©
Адамның өмір сүруіне керекті ең маңызды компоненттердің бірі – ауа. Оны барлық тіршілік иесі жақсы біледі. Сол ауа температурасының жылдың төрт мезгіліне сай мінезі болатыны да бізге жақсы таныс. Ал оны үнемі бақылауда ұстап, қандай да бір циклон туралы алдын ала ескертіп отыру – синоптиктердің міндеті. Осы тұста «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі Нұргүл Құрманғабыловамен алдағы ауа райы болжамы жөнінде сұхбат жүргізіп, осы саланың біз біле бермейтін кейбір тұстарымен таныс болған едік. - Сәлеметсіз бе, Нұргүл ханым! Сұхбатымыздың басында қарапайым халық үшін циклон және антициклон терминдерінің ара жігін айырып берсеңіз? – Олар – ауа райына әсер ететін үлкен атмосфералық құйындар. Циклон – төменгі атмосфералық қысым аймағы, ал антициклон жоғары атмосфералық қысым аймағы. Циклон мен антициклон арасындағы ең басты айырмашылық ауа температурасында. Циклон кезінде ауа райы жазда ылғалды, жаңбырлы, ал қыста жылы, жауын-шашынды (қарлы) болады. Антициклонда керісінше, жазда ауа райы ашық, құрғақ, ыстық болады, ал қыста аяз болады. - Ал осы циклон мен антициклон Маңғыстаудың табиғатында қаншалықты жиі кездеседі? – Маңғыстау облысына Ресейдің Еуропалық территориясы, Қара теңіз жағалауы және оңтүстік Каспий аймағынан жылжыған циклондар әсер етеді. Маңғыстауда соңғы уақытта қатты нөсер жауынның жиі жаууы Қара теңіз жағалауынан жылжыған циклондардың әсерінен болып жатыр. Қыста Сібір антициклондарының әсерінен қатты аяздар байқалады. Олар, әсіресе, облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде ұзақ сақталған. - Таяуда интернет желілерінде Қазақстанда өте қатты боран болатыны жөнінде хабарлар көрініс берді. Оның Маңғыстауға қатысы бар ма? - Қазгидрометтің ресми сайтында республика бойынша ақпарат таратылады. Алдағы күндері болжам бойынша Маңғыстау облысында кей жерлерде жауын-шашынды, тұман күтіледі. Желдің жылдамдығы 9-14, кей жерлерде екпіні 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде 2 градус аяз, кей жерлерде 5 градус аяз, күндіз 5-10 градус жылы, облыстың солтүстік-шығысында 0 градус шамасында болады. - Маңғыстау облысында сіздердің орталықтарыңызға қарасты ауа райын бақылайтын қанша нүкте бар? – Маңғыстау облысында 11 метеорологиялық станса, 2 автоматтандырылған метеостанса (Жетібай, Болашақ) және 4 гидробекет бар. Олар Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы және Түпқараған аудандарында орналасқан. Барлық гидрометеорологиялық стансалар соңғы үлгідегі құрылғылармен және интернет желісімен қамтылған. Барлық метеорологиялық станциялар автоматтандырылған. – Олардан қандай мәліметтер түсіп отырады? – Метеорологиялық стансалар үш сағат сайын ауа температурасы, топырақ беті температурасы, жел жылдамдығы мен бағыты, ауа ылғалдылығы, атмосфералық қысым және атмосфералық құбылыстарға бақылау жасайды. Гидробекеттер алты сағат сайын судың температурасы, теңіз деңгейі, толқын биіктігі және бағытына бақылау жасайды. Автоматтандырылған метеостансалардан әр минут сайын үздіксіз ауа райы туралы мәліметтер түсіп отырады. – Ауа райы күрт өзгерер болса, бұл малшаруашылығына, шалғайдағы өндіріс орындарына, сапардағы жолаушыларға оңай тимесі анық. Сіздер бұл жөнінде аудан орталықтарымен байланысып, ескертулер жасайсыздар ма? – Ауа райын болжаудағы мақсат – өндіріс орындарында, ауылшаруашылық және адам өміріндегі шығындардың алдын алу және оларды болдырмау. Осыған орай Ақтау қаласы мен облыс бойынша қысқа мерзімді яғни 2-3 тәуліктік ауа райы болжамдарын жасау арқылы болжамдардың барлық түрлерін есепке ала отырып қолайсыз метеорологиялық жағдайлар бойынша, ауа райының қауіпті және апатты гидрометеорологиялық құбылыстарын, сондай-ақ ауа райының күрт өзгеруі туралы ескертулерді хабарландыру кестесіне сәйкес аудандарға міндетті түрде хабарлаймыз. – Ұялы телефондарға «Маңғыстау облысында көк тайғақ, боран, жел болады» деген секілді хабарлар келіп түсіп жатады. Ол ақпарат тұрғындарға кім хабарлайды? – Қауіпті құбылыстар жөніндегі ауа райы болжамы жасақталған кезде Маңғыстау облысы бойынша дауылды ескерту хабарламасын облыстық төтенше жағдай департаментіне жібереміз. Олар 112 нөмері арқылы халыққа таратады. – Маңғыстау бірден-бір теңізді түбек болғандықтан, айдын төсіндегі ахуал да назарда ұсталатын шығар. Теңіз төскейінде табиғат дүлейлеріне байланысты болған оқиғалар бар ма? – Ондай оқиғалар болған жоқ. - Түрлі телеарналар ауа райы туралы әртүрлі ақпарат беретіні неліктен? – Олар ауа райы болжамын әртүрлі сайттардан алуы мүмкін. Негізінде ауа райын болжаушылар әкімшілік, төтенше жағдай басқармасы және билік органдарына, сонымен қатар келісімшарт жасасқан мекемелерге күнделікті ауа райы туралы мәлімет жіберіп отырады. – Біздің Ақтау көшелерінде бірнеше жерде орналасқан таблоидтарда ауа райы туралы деректер неге әр қилы? – Ақтау қаласындағы көшелерде орналасқан таблоидтардағы ақпараттар жоғарыда айтып өткендей әртүрлі сайттардан алынуы мүмкін. Оларды қадағалау біздің құзырымызға жатпайды. – Сіздерде материалдық-техникалық база және мамандармен қамтылу жағы қалай? – Біздің орталығымызда материалдық-техникалық базалар толық қамтылған. Атмосфералық ауа райын болжау барысында аэросиноптикалық карталарды, «Еуропалық орташа ауа райы болжамы» (ECMWF) моделі, бұлттылық пен ауа райын болжау үшін спутниктік ақпараттар пайдаланылады. Спутниктік ақпарат бұлтты массивтердің жылжу бағытын болжауға толық мүмкіндік береді. Ауа райы болжамы бөлімі жоғары білімді мамандармен қамтылған. – Қазір нарықтық заман екені белгілі. Сіздер кез келген мекемелерге ауа райы туралы ақпараттарды тегін бересіздер ме, әлде, ақылы ма? – «Қазгидромет» РМК шаруашылық жүргізу құқығындағы мекеме болғандықтан, тек жергілікті әкімшілік және билік органдарына тегін беріледі. Басқа тұтынушыларға келісімшарт арқылы ұсынылады. – Сұхбатыңызға рақмет!Айгүл ОРЫНБАЕВА