©
Биыл — Ел Тәуелсіздігіне жиырма жеті жыл. Бұл — еліміздегі ең ұлы мереке. «Тәуелсіз» деген сөздің мағынасын жете түсіне білген адамға бұл сөз үлкен күш-жігер, қажыр-қайрат сыйлайтыны ақиқат. Иә, Тәуелсіз, ешкімге бағынышты емес, зайырлы, өз тілі, діні, ділі бар Қазақстан деген елдің азаматтарымыз. Бұл біздің кеудеміздегі ең үлкен мақтаныш сезімі болу керек. Өзге елдерде орын алып жатқан неше түрлі оқиғаларды естіп жүрміз, сондықтан тыныштықпен атқан әр таңымыз үшін мың шүкір.
Мереке қарсаңында түрлі сала өкілдеріне, ардагерлерге, жастарға сауал тастаған болатынбыз...
Баянғали Төлеубайұлы, Жыңғылды ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Тәуелсіздік – Қазақстанның маңдайына жазылған ең үлкен бағы деп айтсам қателеспеймін. Өйткені көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ, уайым-қайғымыз жоқ. Ашық аспан астында өмір сүріп жатқан қазақ елінің бұдан артық мақтанышы жоқ деп ойлаймын. Тағы да айтам - Тәуелсіздік - жақсы өмір сүруге алған біздің құқығымыз. Жұмыр жерде өлшеулі өмірді бейбіт елде өткізгенге жететін бақыт бар ма екен?! Таңертең ұйқыдан оянып, әркім өз тіршілігін күйттейді. Шүкір, үрей атаулыдан аулақ, емін-еркін тірлігімізге кірісеміз. Өзге елдің табалдырығын аттасақ, "Біз - Қазақстан деген тәуелсіз елденбіз" деп мақтанышпен айтамыз. Сондықтан мен ата-бабамыздың қасық қанын қиып келген Тәуелсіздік ұғымын қалай құрметтемеймін. Біздің алаңсыз өмір сүруімізге жасаған жақсылығын қалай бағаламаймын?
Тәуелсіздік маған ғана емес, бүкіл қазақ еліне үлкен бақ берді. Ең алдымен Мемлекет басшысын сайладық, Елбасымыздың сарабдал саясатымен күн сайын Қазақстан әлем танымастай өзгеруде. Алақандай ғана өзім тұратын ауылда суымыз, көгілдір отынымыз, тоғымыз үйге дейін келіп тұр. Дүкенде жаныңа керектінің бәрі самсап тұр. Жастарымыздың оқуға, жұмыс жасауға деген ниеті болса, мүмкіндіктің бәрі бар. Бұдан артық не керек, қалғаны еңбек етсең ғана рет-ретімен келе беретін дүниелер ғой. Тәуелсіздік бұл — аманат. Оны ұрпақтан-ұрпаққа мәпелеп жеткізу, мәртебесін асқақтату — біздің басты парызымыз. Еліміздің тұғырлы тәуелсіздігін таныту үшін барлық ерік-жігерімізді аямауымыз қажет. Тәуелсіздіктің елімізде мәңгілік тұрақтап қалуы сіз бен бізге байланысты екенін ұмытпайықшы. Елбасымыз әлемнің озық елдерінің қатарына енуді алдымызға мақсат етіп қойды, сондықтан мемлекетіміздің керегесі кең, терезесі тең болу үшін қолдан келгенше аянбай еңбектенуіміз қажет. Әр адам перзентінің жүрегіне патриоттық сезімді ұялатып, өз Отанын шексіз сүюге дағдыландырсақ, елі үшін аянбай еңбек етуге үйретсек, ең мықты ел болып шығатынымызға ешкім шүбә келтіре алмасы һақ.
Түймеш Абдуллаева, кәсіпкер:
- Биыл Тәуелсіздіктің 27 жылдығын мерекелеп отырмыз. Ондайда Тәуелсіздік не бергені жайында ойланып, өткенді бүгінмен салыстырып, көргеніміз бен көңіл көкжиегіндегіні жинақтаудамыз. Менің түсінігімше, Тәуелсіздік — тәңірдің сыйы! Ата-бабамыздың сан ғасырлық қол жетпеген арманы. Бүгінде арайлап атқан азаттықтың ақ таңы — біздей жас ұрпақтың басына қонған бағы. Ал сол ерліктен үлгі алып, ұлы даламызды қорғау — біздің парызымыз. Қарыс жерді қасық қаны қалғанша қорғаған бабалар ерлігі санамызда жаңғырып, еркіндігімізді бағалауды естен шығармайды.
Бәрімізге мәлім, сонау 90-шы жылдарда елімізде жаппай дағдарыс жүріп жатты. Жалақы айлап, тоқсандап кешіктірілді. Балабақшалар жабылып, мектептерде кластар қысқарып, педагог мамандар үшін күнкөріс қамы қиындап кетті. Біздің алдымызға қойған мақсатымыз біреу-ақ болды. Ол — балаларымызды оқытып, жақсы адамдардың қатарына қосу. Біз, отағасың екеуміз кәсіпке осылай келдік десем болады. Уақыт өте келе сауда көлемі өсе бастады, ісіміз алға жүрді. Қазір ауданда наубайхана ашып, халықты нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмын. Бүгінгі күніме 1001 тәубә. Арманым орындалды, шүкір, балаларымның бәрі де — жоғары білімді мамандар, еліне пайдасы тиіп жүрген азаматтар. Олардың болашағы үшін еткен еңбегім мен төккен терім алдымнан саф алтындай болып шығып жатыр. Кәсібім отбасымның нәсібіне айналды. Менің кәсібімнің арқасында бірнеше адам нәпақасын тауып жүр. Міне, маған тәуелсіздіктің берген ең үлкен сыйы.
Шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды мемлекеттік бағдарламалар бар. Бұлардың барлығы — еңбек етем деген адамға үкімет тарапынан беріліп жатқан мол мүмкіндік. Осы мүмкіндікті пайдаланып, аянбай еңбек ету керек. Ерінбей еңбек еткен менің кәсібімді Тәуелсіздік түлетті. Бүгінде наубайхана бизнесін жолға қойып, қоғамдық тамақтандыру саласын дамытуға үлес қосып отырмын. Бұның барлығы Тәуелсіздіктің арқасы деп білемін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Қазақстанның тәуелсіздігі – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы. Тәуелсіздік – етігімен су кешкен ерлердің, етегі жасқа толған аналардың, шырылдаған нәрестелердің қасіретінің өтеуі, тілегінің қабыл болуы, тағдырдың сыйы. Тәуелсіздік – дамып-жетілудің, өсіп, өркендеудің кепілі. Ол – он сегіз мың ғаламды жаратқан құдірет иесінің шапағатымен, ата-бабаларымыздың қанымен келген қасиетті жеңіс. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даланы, қойнауы құтқа толы абат мекенді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ата-бабаларымыз ұрпақтарына аманаттаған. Ата-бабаларымыздан аманатқа қалған ел мен жерге ие болу, аманатқа қиянат қылмау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.
Гүлбағым Тұқымбайқызы, студент:
- Тәуелсіздік — әкенің қаны мен ананың көз жасы. Қаншама аға-әпкелеріміз қыршынынан қиылды. Сол азаматтардың ерлігін естен шығармай үлгі тұтуымыз керек. Жанын, тәнін қиып, намыстанып, алаңға шығып, бізге тәуелсіздікті сыйлап кетті. Ләззат, Қайрат, Сабира, Ерболдай аға-әпкелердің ерлігін ұмытпай, ұлықтау — біздің міндетті борышымыз. Келешек — жастардың қолында! Осындай тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқанымды мақтан тұтамын.
Тәуелсіздік маған көп нәрсе берді. Ең бастысы ата-анам мені бейбітшілік заманда дүниеге әкелді. Мен тәуелсіздіктің жарқыраған таңында жарық дүниенің есігін ашқаным үшін бақытты ұрпақ екенімді түсінемін. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда біз «не ішеміз, не киеміз, қайда барамыз» деп бас қатырмаймыз. Өйткені демократиялық қоғамда барлық жағдай жасақталып отыр. Тәуелсіздікті ата-бабамыз бізге аманаттап қалдырған... Аманат — біздің қолда. Сенің, менің қолымда. Осы жауапкершілікті сезініп, егемен елдің ұрпағы деген атқа лайық болу үшін тырысуымыз керек. Білім алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуымыз қажет. Бұл — біздің міндетіміз, бұл — бізге артылған жүк.
1991 жылы — қалың қазақ жұртының жадында айрықша оқиғалармен таңбаланып қалған тағдырлы жыл. Тағылымды жыл. Тарихи таңдау жасаған жыл. Тәуелсіздік туын көкке желбіреткен жыл! Міне, сол қасиетті тудың, бейбітшілік аспанының астында күн кешіп келе жатқанымызға — биыл 27 жыл! Өткенді ескеріп, сол бір зобалаңы мен қиындығы мол, тауқыметі бастан асар өткен ғасырдың жылдарын еске алған сайын арқамызды аяз қарып, денеміз түршігеді, сол алмағайып кезеңде көкірегінде қат-қабат үні бар қазақ елін Тәуелсіздікке өрісті, өркениетті жолмен жеткізу Елбасының түпкі мақсаты болатын. Аллаға шүкір, бойына дарыған кемеңгерлік мінезі мен терең парасат-пайымы, ерен еңбегі бар Елбасы басшылық еткен тәуелсіз мемлекетте тату-тәтті, бейбіт өмір сүрудеміз! Бүгінде бой түзеп, көші түзелген егемен елімізді мақтан тұтар Әнұранды шырқаймыз! Бүгінде әлем танып мойындаған, ұлттық рухы, туған тілі, азат жері, елі бар, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сақталған, өз Астанасы бой көтерген Тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Бұл — біздің ата-бабамыздың ұрпағына деген ең үлкен сыйлығы, осыны қадірлей білейік дегім келеді.
Айгүл РАХМЕТОВА