Биыл Маңғыстаудың емдеу-сауықтыру мекемелеріне 141 жас дәрігер келіп, еңбек жолын бастады. Олардың 93-і Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін бітірген болса, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінен–16, Астана медицина университетінен – 16, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінен – 5, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясынан – 3, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен – 3, Қазақстан-Ресей Медицина университетінен – 4 және Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінен – 1 дәрігер Маңғыстау өңіріне қадам басты.
58 жас маман Ақтау қаласында, 28 маман Жаңаөзен қаласында алғашқы еңбек жолын бастаса, Мұнайлы ауданына – 17, Түпқараған ауданына – 3, Маңғыстау ауданына – 7, Қарақия ауданына – 5, Бейнеу ауданына – 9 жас маман бөлініп, сол жерлерде жұмыс істеп жүр.
Облыс орталығындағы «Достық» үйінде «Жасампаз күш, жаңа серпін!» жастар форумы өтті. Салтанатты шара үстерінде ақ желең, иықтарына «Жас маман-2018» деген лента тағып, қолдарына «Жас маман-2018» деген жазуы бар статуэтка ұстаған жас дәрігерлер сахнаға шығып, дәрігерлік ісіне адал болуға ант беруімен басталды.
Облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов жас дәрігерлерге тыңдағанды тебірентерліктей жылы, жігер берердей қуатты сөздерін арнап, қадамдарына құтты болсын айтты.
Бала туу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орынды бірнеше жыл бойы иемденіп, халқының саны жылдан-жылға артып келе жатқан Маңғыстау облысында дәрігер мамандарының тапшылығы жоқ емес. Әртүрлі бейіндер бойынша дәрігерлердің жұмысқа кірісуін соны серпіліс десе де болғандай. Жас мамандардың тұрмыс жағдайын басты назарда ұстаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы бүгінде 37 жас маманды тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ақтау қаласы бойынша 15 жас маманның жалдамалы пәтер ақысын мекемелері төлеп отырса, Мұнайлы ауданында 16 жас маман қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Маңғыстау ауданында 6 жас маманға қызметтік пәтер бөлінді.
Астана қаласының 20 жылдығы мерекесіне орай Қазақстанның барлық облыстарынан, және Литвадан келген командалар қатысқан III жедел жәрдем бригадаларының республикалық жарысы өткізілген болатын. Жарыста бригадалар небары 15 минуттың ішінде шұғыл көмек көрсететін жағдайлық станциялар, акушерлік көмек, анафилактикалық шок, жаңа туған нәрестенің реанимациясы, адамды политраума көмегімен құтқару сынды тапсырмаларды жылдам, әрі сапалы, тиянақты орындап шығуы талап етілді. АҚШ, Израиль, Қытай Халық Республикасы, Малайзия, Өзбекстан және басқа елдердің өкілдері тәжірибелерімен бөліскен сол ауқымды шарада Маңғыстау облыстық жедел жәрдем бригадасы өз білімдері мен дағдыларын жоғары деңгейде көрсетіп, комиссия тарапынан жоғары бағаланды. Жүлдегер бригада мүшелері— кардиобригат дәрігері Рахымжан Элтаев, кардиобригация фельдшері Самат Темирханов, Ұлболсын Жұманованы М.Сқақов марапаттады.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің жоғары санатты эндоскопист дәрігері Рыс Өсербаеваға марапат тапсырды. Мәскеудегі халықаралық колоноскопиялық чемпионатта үшінші орын иеленген Рыс Өсербаева—Қазақстаннан қатысқан жалғыз дәрігер еді. Ол жеңімпаз атанумен қатар ресейлік зерттеу институттарының бірінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Форумда Маңғыстау облысы ардагер дәрігерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Кузанов жас буын әріптестерін құттықтап, бір топ ардагерлерді марапаттады.
Халық денсаулығын қорғауға білек сыбана кіріскен ақ желеңді жас мамандар да өз тілектерін жеткізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67452,67454,67453,67450"]