Соңғы кездері елімізде спорт өнерін өрістетуге ерекше мән беріліп келеді. Елбасының әрбір Жолдауында да бұл мәселе назарынан тыс қалған емес. Елбасы бұқаралық спортты дамыту бағытында спорт кешендерін салып, халықтың кең көлемде спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік туғызуға міндеттер жүктегені баршамызға белгілі.
Бейнеу ауданында да осы мәселеге орай іске асып жатқан іс-шаралар бар. Спорт өнері жылдан жылға өрістеп, жастардың спортқа деген қызығушылығы арта түсуде. Оған дәлел, аудан жастарының арасынан облыстық сайыстарды айтпағанның өзінде, республикалық,халықаралық және әлемдік дүбірлі додаларға қатысып, жүлдегер болып жүргендер аз емес. Мысалы, дзюдодан Европа және Азия чемпионы Бауыржан Нарбаев сынды спортшылар бұл күнде ауыздарынан тастамай айтып жүретін ауылдастарымыздың мақтанышына айналып отыр. Мұндай жеңімпаз спортшы жастарымыздың қатарын әлі де толықтырып айта беруімізге болады. Бұлардың қай-қайсысы да өздерінің ерік-жігерімен жасындай жарқылдап, аудан намысын қорғап, жеңіске жетіп жүрген өрендеріміз.
Олардың қатарының әлі де толыға түсіп, арасынан олимпиада чемпиондарының шығатынына ешбір шүбәміз жоқ.
Сонымен қатар кезінде спорт өнерін жанына жалау етіп, талай дүбірлі додалардан жүлделер алып, есімі ел есінде қалып, өмірден өткен және арамызда жүрген ардагер спортшыларымыз да бар. Олардың спорттағы жеткен жетістіктері бүгінгі жас ұрпақ пен ізбасар інілеріне үлгі-өнеге болады десек, жаңылмаймыз.
Міне, осындай ардагер спортшыларымыздың бірі, тіпті бірегейі — спорттың бірнеше түрінен жүлдегер болған Үсенбай Кенбаев. Жақында осы спортшымен жүздесіп, оның спорттағы жүріп өткен жолы жайлы әңгімелесудің сәті түскен еді.
Менің сұхбаттасым Үсенбай Демегенұлы - елге белгілі азамат. Ішкі істер саласындағы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үздік милиционері» және «ҚР-ның үздік автокөлікшісі» атақтарын алып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Конституциясына-20 жыл», «Маңғыстау облысына-35 жыл» медальдарымен марапатталған еңбек ардагері.
Спорт ардагерімен арамыздағы әңгімеміздің «әлқиссасы» қазіргі кезде 60 жасты алқымдап қалған өзімен қатарлас спортшы ардагерлердің спорттағы жетістіктері, соның ішінде елдің абыройы мен ар-намысы таразыға түскен сын сәттердегі жігіттік жігер мен ерліктерінен келтіріп, айтумен басталды.
- Өзің білесің, бізбен қатар спортпен шұғылданып күрескен Нұржау Жалғабаевтың мына бір көзсіз ерлігін айтпай кетсем болмас. Өткен 1990-жылдардың басында ауданымызда Бегей батырға ас беріліп, спорттық жарыстар болды. Соның ішінде қазақша күрес те өте тартысты өтті. Бұл дүбірлі додаға жан-жақтан келген «Атан жілік, бура сан» балуандар боз кілемнің үстінде арыстанша алысып, жолбарысша шабысқаны бар. Олардың әрқайсысы өздерінің шама-шарқынша күресіп жатты. Салмағына қарай жеңіске жеткендері болды. Бір кезде түйе балуан атағын алу үшін күрес басталды. Жұрт «Кім түйе балуан атағын алар екен?» деп, екі ойлы күй кешіп тұрды. Ортаға Қарақалпақстаннан келген Шойынқара шықты. «Кәне, маған жүрегі дауалап, белдесуге шығатын кімдерің бар» дегендей сұраулы кейіппен жан-жағына көкірегін кере көз тастап тұрып алды. Шаршы алаңға көз тігіп тұрған жұрт қозғалып, «Мына дәуге қарсы кім шығар екен?» дегендей төңірекке көз тастап, толқулы еді. Көп уақыт өтпей-ақ әлгі Шойынқараның қасына Нұржау тайсалмай жетіп барып,белдесе кетті. Балуандар көпке дейін бірін-бірі аңдысып, бірін-бірі жұлқып тартып, әлекке түсті. Бір кезде Нұржаудың «Я, әруақ, атам Бекет!» деп, арыстанша ақырған дауысының естілгені сол-ақ еді, әлгі дәу көкке көтеріліп барып, жерге тау құлағандай болып, гүрс ете түсті. Көз алмай қызықтап тұрған жанкүйер қауым Нұржауды қаумалап, құшақтарына алып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Жан-жақтан «Жарайсың Нұржау!» деген қошамет сөздер жаңбырша жауып, біразға дейін толастаған жоқ. Міне, бұл — Нұржаудың бір ерлігі.
Енді тағы бір ардагер спортшымыздың ерлігін айтайын. Бұл ұмытпасам, 1980-жылдардың орта шені болуы керек. Ауданымызда кеңес заманындағы көп жылғы үзілістен кейін Наурыз мерекесі алғашқы рет тойланғанды. Осы тойда да ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, спорттық жарыстар болып, балуандар белдескен еді. Ең мықты балуандардың «Түйе балуан» атағы үшін білек түріп, бәсекеге түскен тұсы. Күрес алаңына шыққан бір шешен жігіті белдескенін алып ұрып, допша домалатып, оңынан келгенін оңға,солынан келгенді солға лақтырып, жан шыдатпай тұрды. Өзі ірі денелі жігіт екен. Төсі жүн-жүн, тау халқының таудай тумасы. Бұрын талай айқасқа түсіп, жеңіске жетіп жүрген атағынан ат үркетіндей балуан. Түр-түсіне қарағанда оған жүрек жұтқан батыр болмаса, былайғы адамның жүрегі дауалап баратындай емес, мықтының өзі. Жиналған жұрт сасайын деді. «Мұны жығып, пысын басатын жігіт шықпас па екен?» деп, жан-жаққа алаңдап қарап тұрған. Әне-міне дегенше болған жоқ, ортаға жасындай жарқылдап Опорный станциясында теміржолда қызмет жасайтын Батырхан Өсәламов деген жігіт шыға келді. Әлгі шешен жігіттің шекпенінің етегін қағып жіберген біздің Батырхан белінен мықтап ұстап алды да,көзді ашып-жұмғанша ұршықша үйіріп келіп, жерге дүрс еткізді. Осыған дейін «Абыройдан айырылып қалатын болдық-ау» деп толқып тұрған жұрт сол кезде «Жеңіс біздікі болды» деп қуанғаннан айқайлап қоя бергені әлі көз алдымда.
Міне, спортпен айналысып, күрескеннің пайдасы. Осындай елдік пен ерлік сынға түскенде сенің спорттық тұрғыдан дайындығың болмаса, абыройдан айырылып қаласың. Яғни мұндайда намысты қолдан беру ер жігітке кешірілмейтін күнә деп ойлаймын. Жігіт болған соң ар-намысың болуы керек, бұлардың әлгіндей жеңісі-ұрпаққа үлгі, - дейді жерлестеріне көңілі толғандығын жасырмаған спортшы ардагер Үсенбай Демегенұлы.
Бұл әңгімесін аяқтай бергенде мен: – Үсенбай, сен енді өзіңіздің спорт жолындағы жетістіктеріңнен хабар беретін әңгімеге көшсек қайтеді?,- деп едім ол «Онда мына жақтағы бөлмеге барып, әңгімені жалғастырайық» деп басқа бөлмеге қарай бастап келді. Кірген бөлменің бүкіл бір қабырғасын түгел алып тұрған Үсенбайдың спорттағы жеткен жетістіктерін айшықтаған дипломдар мен грамоталар екен. Ол дипломдар мен мақтау грамоталарының жанына келіп, әрбірінің тарихын жеке-жеке айтып, әңгімеледі. Соның ішінде әскери борышын атқарған жылдарда Калининград облысында әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында ұйымдастырылған спорттық жарыстарға қатысып, самбодан жаттығып, ауыр және жеңіл атлетика және қоян-қолтық ұрыс түрлерінен бүкіл полк бойынша чемпион болғанын және Павлодар қаласында милиция мектебінде оқыған кезінде спорттық нормаларын орындау барысындағы спорттық жаттығуларды жоғары деңгейде, «өте жақсы» деген бағалармен тапсырып, «Жауынгерлік самбо жөніндегі нұсқаушы» атағын алғанын айтып беріп, куәлігін көрсетті.
Әлгіндегі көзіміз көрген дипломдар мен мақтау қағаздарының қай-қайсысы да Үсенбайдың спорт өнеріндегі жетістіктерін баяндап, жүрген жолдарынан хабар беріп тұрғандай болды. Жалған құжат деуге негіз жоқ,бәрі де лауазымды тұлғалардың қолдары қойылып, мекеменің мөрі басылған, Үсенбай үшін баға жетпес құнды дүниелер.
- Сіздің ұзақ жыл қоғамдық тәртіпті сақтайтын ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарғаныңыздан хабарым бар. Жол ережесін бұзғандарды тәртіпке шақыратын МАИ және учаскелік инспектор даболдыңыз. Бұл қызметтердегі негізгі міндетіңіз жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау болғандығы белгілі. Жасыратыны жоқ, ел іші болған соң тәртіп бұзған тентек пен бұзақылық жасағандарды, мастарды, қылмыс жасап, жалтарғысы келгендерді ұстап, тәртіпке шақыру кезінде спортпен щұғылданғандығыңыздың себі тиген шығар? – деген сұрағыма ол әрине, себі тиеді. Сен тәртіп бұзғандардың, соның ішінде қылмыс жасап, жалтаруға талаптанғандардың өзінен күшті болып, шапшаң қимылдамасаң, абыройсыздыққа ұшырауың бек мүмкін. Ерекше ескеретін жағдай-қоғамдық тәртіпті сақтау саласына қызметке алған кезде талапкердің спорттық дайындығына баса назар аударылады. Спорттық жетістіктерің ескеріледі. Бұл қызметке бару үшін негізінен спорттық жаттығулардан емтихан тапсырып, сынақтан өтесің.Спорттық жағынан дайындығың жоқ, - «бос белбеу» болсаң, болмайды, опық жейсің, - дейді ішкі істер саласының тәжірибелі ардагері.
Екеуара әңгімеміз аяқтала бергенде спорт құралдары орнатылған жаттығу бөлмесіне келдік.
– Мен әлі спорт өнерінен қол үзгенім жоқ, - деді Үсенбай. Өзімнің денсаулығым үшін осы бөлмедегі спорт құралдарымен күнделікті жаттығып жүруді әдетке айналдырғанмын. Тренажерге мініп, шынықсам, - «атқа мінгендей болып», серігіп қаламын. Мен қазір 60 жасқа жақындап тұрмын. Кешегі 45 жасыма дейін жастармен жарысып, 24 және 32 келі кір тасын көтеріп, чемпион болған кездерім аз емес. Қазір аздап денсаулығым сыр беріп қалды, болмаса әлі де жастармен жарысып, жарысқа түсуден тайынатын емеспін, Әттең-ай!, - деп қолына ұстап отырған кір тасын көтермекші болып, оқталып отырды.
Әңгімені әрі қарай жалғай түскен ол: - Мен 1990 жылы қазіргі Әли Балта палуан атындағы стадионнның ірге тасын қалағандардың бірімін. Ол кезде біздің балуан атамыздың есімі беріледі деген ой түсімізге де кірмеген кезең. Осы стадион пайдалануға тапсырылғанда үлкен күрес ұйымдастырылды. Сол күресте мен «түйе палуан» атағы үшін күресіп, чемпион болдым. Сонда мына мақтау хатты сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Қуандық Нұрғалиевтің қолынан алып едім,- деді. Кейін осы стадионға Әли Балта балуанның есімі берілді ғой. Сол кезде, жарықтық, балуан атамыздың әруағы бізді қолдап, қолтығымыздан демеп жүр екен ғой, — дейді өткен жеңістерін мақтанышпен еске алған спорт ардагері.
Әңгіме аяқтала бергенде: – Үсенбай, сенің жолынды қуған балаларың бар ма? - деп сұрақ қойдым. Сонда ол: - Иә, 3 балам құқық қорғау саласында жұмыс жасайды. Олар да спортпен шұғылданады, себебі «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бар емес пе? - деді ол.
Үсенбайдың спорттан басқа да өнерлерінің барын еститін едім. Үсенбай, қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген қанатты қағиданы естіген шығарсың. Сен де «Сегіз қырлы, бір сырлы» марқасқа жігіттің бірісің ғөй. Басқа да өнерлеріңнен айтып берсең қайтеді? - деп едім, ол «Әй, басқасын не қыласың, спортымды жаза берсейші» деп ыңғай бермеді. Ниетін байқаған соң мен де әңгімені созбаламай, рақметімді айтып,осы жерден доғаруды жөн көрдім.
...Иә, шынында жоғарыда біз әңгімелеген спорт ардагерлерінің спортқа деген қызығушылығы мен жеңістері ел-жұртымыздың абыройы екендігі сөзсіз. Сондықтан жастарға өнеге болсын деп спорт ардагерлерінің жеңістерін насихаттап жүрсек, артық болмайтын шығар, сірә.
Әңгімелескен Кәрісбай ӘДІЛ