«Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз ер өлмейді» дейтін дана халқымыздың ішінде талайлы тағдырды кешкен жандар аз емес.
1920-1930 жылдары сыбай түрікмен жұртына ел жабыла көшкен кез еді. Жер жұлынын үзердей жосылған қараның біразы жол бойында түрлі себептермен ажал құшқан. Осы секілді оқиғаның бірінде әке-шешесінен қоса айырылған ол болжаусыз, құйындай айдаған тағдырдың жазуымен Алтай өлкесіндегі жетімдер үйінен бір-ақ шығады. Баяндағалы отырған адамымыз Айберген Жүзбаев 1920 жылы 15 қаңтар күні дүниеге келген. Алтай өлкесіндегі жетімдер үйінде жүрген шағында орыс кемпірі асырап алып, одан соң балалық шағында бал сатумен нәпақасын тапқан екен. Екі сыныптық қана біліммен қалған бозбаланы 1942 жылдың қыркүйегінде әскер қатарына шақырып, қан майданның ортасына жібереді. Екінші дүниежүзілік соғыстың (Ұлы Отан соғысы деп айтылмайды) үшінші Беларусь жерінде болған. Зобалаң мен дүрмектің кермегі адам баласын шалмай қоймайтыны белгілі. 1944 жылы оң аяғының тобығын оқ тесіп, дереу госпитальға жөнелтіледі. 1945 жылдың 17 тамызында жеңістен кейін әскер қатарынан босатылып, қарақалпақ жеріне қоныс аударады.
Айта кетер тағы бір оқиға – госпитальда жатқан шағында Төреғали есімді қазақ жігітімен араласып-құраласып, жақын дос болып кетуі. Сол құрдасының іздестіруімен қарақалпақ жерінде Патша есімді немере апасын тауып, қауышады. Бір қызығы, немере апасына хабар жеткенде, ол кісі «арқасында үлкен қалы бар болса, расыменен менің інім болғаны» деп жауап беріпті. Расында да арқасында үлкен қалы бар екен. Бұл да бір өмірдің ғажап тұсы дерсіз.
Ардагер жұбайы мен қызын ертіп атажұрты Маңғыстау өлкесіне 2008 жылы Түрікменстанның Ташауыз облысы, Көнеүргеніш жерінен көшіп келген. 60 жыл отасқан жұбайының қайтқанына да біраз уақыт өтіпті.
Соғыс ардагерінің кеудесін ерлігі үшін еленіп берілген 20 шақты медаль көмкерген. «Жоғалғандары қаншама...» деп қызы Қалампыр Жүзбаева бір әзілдеп қойды.
https://youtu.be/1QhgtHqDAXYБүгіндері соғыс ардагерлері республика көлемінде уақыт зымыраған сайын азайып барады. Ардагердің 99 жасқа толған мерейлі мерекесіне Ақтау қалалық әкімдігінің өкілдері құтты болсын айтып, сый көрсетті. Ерін елеген ел өрлейтіні хақ.
- Түрлі көмектер мен жәрдемақыларды уақытылы алып отырмыз, десек те біршама көмек керек екені жасырын емес. Абзал Меңдібаев пен Абат Өрісбаев секілді лауазымды, атпал азаматтар қол ұшын созып, көмек көрсетіп тұрады. Үлкен алғысымды айта отырып, әлде де облыс әкімшілігі сәл демеу білдірсе екен деймін. Ардагерлеріміз онсыз да саяқтанып барады ғой, - деп ардагер атамыздың қызы Қалампыр Жүзбаева көңілін білдірді.
Жетімдікті, соғысты көрген ардагеріміздің қайраты бүгінге өнеге. Өнегелі елдің өресін танытқан ардагерлерді ұмытпау – ұрпаққа парыз деп білеміз.Мадияр ТӨЛЕУОВ, Суреттерді түсірген Талан ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69470,69468"]