Былтыр Тұңғыш Президент күні қарсаңында Таушық ауылына ауыл меценаты Айбек Қосуақов тарту еткен «Күншуақ» бөбекжайы бүгінде аудандағы білім беру ұйымдарының арасында тәрбие жұмыстарында ұлттық негізді қолдануды қолға алып, жаңалықтарымен көрініп үлгеруде.
- Балабақшаның жылдық жоспары бойынша «Халықтық педагогика» тақырыбын алдық. Соның ішінде міндеттеменің бірі ретінде асық технологиясын енгіздік. Асық технологиясы дегеніміз – таза өнім әрі баршамыздың үйімізден табылатын нәрсе. Монтессориға қарағанда қолжетімді. Еш жерден сатып алмай, ата-аналарымыз өздері жинап, алып келді. Оны әртүрлі сабаққа көрнекілік құрал ретінде пайдаланамыз. Мысалы, түсін ажырату, санауға, балалардың қол моторикасын дамыту үшін моншақ ретінде жіпке тізіп, шахмат ретінде де, әртүрлі ойыншықтар орнына пайдаланамыз. Бала денсаулығына түрлі массаж үшін арнайы сатылатын кілемшелерді алмастырып, асықты табан ізімен жабыстырып жасап жатырмыз. Сергіту жаттығуларына да осы асықты ұтымды пайдаланамыз. Бояусыз таза өнім болғандықтан балалар денсаулығына әсері жоқ. Бұл әдісті біз Алматы қаласындағы №51 балабақша арқылы тәжірибеге алып, енгіздік. Түпқараған аудандық білім беру бөлімінің хатымен сол балабақшаға шығып, олардың және өзіміздің әдістеріміздің тиімді тұстарын жұмысымызда пайдаланып отырмыз. Негізінен, өзге ойыншықтар не оқу, үйрету құралдарында пайдаланылатын заттарға қарағанда 20 жылдан аса асықты қолдану еш зиянсыз. Сонымен қатар бүкіл ұлттық және спорттық ойындарды да асықпен алмастырмақпыз. Оның ішінде «Ханталапай», «Асық ату» ойнатылады. Алдағы уақытта өз тәжірибеммен бөлісіп, өзге де мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына арнайы семинар өткізсем деген де ойым бар, - деді болашақ үшін көтерілген бастамашыл идеяны ауылдың шағын балабақшасында іске асырып отырған Алмагүл Ерболатқызы.
Милана ЕЛЕУСІНОВА