Маңғыстау облысының орталығындағы Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратында Ақтау қалалық «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Қазақстан патриотизміне жаңа көзқарас» тақырыбында патриоттық форум өткізді. Шараның мақсаты, тақырыбы айтып тұрғандай, ел мен жерге сүйіспеншілікті арттырып, отанға деген махаббат пен құрметті арттыру және патриотизм түсінігін жастар мен қоғам қайраткерлерінің көмегімен түсіндіру, жастарға, барша өңір тұрғындарына ой салу.
Форумды кіріспе сөзбен ашқан Ақтау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғабит Мүсірепов қоғамдық бірлестік төрағасы Матжан Шаулиев пен ауған соғысының ардагерлері Амандық Жақаевтың, Сайлаубай Қодановтың және Нәсіпғали Серғалиевтың кеуделеріне «Ақтау қаласының 55 жылдығы» төсбелгілерін тақты.
Қоғамдық бірлестік төрағасы Матжан Шаулиев форумның бүгінгі күндегі маңызы туралы баяндап, бейбітшілікті бағалау қажет екендігіне назар аударды.
- Қазақстан патриотизміне жаңа көзқараспен қарау қажет, - деді ол. - Патриотизмнің не екенін бәріміз де білеміз. Күнделікті өмірдегі патриотизм дегеніміз—айналадағы адамдарға, қоршаған ортаға, жалпы елге жанашырлық көрсету. Біз күнделікті өмірде бір-бірімізге жанашырлықпен қарауымыз керек. Әрбір жас таңертең ұйқыдан тұрғаннан-ақ алдына қойған нақты мақсатына қол жеткізуді ойлауы тиіс. Өздігінен алға ұмтылған жөн. Сендердің көпшілігіңіздің ата-аналарыңыз көрген тоқырау заманында еліміздің басынан қиыншылықтар өтті. Қазір қалаларымыз үлкейіп, ауылдарымыз көркейіп келе жатыр. Осындай жақсы жаңалықтардың барлығын мемлекеттің қолдауы деп бағалап, басшыға бағынуымыз керек. Ойлағаным орындала қоймады деп, байбалам салған орынсыз. Бүгін қолымыз жетпеген нәрсеге ертең жетерміз. Ол үшін әр азамат мемлекетіміздің гүлденуіне өз үлесін қосуы тиіс. Жас кезімізде, Венгрияда әскери қызметімізді өтеп жүрген кезімізде бізді, менімен 2200 адамды 3 күн ішінде мемлекеттің тапсырмасын орындауға Ауғанстанға ұшақпен апарып тастады. Сонда 1979-1981 жылдары әскери дайындықта жүргенімізге қарамастан, шын соғысты, небір қиындықтарды бастан кешірдік. 3000-3500 метр биіктікте, таудың арасында, тастай қараңғы үңгірлерде де дұшпандармен атысып, Отанымыздың тапсырмасын орындадық. Қасымыздағы көптеген жолдастарымыздан айрылдық. Біздің кезімізде әскер қатарында Отан алдындағы борышымызды 2 жыл бойы өтейтін едік, ал қазір бір-ақ жыл. Осы мерзімде және бүкіл өмір бойы мемлекетімді, туған елімді қорғауым керек деген ойда болуымыз керек.
Форум барысында ел басына күн туған 1941-1945 жылдары бозбала шағында майданға аттанып, Отан үшін от кешкен ардагер Бисен Боқаев ақсақалға алғыс айтып, шапан жапты. Қарияға құрмет көрсетілген сәтте жиналған жұрттың қошаметі ерекше болды.
Сонымен қатар Матжан Рамазанұлы жастармен алуан түрлі шаралар өткізуге көмектесіп жүрген подполковник Ербол Молдашев пен демеуші ретінде қайырымдылық жасап келе жатқан кәсіпкер Мугадаш Асановты Бауыржан Момышұлы медалімен марапаттады.
Жәнібек Қожық, Тимур Бектұр, Мугадаш Мугадарұлы және Аят Сүгіров сынды өңірге танымал азаматтар патриотизм тақырыбында салмақты сөз сөйлеп, келелі ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ осынау басқосу аясында «Бауырлас жауынгерлер» облыс оқушылары арасында ұйымдастырған «Киелі өлкем—Маңғыстау» сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен Маңғыстау ауданының мектеп оқушысы Нұржанат Жангелдина І орынға ие болды. Ал ІІ орын ақтаулық оқушы Наргиз Рзаеваға бұйырса, ІІІ орынды ақтаулық оқушы Айгерім Русланова мен Түпқараған ауданының мектеп оқушысы Ақбота Бердіқожақызы бөлісті. Байқауға қатысқан жас суретшілердің ешқайсысы құралақан қайтқан жоқ. Олардың барлығы алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
- Форумға әскерилерді, полиция қызметкерлерін және Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлерін арнайы шақырдық, - деді қоғамдық бірлестік төрағасы М.Шаулиев журналистерге берген қысқаша сұхбатында. - Бұл қонақтарымыз балаларды Отанын сүюге, оған адал қызмет етуге талпындыратындай тұшымды әңгімелер айтты. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында отаншылдық тәрбие беруді мектеп қабырғасынан бастау керектігін ескертті емес пе? Біздің ниетіміз де, көздеген мақсатымыз да біреу — Отанымызға қажет болған жағдайда, кез-келген уақытта жастарымыздың дайын болуы. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», дейді ғой халқымыз. Бұл — елі үшін күйіп кетсе де, аты өлмейді, ісі өлмейді деген мағына. Сондықтан өз еліне адал қызмет етіп, қажет кезінде қорғаса, содан асқан дәреже жоқ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66447,66449,66448,66446"]