©
1958 жылдан бастап Маңғыстау мұнай өндіріс саласында алғашқылар болып жұмыс атқарған. 1961 жылы желтоқсанда алғашқы мұнай фонтанын атқызушылар сапындағы тарихи тұлға. Бұрғышының көмекшісі, бұрғышы, бұрғышы шебері, бұрғылау жұмыстарының барлық сатысынан өтіп, 1978 жылы УПТОиКО мекемесінің бастығы болып жұмыс атқарады. 1995 жылдан зейнетке шықты.
Қазақстан мұнайының 119 жылдығы Жаңаөзен қаласының 50 жылдығымен ұштасып отыр. Бұл өңірдің байлығын алу, оны өндіріп, пайдаға жарату оңайлықпен келген жоқ. Мұнда тұтас бір дәуір ұрпақтарының маңдай тері мен ерен еңбегінің ізі сайрап жатыр. Табиғаты қатал «Тайғырдың дөңі» деп аталатын бұл өңірде абзал азаматтардың еңбегінің жемісі болып саналатын мұнайшылар астанасы - Жаңаөзен қаласы түбек картасының нақ төрінен орын алды...
«Біткен іске сыншы көп» дегендей, қаламызға келіп қоныстанған кейінгі буын тұрғындары бұған мән бере бермейді. Олар егіні бітік шыққан алқапты өңірдей сезінеді. Жазы қолқаңды бітеп тастарлықтай шаң араласқан ыссы аптапты желі мен қысы қарлы бораны аралас сүйегіңнен өтерліктей аязды аймақты игеру қиындықтарын бастап өткізген азаматтар ғана біледі. Солардың бірі – «Өзен» кенорнын игерушілердің алғашқы қарлығаштары қатарында болған Қартбай Жалғасбаев.
Қартбайдың ата-анасы Өзен ойында мал баққан қарапайым шаруа адамдары болатын. Отызыншы жылдардың ашаршылығы мен азапты кезеңдері бұл отбасына да зардабын тигізді. Күнкөріс қамымен көпшілікке ілесіп, олар Қарабұғаз өндірісіне барып паналады. Апалары – Ақбөпе мен Бөпеханды және жас Қартбайды қатарынан кем қылмай өсіру үшін әкесі бұрын істемеген кәсібі болса да күнкөріс қамымен сульфат өндірісіне орналасты...
Елуінші жылдардың аяғында Маңғыстау мұнайының дабылы жер-жерге тарады. Түбек байлығын игеруге жан-жақтан азаматтар қоныс аударып келіп жатты. Солардың алдыңғы легінде Қартбай да болды. 1958 жылы Таушықтағы кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, мамандық алып шықты. Содан Форт-Шевченко қаласындағы бұрғылау кеңсесіне жұмысқа орналасып, Түбіжіктегі барлау-бұрғылау мекемесінде агрегат машинисі болып істеді. Соңынан, Түбіжіктегі терең бұрғылауға бұрғышының көмекшілігіне ауысты.
Алғашқы өмір сабағын терең бұрғылаудан бастаған Қ.Жалғасбаев түбектің барлық аймағындағы барлау жұмыстарына араласады. Ол өзімен жұмыстас болған азаматтарға өте риза. Қиыншылық кезеңдерде қол ұшын беріп, достық көмек көрсету – парыз. Сол тұрғыдан түбектегі бұрғылау жұмысының әліппесін бірге бастаған жұмыстас достары моторист Бітім Қыдырбаевты, бұрғышының көмекшілері Нұрберген Көшкімбаевты, Әбілбай Медеуовты, Болат Қарамұрзаевты туысындай қадірлей білді. Өмір сабағы оларды достастырды, еңбекке шынықтырды. Бұл күндері кейінгі ұрпақ сол еңбектің ырзығын көріп отыр.
... Доссордағы кәсіптік техникалық училищенің үш айлық курсын бітіріп, бұрғылаудың білікті маманы болып шықты. Түбіжіктегі және Қошанай алаңындағы, Өзен маңындағы терең бұрғылау жұмыстарында Леонид Бурлаковпен (кейінде ол сенатор), Демесін Арғынбаевпен, Тынышбай Опиевпен, Михаил Кулебякинмен, А.Александровпен, Сағит Батгутдиновпен бірге жұмыс жасап, терең бұрғылау жұмыстарының майталман маманы болып шықты. Сол кезде олар негізі тұрағынан 30-35 шақырымдай қашықтықтағы бұрғылау қондырғыларын вахтаға бару үшін жазда трактормен, қыста шанамен қатынайтын.Бұрғылау қондырғысына қажетті құрал-жабдықтар Ресейдің түкпір-түкпірінен теңіз арқылы алдымен Баутино портына, содан соң автокөлікпен бұрғылау алаңдарына тасылатын еді.
Алпысыншы жылдардың басында Өзен кенорнын игеру басталды. Өзен учаскесіндегі барлау бұрғылауында Есенбет Есбергенов «Газ-51» маркалы оперативті машинасымен жұмыс жасады. №2 терең бұрғылау алаңында Қартбай Жалғасбаев Михаил Кулебякинмен, Александр Губановпен, Ершуақ Қыдырбаев ақсақалмен, аға геолог Жарылғасын Дәуітовпен өмірдің қиындығына ортақтасып, кенорынды игеру бағытында еңбек етті. Жұмыстас достары Ж.Дәуітовтың білгірлігіне, алғырлығына таң қалып, оны қатты сыйлайтын. Бұрғылау саласының бас маманы ретінде оның еңбегін өте жоғары бағалайтын.
1963 жылы Өзен ойындағы тау басына орналасқан №22 терең бұрғылау ұңғысының бұрғышы шебері болып Қ.Жалғасбаев тағайындалды. Ұжым құрамында әртүрлі ұлт өкілдері еңбек етеді. Түрікменой, Асар, Өзен маңындағы алаңдарды терең бұрғылайды. Бұл кезде Өзен бұрғылау мекемесі құрылған еді. Оның бастығына Шахраманов, бас инженерлігін С.Д.Саркисов тағайындалды. Олар бұрғылау жұмыстарын жан-жақты меңгерген мамандар болатын. Жас бұрғылау шебері Қ.Жалғасбаев бригадасы табыс биігінен көріне білді...
1965 жылы Мәскеу қаласында бұрғылау шеберлері озаттарының слеті болып өтті. Бұған Қ.Жалғасбаев та қатысады. Жан-жақтан жиналған мамандар бас қосып, өзара тәжірибе алмасады. Бұлар «ВДНХ» қонақ үйіне орналасып, Мәскеудің тарихи жерлерін аралайды, мәдени орындарын тамашалайды. Министр Шашиннің өзі қабылдап, еңбек озаттарына бағалы сыйлықтар табыс етеді. Бұл Қартбай өміріндегі естен қалмас сәтті кезеңдердің бірі еді.
1968-1978 жылдары Өзен бұрғылау кеңсесінде (кейіннен Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасы) бұрғылау алаңдарындағы түнгі жұмыстар шебері, цех бастығы, жерасты ұңғыларын жөндеу мекемесінің бастығы сияқты жауапты учаскелерінде еңбек етеді. Одан кейінгі кезеңде өндірістік-техникалық жабдықтау басқармасын басқарады. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, Қартбай Жалғасбаев «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» және «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалімен, министрліктің және бірлестіктің құрмет қағаздарымен марапатталып, «Мұнай өнеркәсібінің озаты» белгісі және «Маңғыстау мұнай бірлестігінің ардагері» құрметті атақтарына ие болады. Жаңаөзен кенорнының игерілуі оның көз алдында өтті. Сонау Қызылсайдағы жертөле үйлерден бастап, бүгінгі сәулетті Жаңаөзен қаласының даму кезеңі Қартбай өмірімен сабақтас. «Ұлын ұяға, қызын қияға кондырған» өнегелі отағасы Қартбайдың ұрпақтары бұл күндері өнеркәсіптің әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
Жалғасбаев Қартбай 2013 жылы 78 жасында қайтыс болды.
Асылбек АЙДАРОВ, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы