©
Кітап арқылы адамзат ақыл-ойының, інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Кітап - барлық білімдердің басын бір жерге тоғыстырып, кез-келген сәтте көмекке келетін ерен күш, әрі білімді жетілдіріп, жан-жақты ізденіп, тіл байлығын дамытып, саналы да, білімді адам шығаруда таптырмайтын, баға жетпес дүние. Кітап оқу арқылы баланың ой-өрісін кеңейтеді, ойлауға үйретеді, сөйлеу қабілетін, есте сақтауын, қиялын дамытады, танымдық және дамытушылық қызметін анықтайды.
Бостан ауылдық кітапханасына жаңадан кітаптар келіп түсті.
Құдайберді Бағашардың «Ала жіпті аттама» кітабы елдің нанын емес, жұрттың қамын жеуге, Аллаһ алдындағы аманатымызды адал атқаруға үндейтін бірден-бір кітап.
«Бесіктен бел асарға» бұл кітапта жанұяның татулығы мен жылылығын сақтау турасында пайдалы ақыл-кеңестер береді. Бұған қоса, баланы жастайынан адамгершілік пен имандылыққа, ізгілік пен діндарлыққа тәрбиелеуде қай тұстарға ерекше көңіл бөлу керектігі жөнінде тың ойлармен бөліседі.
Ә.Тұрақұлованың «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабы - бүгінгі күннің тәрбие ісіне психологиялық әрі әлеуметтік тұрғыдан үлес қосумен, бала тәрбиесін кешенді қолға алудың сан қырын ашып көрсетеді.
Н.Қайырмұхаммедтің «Апатқа апарар үш індет» кітабы - бүгінгі күні қоғамдық кеселге айналып отырған темекі, арақ, есірткінің тигізген зардаптары мен адам өміріне қаншалықты қауіптілігі сөз етіледі. Мақсат – ендігі жерде жас ұрпақтың бұлармен улануына жол бермеу. Барша оқырман қауымға арналған бұл кітап арнайы әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне, статистикалық мәліметтерге, зерттеулерге сүйенумен, сондай-ақ адам сезімін селт еткізетін мағыналы әңгімелерімен қатар имандылық жағын қоса сөз етуімен де құнды.
М.Жұмадиллаеваның «Пайғамбарымыздың аяулы қызы – Фатима», сондай-ақ кітапханаға К.Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт!», Қ.Қалиеваның «Бақыттың кілті - әйелде!», З.Ахметованың «Күретамыр», «Бабалар аманаты», Л.Сұлтанқызының «Әйел құпиясы», М.А.Қанғанның «Жұбайлар шаттығы», тағы да басқа кітаптар келіп түсті. Келіңіздер, көріңіздер! Кітап нәрімен сусындайық!
Базаргүл НҰРҒАРАЕВА, Бостан ауылы