Адамдардың бос уақытында саяхаттауы, серуендеуі, яғни, белсенді демалыстың бір түрі саналатын туризм саласының алдымен көздегені–халықтың денсаулығын жақсарту, күш-қуатын қалпына келтіру. Туризм — жекелеген адамдардың, елдердің қарым-қатынасын, танымдық қабілетін арттырып, мәдениет пен өнердің дамуына, ел экономикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосып, ел мәртебесін әлемге танытуға мүмкіндік беретін сала. Ал мемлекеттің экономикасына қосатын үлесі ұшан-теңіз.
Бүгінде пайдалы қазбалар қоры, кен орындары жоқ мемлекеттердің көпшілігі туризмді дамыту арқылы үлкен пайдаға кенеліп отырғаны белгілі. Оның ең басты сыры — шет елдерден келетін туристер арқылы сол мемлекетке валютаның құйылуы. Қазақстан Республикасында алғаш рет 1992 жылы «Туризм туралы» заң қабылданғалы бұл сала күннен күнге даму үстінде. Еліміздегі туризм, әсіресе, танымдық, ойын-сауық, этника, экология, денсаулықты сауықтыру, балалар, спорт, аңшылық, балық аулау, атпен серуендеу түрлері бойынша жақсы дамыған деуге болады. Ал ішкі туризмнің дұрыс жолға қойылуы ұлттық валютамыздың шет елдерге кетпеуіне бірден бір себеп.
Таяуда Ақтау қаласындағы «Grand Hotel Victory» мейманханасында ішкі және сыртқы туризммен айналысатын ұйымдардың басын қосқан жиын болды. Алматы облысының туризм басқармасы ұйымдастырған B2B форматындағы «Workshop-Zhetysu-Travel-2018» деп аталған жиында сөз алған Маңғыстау облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы Гүлсім Жариева алматылық әріптестеріне ризашылық білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Алматы облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Оразбаев облыста туризмнің дамуы жайын баяндады.
- Алматы облысы еліміздегі рекреациялық ресурстарға бай, қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі, - деді ол. - Жетiсу — әлемде теңдесі жоқ табиғи әрі тарихи орындарымен, аңыз-мұраларға, ескерткіштерге және бірегей туристік нысандарымен әйгілі. Облыс аумағында 2333 астам тарихи ескерткіш бар. Оның ішінде 7 табиғи, 4 ЮНЕСКО-мен қорғалған, 7 республикалық маңызы бар ескерткіштер болса, 1857 археология, 5 ұлттық табиғи парктер және тағы да басқа нысандар. Сонымен қатар, өңірде 700-ден астам туристік нысан орналасқан. Алматы облысында туризм индустриясының дамуының басым бағыттарының бірі–ішкі және сырттан кіретін туризмді дамыту. Тек 2018 жылы Алматы облысы 1,7 миллион туристі қабылдап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Олардың 1 миллионнан астамы Алакөл жағалауында демалған.
Бақытжан Қабдолданұлының айтуынша, туризмді дамыту және туристік бағыттарды насихаттау мақсатында биыл Астана мен Алматы қалаларынан басқа, Новосибирск (Ресей), Шаньси және Чэнду (Қытай) қалаларында Шымкентте Workshop шаралары өткен.
Ақтауда ұйымдастырылған шараның мақсаты — 2023 жылға дейін Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың тұжырымдамасын және Алматы облысында 2020 жылға дейінгі туризмді дамытудың жоспарын жүзеге асыру аясында ішкі және сырттан кіретін туризмді дамыту. Сондай-ақ ол туристердің 80 пайызы шетелдіктер екенін атап өтті.
Басқосуда «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркінің бас директоры Қалық Баяділов, «Ақ бұлақ» санаторйінің коммерциялық директоры Инна Дорош және басқа туристік ұйымдар өкілдері өздері көрсететін қызмет түрлерін, өз «өнімін» ұсынып, өз меншігіндегі ресурстар туралы ақпараттарды жеткізді. Осылайша, тау шаңғысы курорттарының, санаторийлер, ұлттық табиғи парктер және басқа да қызықты нысандардың ресми өкілдері туристік қызметтердің сатушылары (sallers) ретінде, ал маңғыстаулық туроператорлар сатып алушылар (buyers) ретінде қатысты. Екі өңірдің туроператорлары өзара тікелей диалог орнатуға мүмкіндік алды.
«Workshop-Zhetysu-Travel-2018» шарасының соңында сыйлық сертификаттары ойнатылды. Мамандардың айтуынша, бұл басқосу Алматы және Маңғыстау облыстары арасындағы ұзақ мерзімді туристік қатынастарды дамыту үшін негіз болмақ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА