Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілдік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу - өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осыған орай «Манашы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жуырда Бейнеу ауданы тұрғындары және барлық мектептер арасында үстел теннисінен қайырымдылық турнирі болып өтті.
Бұл шараны мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімдері ұйымдастырып өткізді.
Аталған шара мектептің әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылып, демеуші болғысы келетін аудан азаматтары өз үлестерін қосты.
Аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық білім бөлімінің басшылары, мектеп директоры шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Бұл турнирде сайыстар ұйымдастырылып, жұптық, жекелей теннистен жеңімпаздар анықталды. Ардагер ойыншылар арасынан «Белсенді қатысқаны үшін» номинациясына ие болғандар да бар. Ал бірінші орынға және кубокқа Жамбыл Мәдуов ие болды.
Жұптық ойында Жамбыл Мәдуов және Хожабай Джангилбаев «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясына ие болса, 1-орынды және кубокты Әділ Муратов және Мерлан Нариков иеленді. Осындай қайырымдылық акциялары әлі де өз жалғасын таба береді деп сенеміз.
Пейілділік көл-көсір. Жомарттық ерге сын. Қайырымдылық қорында, ізгілік жолында кеңдігін көрсеткен ағаларға мың алғыс. Рухы елдің жебесін!
Әркез жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып, жақсылық жасауға ұмтылып, бір-бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз, мейірімділігіміз сарқылмасын. Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту — барлығымыздың борышымыз.
Ендеше болашағымыз бақытты болсын десек, бір-бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямайық, ағайын!
Тарғын АЙТПАҒАНБЕТОВ, Манашы орта мектебі