жауапты ұйымдастырушы болып қызмет атқарды. Алып Ресей Федерациясының Омбы және Байкал сырты – Чита облыстырындағы саяси, экономикалық реформалардың іске асырылуына жауапты болды. Бұл жылдар нағыз саяси қайраткер ретіндегі қалыптасу, кемелдену жылдары болды. Осы қарсаңда бүкіл елді демократия жалыны шарпи бастады. Әміршіл жүйенің қиыны қашып, сыр бергені байқалды. Бүкіл елді дүр сілкіндірген айтулы жиындар жиі-жиі өткізілетін болды. Зейнолла да осы істердің бел ортасында жүрді. Әйгілі 19-шы партия конференциясын, КСРО халықтарының 1, 2, 3-ші, РСФСР халықтарының 1-ші съездерін дайындап, өткізуге қатысты. СОКП-ның 28-ші съезіне Қазақстаннан делегат болып сайланып, қоғамды демократияландыру бағытындағы съезд қарарына қолдау көрсетті. 1990 жылдың тамызында ҚР басшылығының ұсынысы бойынша Маңғыстау облыстық партия комитетінің экономиканы реформалау, сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту, мұнай өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселелеріне басшылық жасайтын екінші хатшысы болып сайланды. Маңғыстау облысындағы еркін экономикалық аймақ құруға ықпал ету жөніндегі қордың президенті болды. 1991-1992 жылдары облыс әкімінің орынбасары бола жүріп, шаруашылықты қайта құру, реформалау жұмыстарына басшылық жасады. Осы қарсаңда Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен басшы кадрларды шет елдерге оқуға жіберу басталды. Зейнолла да ТМД елдерінен арнайы іріктелген басшы қызметкерлер қатарында АҚШ-қа жол тартты. Американың Бостон қаласындағы Массачусетс университетінде оқып, ағылшын тілін үйреніп, қаржы, банк жүйесі, менеджмент, маркетинг және еркін рынок ұйымдастырудың басқа да қыр-сырларын меңгерді. Елге инвестиция тартып, еліміздің оң имиджін қалыптастыру жолында сол жақта біраз жыл қызмет ету қажеттілігі туындайды. Сол арада Зәкеңді АҚШ-тағы Техас штатының Хьюстон қаласындағы «Anglo-Dutch Petroleum International» компаниясы шетел инвестициялары жөніндегі директорлық қызметке шақырады. Жаңа жағдай, жаңа жұмысқа бір-екі жылдың ішінде-ақ төселіп алды. 2000-шы жылы қызметі жоғарылап, осы компанияның вице-президенті болды. Осы компанияда қызмет жасай жүріп, шетелдік мамандармен бірге Қазақстан мен ТМД елдеріндегі мұнай-кен орындарын игерудің жобалық құжаттарын жасақтауға араласты және осы кеніштерді игеруге инвестиция тарту жөніндегі Тайвань, Израиль, Ресей, Румыния, Ұлыбритания, Алжир, Грецияның, сондай-ақ «Қазмұнайгаз», «ОПИК», «Халлибуртон», «Петром», «Шелл», «Бейкер Хъюз», «Лукойл», «Депеки» және т.б. компаниялармен келіссөз жүргізу процестеріне және АҚШ-тың Луйзиана штатындағы «Ронек» кен орнының маркетингілеу жұмыстарына тікелей қатысты. Сөйтіп, Зәкең енді ірі компанияларды басқару жөніндегі халықаралық деңгейдегі маман дәрежесіне көтерілді. Осындағы мүмкіндікті пайдаланып, ұлы Даурбек пен қызы Жанна Хьюстон университетінде білім алды. Шетелде жағдайың болып, асығың алшысынан түсіп тұрғанмен ер-азаматқа туған жердің жөні бөлек. Елге деген сағыныш ұлғая берді. Әсіресе, өзі жағасында туып-өскен қарт Каспийдің асау толқыны, балалықтың бал дәурені өткен өзінің туған Таушығының сансыз таулары есіне түскенде жүрек шым ете қалып, тәтті мұңға берілетін. Жасы келген ата-ана да жиі еске орала беретін болды. Елге оралуға байлам жасады. Ал, американдықтар аң-таң. «Зейнолла мырза, Сізге не болды? Бүкіл дүниежүзі адамдарының арманы – Америка, оған миллиондардың қолы жетпей жүрсе, Сіздің елге қайтамын деуіңіз қалай? Осы жердегі өміріңіз жақсы емес пе?» дейді танданысып. Қырық рудан құралып, қырық елден бас құраған, атамекеннің не екенін білмейтін шіркіндер Зәкеңнің көкірегіндегі қоздап жатқан сағынышты, перзенттік парызды қайдан түсінсін. Бір интервьюінде: «...Менің алдыма қойған мақсатым, өзім де, балаларым да, біліміміз бен тәжірибемізді елге салу болғандықтан, өз бастарымызға пайдаға шешілетін барлық мүмкіндіктерден бас тарттық...» деп айтқандай, Зәкең 2004 жылдың жазында «Қош, Америка!» – деп елге келді. Қашан да қайнаған өмірдің ортасына, халыққа қызмет етуге асығатын әдетімен келе-сала Парламент сайлауына түсті. Әрине, көңілде күдік те жоқ емес еді. Бірақ, елдің азамат ерге деген ықылас ниеттері қаз қалпында екен. Ұмытпапты, керісінше құшақ жая қарсы алып, қолдау көрсетті, сенім білдірді. Сөйтіп, Мәжіліс депутаты болып сайланды. Парламенттің 3-ші және 4-шақырылымы отырыстарында Зейнолла ең белсенді депутат ретінде есте қалды. Зәкеңнің экономика мәселелеріне жүйріктігін әріптестері де мойындап, көп ретте оның пікірлерімен санасып, ақылдасып отыратын. Парламент отырыстарында қандай мәселе қаралса да Зәкең сол жағдайдың Маңғыстау облысына қатыстылығын жадынан бір сәт шығармай, мәселе көтеріп, сұрау салып отырды. «Ерді де жолдан қайтарма, ел керек ерді байқарға. Қатепті қара нар тусын, халықтың сөзін айтарға», – деп ақын Сабыр Адай айтқандай, Зәкең аймақтың және еліміздің өзекті мәселелері төңірегінде үкіметке, оның құрылымдары басшыларының атына өз бастамасымен 79, әріптестерімен бірлесіп 100-ден астам депутаттық сауал мен ұсыныс жолдады. Осындай қызметтің арқасында Жаңаөзендегі «Рахат» шағынауданы мен Теңге, Маңғыстау кенттерінде, Атамекен селосында жаңа мектептер, Жетібайда аурухана мен емхана ғимараттары бой көтерді. Облыс орталығы Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің бас ғимаратын салу туралы бастама көтеріп, республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге қол жеткізді. Бұлардан басқа да – Маңғыстау стансасында дербес әкімшілігі бар «Маңғыстау тасымалдау бөлімшесін» құру, «Астана – Маңғыстау» тікелей пойызын жүргізу, «Астана – Ақтау» тура бағытына ұшақ ұшқызу, Ақтау халықаралық аэропортының инфрақұрылымдарын күрделі жөндеу және реконструкциясы мен «Өзен – Түрікменстан – Иран» теміржол және «Қызылсай – Шопан Ата – Оғыланды» автокөлік жолына, «Қошқар ата» улы көлін рекультивация жасауға, Ақтау қаласында кемтар балаларға мектеп-интернат салдыруға қаржы бөлдіру, және т.с.с. ұсыныстары үкіметке жолданып, оңды шешімін тапқанын жалғастырып айта беруге болады. Осы жұмыстарды ол жергілікті билік орындарымен бірлесе отырып жасағанын да айта кеткен жөн. Өз сөзін салмақты айтып, ел-жұрттың игілігіне асатын пайымдарын тартынбай ұсынып, ел мен жер, тіл тағдыры, жұрт пайдасы жолын анық ұстанған азаматтығын, біліктілігін барша Қазақстанға таныта білуі де мақтан тұтарлық қасиет қой. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Теңгедегі темір жол өткелі кезекшісіне қатысты сот үкімі шықты Зәкеңнің туа бітті текті қасиеттерінің бірі - қарапайымдылығы. Әсіресе, жоғары лауазымды шенеуніктерге тән болып келетін мансапқорлық пен төрешілдік оның бойында атымен жоқ. Мәжіліс депутаты болып жүрген жылдарында оған облыстың барлық түкпірінен көмек сұраған, ұсыныс-пікір айтқан хаттар толассыз келіп жататын. Ал, Зәкең өзіне біткен ұқыптылығымен олардың бірде-біреуін ескерусіз қалдырмайтын. Әсіресе, заңсыздыққа жол беріліп, орынсыз жәбір көрген адамдардың есесін түгендеп, заңдылықты қалпына келтіруге аянбай кірісетін. Зейнолла Алшынбаевтың ұзақ жылдардағы адал еңбегі зая кеткен жоқ. Ол еліміздің «Құрмет», КСРО-ның «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, бірнеше медальдармен марапатталды. Жаңаөзен қаласы, Мұнайлы ауданы және Маңғыстау облысының Құрметті азаматы. Мен, депутат Зейнолла Алшынбаевтың Маңғыстау облысындағы қоғамдық негіздегі көмекшісі бола жүріп, онымен бірге талай ауылдар мен елді мекендерді араладым. Сонда байқағаным қайда барсақ та, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар Зәкеңді «Айналайын аман-есен елге келгенің жөн болды. Депутаттық қызметіңді көріп отырмыз, бек ризамыз. Қайда жүрсең де аман жүр, қарағым!» – деп құшақтап, бауырларына басып, сатырлатып шашуларын шашқанын көріп, риза болдым. Еліне қызмет еткен ерін елі қашан да ардақтай білген ғой. Ондай бақыт зады бөлек Зейнолла сияқты ұлдардың ғана мандайына жазылған шығар. Депутаттық қызметі аяқталғаннан кейін де ол қоғам көзінен тасада қалған жоқ. Инвестиция саласының халықаралық деңгейдегі маманы ретінде Астана кәсіпкерлер кеңесінің құрамында қызметін жалғастыруда. Республикалық «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы орталық кеңесінің де мүшесі. Ал, істелген іс, атқарылған шаруалар адамның өмірінде қалған ізі десек, соған жылдар өте бұрылып қарап, есіне түсіріп, ел назарын аударғандарын жазып, көргені мен білгенін кейінгі толқын жастардың өмір сабағына жалғастыру ниетінде «Аманат арқалаған жылдар» атты екі томдық жинағын шығарды. «Өмір – өзен», күн артынан күн, жыл артынан жыл заулап күні кешегі жастардың жалынды жетекшісі Зейнолла да бүгін 70-ке аяқ басты. Жүйрік уақыт дегеніміз, әне, сол! Бірақ ол өткеніне еш өкінбейді. Соңында өзі жүріп өткен өнегелі өткелдер жатыр.
Ырза ОҢҒАРБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі