Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңістік пен уақыт тоғысындағы ұлт тарихына шегініс жасай отырып жазған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға тың серпін, жаңа қарқын қосты.
Ат үстіндегі ұлт бейнесі мен тұяғының астындағы жер-әлем тарихы; түркі жұртымен тығыз қарым-қатынас орнатып, қазақ елін оның орталығы қылу; археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді жүйелі түрде жалғастыру; Жібек жолы бойындағы ортағасырлық мәдениетімізді, батыс пен шығыс өркениетінің ортасындағы байланысымызды мәдениетіміз бен әдебиетіміз арқылы зерттеу, оны жаңа заман талабына сай цифрландырып, бұқараға қолжетімді қылу; әр дәуірдегі тарихи тұлғаларды өзіміз танып, өзгеге таныстыру арқылы насихаттау; ішкі-сыртқы, яғни отандық және алысжақын шетелдердегі архивтерде жатқан ақтаңдақтарды анықтау, зерттеу – азаматтық борышымыз.
Мақала жариялана салысымен алғаш болып офисіміздің жанындағы сараптау кеңесінің мүшелері мен спикерлері Маңғыстау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді. Оған ақын, сәулетші Сайын Назарбекұлы, археологөлкетанушылар Андрей Астафьев пен Бекболат Төлегенұлы, ғалымдар Нағбду Қамарова мен Айгүл Демеуова, ақын, журналист Гүлайым Шынтемірқызы қатысып, алдымен мақала туралы пікір білдіріп, журналистердің сұрақтарына жауап беру арқылы осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынғанын, жасалып жатқанын, бұдан ары да не істеу керегі туралы ойлары мен ұсыныстарын айтты.
С.Назарбекұлының «Абай әлеміне саяхат» жобасы, Г.Шынтемірқызы көтерген Адай жыл қысы тұқымын зерттеп, насихаттау, ұлттық құндылығымыз ретінде әлемге таныту, сондай-ақ Маңғыстаудағы құдықтарды тарихи-мәдени ескерткіш ретінде қамқорлыққа алу, А.Астафьев пен Б.Төлегенұлының өлкедегі археологиялық зерттеу мәселелері, архивпен жұмыс жобалары, осы бағытта А.Демеуова көтерген біліктілікті арттыру міндеттері, Н.Қамарованың ұлттық фольклор жанрындағы, тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін таныту туралы айтқан идеялары алда талай жұмыстар атқаруға мүмкіндігіміз барына көз жеткізді.
Өлкемізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы реестрге енген және реестрден тыс ұлттық құндылықтарымызға негізделген екі жүзден астам жоба бар. Енді өңірлік сараптау кеңесінің кезекті отырысының күн тәртібінің бір тармағы қылып, сол жобалардың ішіндегі «Ұлы даланың жеті қырына» сай келетін және тағы басқа бастамашыл азаматтардың қосымша жобаларын қабылдап, талқылауға, қаржыландыру үшін тиісті басқармалар тарапынан бюджеттік өтінім беруге ынталымыз.
Гүлайым АЗАН, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің басшысы