©
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Қайназаров пен Шавкат Өтемісов Жаңаөзен қаласында ресми іссапармен болып, «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшыларымен кездесті.
Шавкат Өтемісов өз сөзін: «Депутаттар регламентке сәйкес тоқсанына бір рет аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездеседі. Ондағы мақсат - Парламентте жасалып жатқан жұмыстар туралы мәлімет беріп, халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдау. Себебі қабылданатын заң неғұрлым кеңірек талқыланса, оның сапасы соғұрлым жақсы болады, - деп бастап, медициналық және әлеуметтік сақтандыру, жастарды жұмыспен қамтуға, білім алуларына, баспанамен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұматтар берді. - Елбасының ұсынысымен «Жас кәсіпкер» жобасы іске қосылады. Оған 32 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Нәтижесінде оқу орнын бітіріп, жұмыс таппай жүрген 62 мың жас жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Сондай-ақ «Жас маман» бағдарламасымен қажет мамандықтар ғана оқытылатын болады».
Уәлихан Қайназаров мемлекеттік сатусатып алу заңнамасы, тендерлер бойынша бірқатар түсінік берді.
Мәжілісмендердің қысқаша баяндамаларынан кейін кездесу модераторы Жаңаөзен қалалық мәслихатының хатшысы Сақи Мыңбай кезекті ұсыныс-тілек, сұрақ-пікірлерге берді.
№1 СҚКБ әлеуметтік бөлімінің басшысы Сайын Әбішевтің зейнетақы, көлік салығы туралы сұрақтарына депутаттар зейнетақы туралы заңның әлі де қаралып жатқанын, ал көлік мәселесі бойынша: «Бүкіл әлем қазір үнемдеуге көшіп жатыр. Сондықтан біз де болашақта аз көлемді, үнемді көліктерге көшкеніміз дұрыс», - деп жауап берді.
«Өзенмұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің басшысы Әділ Сүйебай ауылдарды көркейтіп, халықтың жаппай қалаға көшуіне тосқауыл қою керек екендігін алға тартты. Жаңаөзенде басқа да жұмыс көздерін ашып, көпбалалы аналарға әлеуметтік көмекті көбейтіп, баспана алу бойынша төлемдер қарастыру керек екенін айтты.
Депутаттар қойылған сауалдарға жауап беріп, ұсыныс-тілектерді өздерімен бірге ала кетті.
* * *
Жиналыс «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасын тапты.
Мекеме директоры Асқар Рзаханов басқосудың алдымен мақсатына тоқталып, жиналғандарды қатысушылармен таныстырып өтті. Кездесуге қала әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлім секторының меңгерушісі Мұхамбет Жайлыбаев, «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының бірінші орынбасары Нұрберген Худибаев қатысты.
- Облысымызға ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары келіп, бір аптадан бері облысқа қарасты қала, аудан, ауылдарды аралап, халықпен кездесіп жатыр. Күні кеше Ақшымырау елдімекенінде болды. Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, мәселелері, ұсыныстарын біліп қайтты. Сондай-ақ Елбасы саясатын, Жолдауларын, мемлекеттік бағдарламаларын түсіндірді, - деді М.Жайлыбаев.
Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов қала бойынша ең өзекті мәселелер мен олардың жергілікті билікпен шешілетін тұстарын, қолға алынған шаралары жайында айтып өтті. Оның ішінде, тозығы жеткен, апатты жағдайдағы үй тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қаланың көркін келтіретін көп қабатты үйлер салу, білім, денсаулық, спорт, мәдениет салаларын көтеру бойынша да мақсат-міндетті жұмыстар атқару. Жалпы, Елбасы саясаты, Жолдау мен үндеулерін негізге ала отырып ең негізгі басымдықтарды айқындап, мәселелерді шешу үшін көптеген бағдарламалар, шаралар, жоспарлар жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Қатысушылар арасынан Ақкүміс Асманбетова шашылып қалған балалар алаңын қайта ретке келтіру, ал Ыбырай Жарылғасынов «Арай» мен «Арай-2» шағынаудандары арасында орналасқан үлкен жолға жаяу жүргіншілер жолын көбейту ұсынысын білдірді. Оған қоса, жиналғандар тарапынан қаңғыбас иттер, мұнай саласына жарияланған мораторий, жұмыссыздық, Маңғыстау экологиясына қатысты мәселелер көтерілді. Бұл ұсыныс-пікірлер қалаға қатыстысы қалалық әкімдікпен, ал, ауқымдылары депутаттарға жеткізілетіні айтылды.
* * *
Түстен кейін іс-сапармен келген мәжілісмендер Жаңаөзен мектеп-гимназиясында болды. Олар биылғы оқу жылын жаңа ғимаратта бастаған мектептің жабдықталуы, оқыту бағдарламалары, жетістіктері, оқушылардың жағдайы секілді барлық нәрсені назарға алып, бақылап шықты. Мектеп ғимаратын аралап, кітапханасына, ондағы кітап қорына және де балаларды аспен қамтамасыз етіп отырған асхана жұмысына, тазалығына мән берді. Білім ордасының оқушылары мен ұжымы дайындаған көрмені тамашалады.
Айта кетер болсақ, Жаңаөзен мектеп-гимназиясы 2016 жылы облыс бойынша «Үздік білім ордасы» атанған болатын. Мұнда 70 педагог қызмет етсе, оның 70% жоғары білімді және бірінші санатты ұстаздар болып табылады. Мектеп мұғалімі Злиха Рахметулла 2018 жылдың «Үздік мұғалімі» иегері атанған. ҰБТ бойынша да жетістігі жоғары, қала арасында, облыстық деңгейде жоғары көрсеткішпен алға шығып, үздіктердің қатарынан көрініп келеді. Мектеп толығымен соңғы технологиялармен жабдықталған, ІТ сыныптары жұмыс жасап тұр. Осының барлығымен танысып, көздерін жеткізген халық қалаулылары білім ордасына оң бағасын беріп, білімді, ақылды ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қоса беруіне тілектес екендіктерін жеткізді.
Дарина АҚБЕРЕН Жазира АҚБЕРГЕНОВА