Халқымыз қашанда ер-азаматты шаңырақ иесі санаса, әйелді отбасының алтын қазығына балаған. Мемлекетімізде гендерлік саясатты жүзеге асыру мақсатында келесі шаралар атқарылуда. Солардың бірі «Отбасы – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңның қабылдануы және бұл тұрғыда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары күшейтілуде.
«Көш жүре түзеледі» демекші, еліміздің гендерлік саясаты әлемдік үрдістер бойынша жаңғыртылып, қоғамдық саяси құрылымдарда әйелдердің қатысуын арттырудың маңызды аспектілері бойынша құқықтық база қалыптасуда. Мәселен, 1998 жылы 29 маусымда әйелдерге байланысты кемсітудің барлық түрін жою жөнінде БҰҰ конвенциясына қосылып, «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенцияларды бекітті. Осындай қадамдар гендерлік саясатты жүзеге асыруға оң ықпал етуде. Республиканың барлық өңірінен әйелдерге арналған зорлық-зомбылыққа қарсы дағдарыс орталықтары ашылды. Нәзік жандылардың тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналмауы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жіті назарында.
Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілген. Аталған шаралардың бәрі қыздарымыз бен аналарымызды ерекше сыйлайтын дәстүрлі үрдісі бар қазақ қоғамында гендерлік саясат заманауи реңкпен жүзеге асып жатқанына дәлел бола алады.
А.Толықбаева Ақтау қаласы №2 сотының судьясы