©
Мұнайлы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында үшінші сайланған аудандық мәслихаттың кезектен тыс отыз бесінші сессиясы өтті. Жаңа жылдың алғашқы сессиясына аудан әкімі Рахат Елтизаров және оның орынбасарлары, ауыл мен ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ұйымдар мен мекеме жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия төрағасы №1 сайлау округінен сайланған депутат Айларбек Ширшикбаев жүргізген халық қалаулылары жиынының хатшылық құрамына №8 сайлау округінен сайланған депутат Гулжанат Конысбаева мен №7 сайлау округінен сайланған депутат Болат Дюсалиевтер сайланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Мұнайлы ауданы әкімі аппаратының басшысы Еркін Оспан «Мұнайлы аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» баяндамасын жасады. Депутаттар баяндаманы тыңдаған соң Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы заңының 6-бабының 1-тармағының 7-1) тармақшасына және Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 10-бабының 3-тармағына сәйкес бірауыздан шешім қабылдады. Сөйтіп Мұнайлы аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының жаңа мүшелері сайланды.
Сессиядағы екінші мәселе аудандық мәслихаттың отыз алтыншы сессиясының төрағасын сайлау туралы болатын. Бұл мәселе де депутаттар тарапынан қаралып, аудандық мәслихаттың келесі отыз алтыншы сессиясының төрағасы болып №3 сайлау округінен сайланған депутат Битан Сәдуақас сайланды.
Халық қалаулылары жиынының соңында сөз аудан әкімі Р.Елтизаровқа берілді. Ол аудан үшін маңызы жоғары мәселені қарап, оңды шешім қабылдаған депутаттарға өз алғысын айтты. Алдағы уақытта да осындай мәселелерді талқылап, ел үшін тиімді шешімдер қабылдауда бірлесе жұмыстануға шақырды.
Д.ХАНСҰЛТАН