©
Қойны қазынаға толы жерімізден өнім алып, ел ырзығын еселеу мақсатында өңірде жұмыс жасайтын жер қойнауын пайдаланушылар бар. Алынатын өнім мен ауыз судың сапасы қандай? ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті» РММ филиалы — Маңғыстау өңірлік инспекциясының басшысы Алмагүл Салихолақызы КЕЛБЕТПЕН сұхбаттасқанымызда әңгіме осы мәселе төңірегінде өрбіді. - Алмагүл Салихолақызы, Маңғыстау жерінде қанша жер қойнауын пайдаланушылар бар? Олар өндіретін өнімнің тиімділігі қандай екендігін айтсаңыз. - Маңғыстау өңірлік инспекциясы Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2017 жылғы 27 желтоқсанындағы №125-VI Кодексінің 64-бабына сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның филиалы болып табылатындықтан заңды тексеру жүргіземіз және бірқатар жайттардың беті ашылады. Бүгінде өңірімізде барлығы 251 жер қойнауын пайдаланушы барлау мен өндіру жұмыстарын жүргізеді. Өткен жылдың бірінші жарты жылдығында Маңғыстау облысындағы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіріп отырған жер қойнауын пайдаланушыларға тексеріс жоспарына сай жер қойнауын тиімді пайдалану мәселелері бойынша тексеру жүргізіп, тексеріс нәтижесінде 5 844 150 теңге айыппұл салынды. Бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, айыппұл салынғанымен, жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс барысын талдағанымызда көптеген мәселелер қанықтық. Көкейкесті мәселелердің ең бастысы — өнімге деген сұраныстың аздығы және арзандығы дер едім. Соның ішінде әктас-ұлутасқа сұраныс өте төмен және өндіру мен жеткізу шығындарын қосқанда, одан түсетін пайда облыс бюджетіне төленуге тиісті міндетті төлемдерді төлеуге мүмкіндік бере бермейді. Яғни, бұрын текшеметрінің бағасы 5000 теңгеге дейін жететін тастың құны 2500 теңгеге дейін түсіп кеткен. Соған сәйкес жұмысшыларға төлейтін жалақы да азаяды. Ал қолына 100000 теңгеге жетер-жетпес жалақы алатын ауыр жұмысқа жергілікті жігіттер барып, белін ауыртқысы келмейтіні шындық. Сондықтан жер қойнауын пайдаланушылар Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінен келетін заңсыз, бірақ арзан жұмыс күшін пайдалануға мәжбүр. Жұмысшылар шет елдер азаматтары болғандықтан олар да, жұмыс берушілер де түрлі заңсыздықтар мен қиыншылықтарға тап болып жатады. Сондай-ақ өнімді облыс аумағында жүк көліктерімен тасымалдаудағы қиындықтар, атап айтқанда, өнім тиеген жүк көліктерінің көлік полициясы тарапынан болатын шектеу салдарынан трассада заңды жүре алмауы да бар. Бейнеу ауданынан басқа облыстағы тұтынушыларға өнімді темір жолмен жеткізуде қиыншылықтар туындап тұр. Жер қойнауын пайдаланушылардың кең таралған пайдалы қазбалар қоры бар жерлерін кепілдікке қойып, банктен несие рәсімдей алмауы да қолбайлау. Карьерге электр энергиясын тарту кезінде электр бағандары жерлерінің үстінен өтетін мал шаруашылық иелерінің электр бағандарын орнатудағы кедергілері, жер иелерінің келісім бермеуі сияқты көптеген қиыншылықтар бар. Осы кедергілер бүгін шешілмесе, алдағы 2-3 жыл төңірегінде облысымыздағы 241 карьерге жұмысын тоқтату қаупі төніп тұр. - Бұл қиыншылықтарды жоюдың жолы қайсы? Осы орайда қандай ұсыныс айтар едіңіз? - Мен ұсыныстарымды облыс әкіміне жеткіздім, қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті жұмыстар басталып кетті. Нәтиже жаман болмас деген үміттеміз. Біздің жерімізде өндірілетін тас — бағалы өнім. Алайда, біз мұны дұрыс қолдана алмай отырмыз. Тек кірпіш кесіп, сол күйі ұсынамыз. Шет елдерде осындай тастардан түрлі бұйымдар жасайды. Мәселен, алуан түрлі әсемдік заттарын, фасадтарды көркемдейтін тас жасап шығарып, түрлендіруге болады. Тасты сондай басқа мақсаттарға пайдаланғанда одан қалатын қалдықты да шашау шығармай, құрылыс жұмыстарына қажетті алинекс сияқты қоспалар, тауық фермалары үшін жем дайындауға болады. Тетігін тапқан кісіге осының барлығы мол байлық. Тек бұл кәсіпті қолға алып, жолға қою керек. - Өңірімізде минералдық-шикізат та мол ғой. - Әрине. Облыста металл емес пайдалы қазбалар — көмір, фосфориттер, бор, құрылыс тастары, кірпіш саздақтар, керамзит және бентонит саздары және басқалары бар. Бүгінгі күні ашылған кен орындарының 90%-дан астамын жер қойнауын пайдаланушылар өндіруде. Маңғыстау облысында жер қойнауын пайдалануға арналған 314 келісімшарт жұмыс істейді, оның ішінде көмірсутек шикізатына — 61, қатты пайдалы қазбаларға – 4, жерасты суларына – 5, КТПҚ–241, өндіруге байланысты емес операциялар бойынша (ОНД) — 3. Мұнай және газ кен орындары бірқатар шөгінді бассейндерге негізделген, олардың бір бөлігі бірегей геологиялық ерекшеліктерімен сипатталады. «Қазақстан Республикасының шөгінді бассейндерін кешенді зерттеу» жобасы аясында КСШ перспективалығы мен ресурстық базасына қайта бағалау жүргізілді. Облыс аумағында 3 шөгінді бассейн — Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғышлақ бар. Жалпы геологиялық болжамды ресурстар 75 миллиард тоннадан астам, алынатыны – 29 миллиард тонна. Осы болжамдарды жүзеге асыру үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекеттің қаражаты есебінен ауқымды іздестіру жұмыстары қажет. Бұл да көп ұзамай іске асады деген үміттеміз. Соьндай-ақ облыстың минералдық-шикізат базасында мыс, уран, фосфорит, көмір, стронций бойынша геологиялық барлау жұмыстары кеңейтілуі мүмкін. Қатты пайдалы қазбалар бойынша келісім-шарттары 4 компаниямен жасалды. Олар — Беке кен орнында битуминозды жыныстарды бірлескен барлау және өндіруге «Алтын КДТ» ЖШС-мен, Жездібассай кен орнының мыс кендерін және Бескемпір темір кен орнынын барлауға «Техногран-Ақтөбе» ЖШС-мен, Ақтау қаласының өнеркәсіптік аймағында техногендік минералдық түзілімдерден сирек кездесетін металдарды өндіруге «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ-мен, Жаманайрақты, Жаңаәулие, Ащысор кен орындарының минералдық тұздарын барлауға және Айт-Көкше кен орнының марганецін барлауға «Каспий» әлеуметтік кәсіптік компаниясымен (ӘКК). Бұдан басқа, жер қойнауын геологиялық зерттеуді геология және жер қойнауын пайдалану комитеті жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісім-шарттар аясында инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізеді. Маңғыстау облысында геология комитеті 2016 жылы «KazGeoNedra Group Services» Консорциумы, «Besterek Group» ЖШС нысандарын геологиялық зерттеуге шарт жасасқан. - Маңғыстауда ауыз су мәселесінің өткір екендігі жасырын емес. Өңіріміздегі су қоры және ауыз сумен қамту мәселесі жайына тоқталсаңыз. - Менің ойымша, сумен қамтамасыз ету үшін өңірде мұны 3 бағытты дамыту қажет. Бұл бағыттар — магистральды құбырлар тарту, су тұшыту станцияларын тиімді орналастыру және жер асты суын барлап, қолданысқа беру. 1-бағыт бойынша көрші Ақтөбе облысынан «Солтүстік-Айшуақ» ірі кен орнының жер асты сулары есебінен ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру ұсынылған. Кен орын Астрахан-Қиғаш-Маңғыстау құбырына дейін 400 шақырымда орналасқан, бекітілген қорлар тәулігіне 378 мың м3 құрайды. Бұл Маңғыстау облысының ауыз суға деген қажеттілігін толығымен өтер еді. Осы кен орынды пайдалану үшін су қорын қайта есептеу қажет. 2-бағыт бойынша су тұшыту станциясын ірі елді мекенге орнату, мысалы, Опорный станциясына қашықтықтағы 60 км болатын Төңірекшін жер асты кенорнынан (су қоры тәулігіне 104 мың м3) өнімділігі тәулігіне 60 мың м3 су тұшытатын зауыт салу тиімді болмақ. Бұл Боранкөл елді мекенін және ТШО мекемесін сумен қамтамасыз етеді және артылғанын Астрахан-Қиғаш-Маңғыстау құбыры арқылы Ақтауға жіберуге болады. 3-бағыт бойынша «Маңғыстау-геология» ЖШС директоры, Қазақстан Республикасының құрметті барлаушысы Автандил Гавашелишвилидің жерасты суларын зерттеу картасына сүйене отырып, талдау жүргіздім. Маңғыстау облысы бойынша 65 жер асты су кенорындарында барлық су қоры — 584,4 мың м3/тәу. Су қорын минерализациясына қарай жіктесек: минералдылығы 1г/л-су қоры 14% құрайды (82,033 мың м3/тәу.), минералдылығы 1-3 г/л-23% құрайды (133,8 мың м3/тәу)., минералдылығы 3-5 г/л- 29% құрайды (169,3 мың м3/тәу.), минералдылығы 5-10 г/л - 18% құрайды (102,7 мың м3/тәу.), минералдылығы 10 г/л жоғары - 16% құрайды (96,6 мың м3/тәу.). Жалпы бекітілген су қоры 43 кенорын бойынша — 332,459 мың м3/тәу., болжам бойынша су қоры 24 кенорын бойынша - 251,9 мың м3/тәу. Аудандар бойынша жіктесек, Бейнеу ауданында Төңірекшін, Боранкөл, Сам және 7 ұсақ учаскелер бар. Олар — Тұрыш, Сарға, Ноғайты, Қызыләскер, Ақжігіт, Оазис, Тәжен. Түпқараған ауданында Сад Дубский, Кетік, Сәубет, Қаражанбас, Батыс Таушық кенорындары бар. Маңғыстау ауданында Қаламқас, Қызылқұм, Ақмыш, Ұланақ, Куйбышев, Басқұдық, Сауысқан, Солтүстік Ақтау, Шолақтам, Ирдалы-Ақтауой, Сауран, Тамды, Ағашты Жаңасу, Торыш, Шершелі, Солтүстік Шайыр, Шайыр, Аусар, Тұщыбек кенорындары бар. Мұнайлы ауданында Құйылыс кенорыны бар. Ақтау қаласын көгалдандыру мақсатында осы Құйылыс кенорнынан, яғни МАЭК компаниясынан сумен қамтамасыз ету қажет. Сонымен, Құйылыс кенорнында барлығы 60 ұңғы қазылған, оның 22 ұңғысы пайдаланылуда, 38-і консервацияда. Техникалық су қоры жоба бойынша мүмкіндігі —43,8 мың м3/тәу., қазіргі кезге орташа есеппен пайдаланып отырғаны — 13,7 мың м3/тәу., жаз айында 20 мың м3/тәу, қыс айында -8 мың м3/тәу.. Ауыз су қоры жоба бойынша мүмкіндігі — 75 мың м3/тәу., жаз айында 50 мың м3/тәу, қыс айында - 35 мың м3/тәу. Құйылыс кенорнынан қалаға ұзындығы 50 км жер бетінде жатқан ескі құбырмен су тасымалдауда. Бұл су құбырларында қыс айында қату, жарылу қауіптері бар. Болашақта жер қойнауын пайдаланушыдан суды үнемдеу және ұтымды пайдалану мақсатында құбырын ауыстырып, жер астына көміп тасымалдау керек. Қарақия ауданында Асар, Түйесу, Жаңаөзен, Оңтүстік Маңғышлақ, Ералы, Ақотты, Оғыланды, Мыс Песчаный, Құрық кенорындары бар. Ал Ақтау қаласы маңында Шевченко және Южанка кенорындары бар. Шевченко кенорнында Шағала сауықтыру шипажайы жұмыс жасайды, Южанка кенорнында Сая санаториі салынған. Туризмді дамыту мақсатында Жаңаөзен шипажайын, Түпқараған ауданындағы Сад Дубский кенорны бойынша, онда 3ұңғыма қазылған, Ералы ауылындағы минералды ыссы су ұңғымасын, Ивушка минералды ыссы су ұңғымаларының құжаттарын талапқа сай рәсімдеп, шипажай жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Қазіргі кезде Южанка ұңғымасы жанынан Сая шипажайы салынған. Шипажайды дұрыс жарнамалап, жұмыстарын жандандыру қажет. Басқа да су кенорындарының қорын қайта есептеу, аудандарға бөлінген жер асты су кенорындарына техника-экономикалық негіздеме жасап, кенорындағы суды пайдалануға рұқсат құжаттарын рәсімдеу міндеттері алда тұр. Айта кететін тағы бір мәселе — 2015 жылы іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу қызметі жергілікті атқарушы органдарға берілгені. Қазір облыстық деңгейде сумен айналысып отырған мекеме жоқ. Сондықтан облысты сумен қамтамасыз ету, оны тиімді пайдалану және болашаққа қор есептеп, жүйелі түрде бақылау үшін су шаруашылығы мекемесін құру керек. Өңірде су шаруашылығымен айналысатын гидрогеолог мамандары жоқ екенін ескеріп, әр ауданнан озат оқушыларды іріктеп, гидрогеолог мамандығына грант бөліп оқыту қолға алынып, қатаң бақыланса деген ұсыныстарым да қолдау табатын болар. - Ақтау тұрғындарының үйлеріндегі краннан келетін ауыз судың сапасы төмен деген түсінік бар. Шыны керек, құзырлы орындар мамандарының Ақтау суының сапасы жақсы екендігін айтқанына сенбегендіктен түрлі су фильтрлерін қосып алғандар аз емес. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? - Өткен жылғы қыркүйек айында өзім үшін су сапасын тексеру мақсатында 5 түрлі жерден су үлгілерін алып, зертханаға жолдадым. 1-үлгі инспекциядағы кран суы, 2-үлгі Аквафор фильтрі, 3-үлгі Цептер фильтрі, 4-үлгі өз үйімдегі фильтрден, Cebilon фильтрі, 5-үлгі Аква Люкс кулері. Мені қатты таң қалдырғаны—4,5-үлгілер таза дистиллят болып шықты, бұл фильтрден өткен судың құрамында ешқандай минералдың жоқтығын дәлелдейді. Ал, керісінше кран суының сапасы нормаға сай келді, яғни құрамында кальций, фтор сияқты басқа да адам ағзасына қажетті минералдары бар. МАЭК мекемесі бұл судың 93% Құйылыс кенорнынан алып, оған 7% тұшытылған теңіз суын, дистиллят қосып дайындайды. Демек, МАЭК компаниясынан дайындалған ауыз су стандартқа сай, құрамында барлық минералдары бар сапалы су. Бірақ, су тұтынушыға келгенше, таза күйін жоғалтып, құрамында темір тұрбаның даттары бар лай су болып келеді. Соның салдарынан үйімізге фильтр қондыруға мәжбүрміз. Маңғыстау халқы соңғы 15 жылда түрлі қымбат бағалы фильтрлерді қарқынды пайдаланып келеді. Алайда, судың сапасы тек оның тазалығында емес екенін, оның құрамындағы минералды тұздардың адамға ауадай қажет екендігін түсіне бермейді. Сондықтан өңірде халықтың ағзасы кальцийге зәру, аурулардың басты себептері сапалы су пайдаланбағаннан да болып отыр. Сондықтан Құйылыс кенорнынан бастап тұтынушыға дейін тартылған құбырлардың сапасын жақсартса, қала халқы сапалы су пайдаланар еді. Су шаруашылығын реттеу бағытында, жақында көмірсутегі шикізаты, қатты пайдалы қазбаларды барлау жоспарын іске асыру мақсатында облыс әкімінің тікелей басшылығымен арнайы мамандандырылған тұрақты жұмыс тобы құрылды. Бұл топ құрамында өзім де бармын және осынау жауапты жұмыстың оң шешімі табылатынына сенімдімін.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА