Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі», – деп көрсеткен екен. Расында, әлемдегі әрбір ұлт өз тілімен ерекшеленеді. Етек-жеңімізді жинап, тәуелсіздік алғалы қазақ тіліміздің маңызы артты. Ата Заң – Конституциямыз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік берді. Бүгінде сот саласында мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биік деуге толық негіз бар. Жоғарғы Сот төрағасының «Іс қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру туралы» өкімі барлық соттардың қызметіне дем беріп, сот жүйесіндегі іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу сапасы жіті қадағаланып келеді.
Оның ішінде Маңғыстау облыстық соттарында мемлекеттік тіл тақырыбында түрлі шаралар өткізу дәстүрге айналған.
Сот тәжірибесінің талдаулары, жедел кеңес және семинар сабақ хаттамалары, мемлекеттік мекемлермен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. 2017 жылдың 9 айында Маңғыстау облыстық соттарында қылмыстық істердің 78,8%, азаматтық істердің 44,7%, әкімшілікістердің 86,6% қазақ тілінде қаралған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің 45 қызметкері мемлекеттік және ағылшын тілдерін дамыту курсын аяқтады. Курс барысында сот қызметкерлері мемлекеттік тілде қарапайым қарым-қатынас жасау деңгейінен құжаттарды өз бетінше дайындау және өз ойын емін-еркін жеткізу деңгейіне дейін көтерді.
«Бүгінде қазақ тілі Қазақстан халқын бір мақсатқа топтастыратын, ұлттық жаңғыруымызға серпіліс туғызатын айырықша күшке ие болды» – деп Елбасымыз атап өткендей, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін еркін меңгеретінін көретін күн жақын.
Бағдат БАЙГОЖАЕВ Ақтау қаласының №2 сотының судьясы