©
Ұлттық, халықтық сипаттың негізгі өзегі сол ұлттың ғасырлар бойы жиып-терген рухани мұраларында жатыр. Олай болса, біз бәріміз бір негізден жаратылған адамзаттың ұрпағы екенімізді мойындай отырып, өзіміздің ұлттық дара бітім-болмысымыздан да алшақтай алмаймыз. Ұлттық ерекшелік жойылған жерде адамның идеалды кейпі жоғалады, ұлттық белгілер, эталондар құнсызданады.
Бірыңғайлықтан жалыққан адам баласы түптің түбінде тұлғалық даралыққа, ерекшелікке ұмтылары сөзсіз. Бұндай даралық әрбір ұлттың материалдық мәдениетінде ғана емес, материалдық емес, яғни рухани мұраларында, атап айтқанда салт-дәстүрінде, тілінде, әдет-ғұрпында, өнерінде жатыр.
Жаппай ғаламдастыру топанында ұлттық «МЕН-імізді» сақтап қалудың бірден-бір жолы – мәдени-рухани мұраларымыздан айырылып қалмау. Ата-бабаларымыздың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген өршіл рухы басын алдырса да, рухани мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, бізге жеткізді. Ал біз осы аманатты кейінгі ұрпаққа шашау шығармай жалғастыруға дайынбыз ба?
Біз «жасанды интеллект» жетістіктерін тамашалап жүргенде, ұлтымыздың «шынайы интеллект» жәдігерлері көзден де, көңілден де тасаланып, иесіз қалып жатырған жоқ па?!
Біздер, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ұжымы, облыстық мәдениет басқармасының тапсырысымен бірнеше ғылыми-ізденіс жобаларын орындадық, бірлесіп халық аралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткіздік, әдеби жинақтар, конференция жинақтарын шығардық.
«Қырымның қырық батыры» жырлар цикліне және осы мұраны жырлап жеткізуші М.Сеңгірбек ұлына арналған бірнеше рет аймақтық, республикалық, халықаралық конференциялар өткізілді. Ұлы мұраны ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұралар» тізіміне енгізу жөнінде ұсыныстар беріліп, мәдениет басқармасының күшімен құжаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қаламыздағы гуманитарлық колледжге М.Сеңгірбекұлының есімі берілді. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранты бойынша ғылыми жоба орындалып, «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінің маңғыстаулық іздері» бейнеролигі түсірілді.
Бұл бағдарлама ұлттық руханиятымызды түгендеудің алғашқы кезеңі болды. Негізінен іздеу, табу, жинау, жүйелеу, жарыққа шығару бағытындағы жұмыстар жүргізілді.
Барымызды жинадық, таптық, шығардық. Бірақ сол бай мұрамызды әрі қарай қалай сақтаймыз, жаңа буын жас ұрпақтың санасына қалай сіңіреміз, жаһандық әлеммен қалай жанастырамыз деген алаңдаушылық ұлт жанашырларының көкейінде тұрғаны сөзсіз еді. Осы орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Мақаланың ең маңызды тұсы – ұлттық код, ұлттық сана, ұлттық сананы жаңғырту, жердің киесі мен елдің киесін ұлықтау, елге тұтқа азаматтардың мәртебесін асыру, әлемдік маңызы бар ғылыми оқулықтарды қазақ тілінде «сөйлету», қазақ тіліне «әлемдік ақпараттық» мәні бар латын графикасын қолдану сияқты өзекті мәселелерді көтеруінде болды. Әрине, елдің игілігін көздеген бастапқы идея қай кезде де құнды болып саналады, ал оның одан әрі жүзеге асырылуы барлық уақытта ойдағыдай бола бермеуі мүмкін, тіпті жаппай даурығуға, науқаншылдыққа айналып кетуі де ғажап емес. Бірақ бастапқы ой қалай да құндылығын жоғалтпайды. Алғашқы даурығу, қызуқандылық басылғаннан кейін адамдар салқын қанды сабырлы мақсатпен жұмыс жасай бастайтын болуы керек.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын Маңғыстау облысында жүзеге асыру бойынша өңірлік сараптау кеңесінің ғалым хатшысы ретінде жобаларды талқылауға қатысамын. Олардың қатарында өлкеміздің мәдениетіне, әлеуметтік жағдайына үлес қоса алатындай маңызы бар жобалармен қатар, белгілі бір ұйымдардың ағымдық жұмыстары да жоба ретінде ұсынылып жатады. Іс-шаралар жоспарын толтыру мақсатында ұсақ-түйек күнделікті шаралар да «Рухани жаңғырудың» аясына еніп кетеді. Осылайша жаппай науқаншылдыққа ұрынатын кездеріміз жоқ емес. Бірақ бағыт пен ниет дұрыс.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осы науқаншылдықты саябырсытып, салқынқандылықпен мақсат құрып, нақты жұмысқа бет бұруға бағыт береді деп ойлаймын. Өзіміздің кім екенімізді еске салады. Кім көрінгеннің жетегінде не болса, соны мақсат қылып қуалай беретін тұрақсыз әрекеттің иесі емес, салиқалы жұртпыз дегенді ұқтырады.
Мақалада «Ұлы даланың жеті қыры» – қазақ руханиятының негізін құрайтын жеті түрлі құндылығы мәселе ретінде көтеріліп, осы мәселені шешудің нақты жобалары көрсетіледі. Соның бірі – «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы». «Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады. Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет», – дейді.
Осы орайда түркі халықтарының алтын дәуренінің поэтикалық шежіресі болып табылатын «Қырымның қырық батыры» жырлар циклі туралы Маңғыстаудың асыл перзенті Серікбол Қондыбайдың мына пікірі еске түседі: «Қырымның қырық батыры» – дала көшпенділерінің дүниетаным әлемінде Манас, Алпамыс, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Қорқыт, Көроғлы сияқты алып жырлар қатарында тұр. Бірақ оны насихаттау өте төмен деңгейде. «Қырымның қырық батырын» Маңғыстау жеріне орнықтырудың бір жолы – Маңғыстау мен Үстірттің мәдени ескерткіштер мұражай қорына ұқсас немесе қоғамдық ұйым құрып, әртүрлі тақырыптық материал жинақтап, ұлттық, мемлекеттік деңгейде «Қырымның қырық батыры» атты парк ұйымдастыру... Осындай мұражай ұйымдастырып, қырық батырдың ескерткіштерін немесе жырдың жеке оқиғаларының мүсіндік композицияларын ашық аспан астын да орналастыруға болады» деп жазған еді. Бұдан 14 жыл бұрын қағазға түскен Серікболдың елдік арманының шындыққа айналатын кезі келген тәрізді. Елбасы көрсеткен Ұлы даланың бай фольклорлық мұрасын, поэтикалық сарынын, сұлу тілін, батырлық, ерлік, мәрттік, кісілік, патриоттық, киелілік рухын бір бойына жинаған эпостарымызды, ертегі, аңыздарымызды насихаттаудың, оны елдің, жердің киесімен байланыстырудың жарқын үлгісі Маңғыстауда жасалуы тиіс. Ертегілер мен жырлардағы қаһармандар, олар жүріп өткен, соғысқан, қорғаған, қуанып, қайғырған жер атаулары қиял ғажайыптан емес, нақты өз жерімізден, өз ауылымыздан табылатынын сезіну жас ұрпақтың санасында үлкен мақтаныш, жерге деген махаббат, жауапкершілік қалыптастыратыны сөзсіз. Келер жылы «Қырымның қырық батырындай» рухани байлығымызды Сыпыра жыраудан, Өгізбай жырау мен Нұрым, Қашағандардан алып қалып, халқына аманаттап үлгерген Мұрын атамыздың 170 жылдығы қарсаңында ұлы жырды қасиетті Маңғыстау жеріне «киелендірудің» (Серікбол) сәті түсіп тұрған сыңайлы.
Елбасы мақаласында: «Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек. Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады» деп далалық мұраны ұрпақ жадына тоқудың заманауи жолдарын да көрсетіп өтеді. Осы орайда халқымыздың философиялық ойлау жүйесі мен шешендік сөз үлгісін танытатын жыраулық поэзияны «компьютерленіп» бара жатқан жас ұрпаққа қалай сіңіру керек деген ой туады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Астанада өткен кезекті семинарда біз «Жеті асыл сөз» жобасын ұсындық. Жоба бойынша Маңғыстау дан шыққан 7 жыраудың «дүние жаратылысы», «ерлік рухы», «ақындық», «атамекен» тақырыптарындағы жыртолғауларын ЮНЕСКО-ның 6 тіліне аударып, суретті сувенир кітапша етіп шығару, жыр мазмұнындағы оқиғалар мен суреттемелерге, жыр астарындағы діни-мифологиялық танымға арналған бейнефильм түсіру көзделген. Жоба ҚР Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А.Балаеваның алдында қорғалып, қолдауға ие болды. Осы сияқты өңірлік сараптама кеңесінде қорғалған Ш.Есенов университеті ғалымдарының Маңғыстаудың киелі географиясын, Жібек жолы керуен сарайларын, мифологиясын, жыраулық дәстүрін, тарихи тұлғаларын, экологиялық проблемасын зерттеуге арналған 20-дан астам ғылыми жобалар қолға алынып, сәтін салған күні ол мәселе де шешілер. Ең бастысы: «ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп мақалада айтылғандай, қасиетті даламыздың үні де, көзі мен құлағы да болған асыл мұраларымыздың жаһанданудың топанына жұтылып кетпей, жаңа жағдайда ұрпақ жадында қайта жаңғыратындай мүмкіндікке ие болуы.
Үстіміздегі жылы «Рухани жаңғыру» аясында облыс әкімі Е.Тоғжановтың тапсырмасы мен Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы ұйымдастырған кешенді экспедициясына қатысқан этнограф ғалымдар: «Этнотуризмді дамыта отырып, өңір этнографиясын практикалық зерттеу Маңғыстау өңірін «этнографиялық аймақ», «қазақы аймақ» ретінде тануға толық мүмкіншілік береді», – деп атап көрсетті. Экспедиция барысында Маңғыстаудың жерасты мешіттері, ежелгі порттары, тарихи қабірлеу орындары, шыңырау құдықтары, этнографиясы зерттелді, Ресейдегі Маңғыстау тарихына қатысты құжаттар көшірмеленіп, талдау жүргізілді. Қазақ танымындағы жылқы культі, түркілердің тарихи этногенезін құраған сақ, массагет тайпалары мәдениетінің іздері, ежелгі металл өндіру, өңдеу, қолдану белгілері, қазақ халқының қалыптасуындағы Алтын Орда мәдениетінің орны, қазақтың киіну, тамақтану, қарым-қатынас этикеті, ұлттық, халықтық кәсіп түрлері, өнері өзінің ежелгі болмысымен заманауи өмірге қалай жалғасқанын көрсететін қаншама деректерге куә болдық. Енді, міне, Елбасының мақаласынан кейін «біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты» осынша деректерді насихаттаудың, ел игілігіне айналдырудың жаңа қырын бағамдауға мүмкіндік туған сияқты. Осы мақалада көрсетілген жобалар алдағы жұмыс тарымызға бағдаршам болатыны сөзсіз.
Бибайша НҰРДӘУЛЕТОВА, ф.ғ.д., профессор