©
Маңғыстау – батырлар мен әулиелердің елі, аңыздар мен абыздардың жері. Қазақ даласын ұланғайыр деп әспеттесек, қазба байлықтармен, табиғаттың сұлу көріністеріне бай деп масаттансақ, мұның түп төркінінде көк найзалы батыр бабаларымыздың ерлігі жатыр, елжандылығы жатыр, намысы мен айбыны, ары мен айбары жатыр. Тәуелсіздік күні қарсаңында елдің азаттығын аңсаған арда бабамыз, жоңғар шапқыншылығында қазақ халқының арқа сүйеген есіл ерлерінің бірі, Адай жұртын Маңғыстауға бастап келіп, отырықшыландырудың көш басында болған ерен ұл, халық батыры - Шотан Назарұлының ерлігі мен есімін ел жадында жаңғыртып, ел қорғаған батырлығын ұрпақ санасына сіңіру, олардың ұлтын сүйген ұлан болып қалыпасуына үлес қосу мақсатында танымал режиссер Доқтырхан Тұрлыбектің жетекшілігімен түсірілген «Шотан батыр» деректі фильмінің тұсаукесеріне жұртшылық, соның ішінде жастар жағы көп жиналды. Бұл мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында түсірілген болса, Елбасы кеше ғана ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылған тарихты жаңғырту, кино өнерін дамыту тапсырмасымен де сәйкес келеді. Біз өткенімізді қастерлеп, кешегімізді ұлықтап, тарихымыызды тану арқылы ғана дами бермекпіз.
Осынау тұсаукесер рәсімде шығып сөйлеген қала әкімі Әділбек Дауылбаев, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан және Шотан батыр ұрпағы, жаңаөзендік ардагер мұнайшы Майлыбай Өтебаев мінберге көтеріліп, «Шотан батыр» фильмінің түсірілу барысымен таныстырып, оның ерлік істерінің жастарға үлгі боларлық тұстарын түсіндіріп, жиналғандарды Тәуелсіздік мейрамымен шын жүректен құттықтады. «Себеппен себет арбаға мінеді» дегендей қала әкімі Светқали Нұржанға «Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына» арналған төсбелгісін тақса, Майлыбай Өтебаев та «Орамал - тон болмайды, жол болады» дегендей» өзінің азғана естелік сауғасын тарту етті.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН Көрнекі сурет сайттың архивінен