Әркімнің денінің саулығы өзіне керек. Бірақ мұны тек ауырып, жанымыз қиналған кезде түсінетініміз де шындық. Учаскелік дәрігер скриниигтен өтуге шақырғанда да бармаймыз кейбіріміз. Жұмыстан босай алмаймыз. Басқа да сылтаулар бар.
Жақында облыс орталығындағы «Ақтау» сауда ойын-сауық орталығында «Біз денсаулықты таңдаймыз» атты акция өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Маңғыстау облыстық филиалымен бірігіп ұйымдастырған осынау шараның мақсаты — тұрғындардың өз денсаулығына сауатты түрде қарау дағдысын қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстануға, яғни, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту, көбірек жаяу жүріп, жаттығулар жасауға, дәрігерге уақытында қаралып, скринингтен дер кезінде өтіп, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды үйрету.
Бұл күні Ақтау қаласындағы емханалардың, ӘМС қоры МО филиалының, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының қызметкерлері осында клушілерге медициналық қызмет көрсетті. Тұрғындар мен қала қонақтары әлеуметтік медициналық сақтандыру жайында өздерін толғандырған сауалдарға толық ақпарат алды. Сондай-ақ келушілер қандағы қант құрамын, холестерин мөлшерін, артериялық қан қысымын, көздің қысымын, АИТВ ахуалын тексертті. Бойы мен салмағын тексеруге де мүмкіндік болды.
Денсаулығын тексерткісі келгендерге дәрігерлер жеке кеңес берді, салауатты өмір салтын қалыптастырудың артықшылықтары туралы әңгімеледі. Ал денсаулық сақтау тақырыптарына байланысты әлеуметтік тапсырыстар алған үкіметтік емес ұйымдар өкілдері сауалнамалар жүргізіп, көрнекі бетшелер таратты. Медициналық колледж студенттері жарақат алған кезде және жүрек-өкпе реанимациясы бойынша алғашқы көмектің қалай жасалатынын көрсетті.
Акция тек денсаулық тексертумен шектелмей, келушілер үшін викторина ұйымдастырылып, сұрақтарға дұрыс жауап бергендер сыйлықтармен марапатталды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА