©
Қасиет иесі Бекет Мырзағұлының мешіттері Батыс аймақтарда көп салынғаны белгілі. Сол мешіттердің бірі — Маңғыстау ауданындағы Тобықты мешіті. Ел ақсақалы Есмырза Жаңбыршыұлының айтуынша, 2002 жылға дейін бұл мешіт халықтың назарына көп ілікпеді. Өйткені мешіттің іші, сырты көміліп, қараусыз қалды. Есмырза ақсақал мешіт туралы деректерді жинап, жергілікті билікке ұсынды. 2004 жылы облыстық мәдениет басқармасы бұл мешітті зерттеп, зерделеп, мемлекет қарамағына қамқорлыққа алуды ұйғарып, мемлекеттік қорыққа тіркеді. Сол жылдан бастап мешіт мемлекет қамқорлығына алынып, 2005 жылы белгілі сәулетші Сайын Назарбек ағамыз бастаған «Парыз» ЖШС мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтірді. 2007 жылдан бастап бұл мешітке халық зиярат ете бастайды.
Ал 2012 жылы аудан әкімі Ж.Айтуаровтың ықпалымен мешітке тоқ көзі тартылып, жан-жағы темірмен қоршалды, жаяу жүргіншілер жолы салынып, аудан азаматтары ел алғысына бөленген еді.
Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында аудан әкімдігінің бастамасымен, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен аудандық бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, Бекет ата мешітіне күз айларынан бері табиғи газ тарту жұмыстары жүргізіліп, күні кеше ғана көгілдір отын пайдалануға берілді.
Ата мешітіне жасалған игі істің басы-қасында жүрген аудан әкімі Ж.Айтуаров, облыстық мәслихат депутаты, ел азаматы, мұнайшы Нұрпейіс Сәрсенбайдың ұйымдастыруымен берілген садақаға аудан, облыс жұртшылығы, ата ұрпақтары көп жиналды. Шарада ақсақал Есмырза Жаңбыршы сөз алып, Н.Сәрсенбайдың иығына өзі атынан құрметтеп, шапан жапты. Бұдан соң аудан әкімі Ж.Айтуаров сөз алып, газ тартуға үлес қосқан халық қалаулыларына аудан халқы атынан алғысын айтты. Шарада қол ұшын созған азаматтар ата ұрпақтары атынан алғыс хаттармен марапатталды. "Өлі жебемей, тірі байымайды" деген осы. Аудан, облыс азаматтарының жауапты ісі әлі талай зиярат етушілердің мол сауабына қалары сөзсіз.
Өз тілшіміз