Маңғыстауға Елбасы Жолдауының орындалу барысымен танысуға келген Мәжіліс депутаттары әртүрлі әлеуметтік, қоғамдық жиындарға қатысуда. Маңғыстау облысы «Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдауында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолованың қатысуымен «Кедергісіз келешек» республикалық акциясы өтті. Аталмыш акция аясында 20 адам қамтылып, облыс тұрғындары арасынан 8 адамның мәселесі қаралды. Қоғамдық қабылдау жұмысына мемлекеттік мекемелерден, МОФ төрағасының орынбасары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау басқармасы, «Атамекен» мүгедектер қоғамы, №1 Ақтау қалалық емханасы, Мұнайлы аудандық ауруханасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері қатысты. Жиында ең алдымен ұзақ жылдар дертке шалдығып жатқан мұнайлылық азамат Асылбек Ырзабаевтың мәселесі қаралды. Науқастың жағдайын айтып келген анасы баласының дерті күн санап асқынып бара жатқанын жеткізді. «Ұлым 2013 жылдан бері ауырады. Бел омыртқасын ауыстыру керек дейді. Ихнакок деген диагноз қойды. Бірақ оны ауыстыратын жер таппадым. Түркияға, Новосібірге, Курганға апардым. Еш нәтиже жоқ. Алматыда 6 рет ота жасады. Ең соңғы ота кезінде енді ота жасамайтындарын айтты. Ақтауда 7 отадан кейін баламның екі аяғы да жүруден қалды. Астаналық дәрігерлер де өтінішімді 3 рет кері қайтарды. Қазір төсек тартып жатыр. Соған қарайласуыңызды сұраймын», – дейді науқастың анасы. Асылбек Ырзабаевтың денсаулығына қатысты мәселемен өткен жылдың 12 желтоқсанында ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың жеке қабылдауында болған анасы үмітін үзбек емес. «Атамекен» мүгедек қорының төрайымы Сәния Шамсадинова баланың денсаулығы әзірше ота жасауға келмейтінін айтып мән-жайды түсіндірді. «Апамыздың баласына қатысты мәселелерімен таныспын. Бұл кісілердің отбасылық жағдайы қиын екен, оның үстіне баланың денсаулығы, иммунитеті өте әлсіз. Тұрмыстық жағынан да жағдай қолайлы емес. Бұл туралы дәрігерлерге, облыс басшылығына да хабардар еттім. Емделу жағдайымен таныстым, айтайын дегенім, бұдан кейін ота жасауға расында жарамайды. Жұлын үзілуге жақын. Тиісті мекемелерге, Денсаулық сақтау министрлігіне де жаздым, енді бұйыртса қажетті дәрілік препараттар келеді деп отырмыз. Алдымен біраз сол дәрілермен емделуі қажет», – дейді қор төрайымы С.Шамсадинова. «Мен сіздің шаруаңызбен таныспын. Балаңыздың дәрігерлер қойған диагнозын толығырақ анықтап алайық. Содан кейін министрге арнайы жазып, қандай да бір шешім қабылдауын сұраймын», – дейді депутат Зәуреш Жұманәліқызы. Ақтөбеден Маңғыстауға қоныс аударған Байрамбай Өтемұратов есімді азамат жұмысқа орналасу және денсаулығына байланысты дәрі-дәрмек алу жайын сұрап келді. «Ақтөбеден 2005 жылдары көшіп келдік. Жұмыссызбын. Өзіме не әйеліме жұмыс болса деген өтінішпен келіп едім. Денсаулығым да сыр берген. Ақтөбеде қан қысымы бойынша тегін дәрі-дәрмек алып жүргенмін. Осында келгелі осы жағынан да қиналып жүрмін»,– дейді тұрғын. Мәжіліс депутаты бұл азаматқа жұмысқа орналасу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, сондай-ақ тегін дәрі-дәрмектерді алу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелуі тиістігін, осыдан соң ғана тиісті дәрі-дәрмек беріле бастайтынын жеткізді. Қадірбек Нахуов ақсақал да денсаулығына байланысты алатын дәрі-дәрмектерге уақытылы қол жеткізе алмай жүргенін айтып шағымданды. «Жыл сайын алатын дәрі-дәрмектерді уақытында ала алмай жүрмін. Емханаларда дәрігерлер тапшы, кардиолог, эндокринолог, гастролог жоқ. Әртүрлі дәрілер ішкеннен кейін асқазанымыз да, жүрек те ауырады, қан қысымымыз көтеріледі. Жекеменшік емханаларға сілтейді. Ламиктал деген дәрінің 25 грамдық балаларға арналған түрін әрең алдым. Осы жайттарды шешсеңіздер. «Нұр Отан» халықтың партиясы деп келіп отырмыз», – деген ақсақал баспана бойынша да үй кезегінде тұрғанын айтты. Депутат Зәуреш Аманжолова жиында халықтың қойып отырған талап-тілектері орынды екенін айтып, тиісті көмек көрсетілуі қажеттігін атап кетті. Жиынға қатысып отырған №1 Ақтау қалалық емханасының бас дәрігері Ізболсын Көлбаев медициналық кадрлар мәселесі шешімін тауып келе жатқанын, ал тегін дәрі-дәрмектердің жеткізілуі Астанадан берілуіне байланысты екенін айтты. «Біз маусым айынан бері 31 дәрігерді қызметке алдық. Соңғы уақытта кадрлар толығу үстінде. Емхана қызметкерлері мен емделушілерге мүмкіндігінше жағдай жасауға күш салып жатырмыз. Бізде халыққа берілетін тегін дәрі-дәрмектер жеткілікті. Тек сіз айтып отырған ламиктал дәрісі ғана кешігіңкіреп келеді. Бұның бәрі Астанадан бөлінуіне, жіберілу уақытына байланысты болып отыр. Дегенмен, біз қолда бар мүмкіндіктерді жасап жатырмыз», – деді бас дәрігер І.Көлбаев. Ал ақсақалдың баспана мәселесі наурыз айының басында қала әкімінің қабылдауында жер бөлімі, тұрғын үй шаруашылығына жауапты өкілдер қатысуымен өтетін жиында анықталатыны мәлім болды. Тұрғындар тарапынан есепте тұрған науқастар үшін дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуі, дәрігер мамандардың жетіспеуі салдарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, зейнеткерлердің, күнкөріс деңгейі төмен отбасылардың ақылы емханаларға қаралуға мәжбүр болуы жиын барысында кеңінен талқыланып, тиісті шешімдер қабылдануы қажеттілігі айтылды. Мекеме басшылары мен сала мамандарының сұрақтарға жауап беруі мен түсіндіруінің нәтижесінде тұрғындарға маңызды мәліметтер беріліп, кей мәселелер оңтайлы шешім тапты.
Жайық НАҒЫМАШ