Қаланың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өркендеуіне үлес қосқандардың бірі – Жаңаөзен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі. Ол ақпараттық, мәдени, білім беру, бос уақытты тиімді өткізу және басқа да әлеуметтік функцияларды атқарып келеді.
Бұл орталық өзінің жарты ғасырға жуық өмірінің ішінде ел арасында ағарту жұмыстарын жүргізуде алдыңғы қатардан көрінген кездері аз болмады. Жалпы кітапханалар өткен ғасырдың жетпісінші, тоқсаныншы жылдары аралығында кітапсүйер қауымның сүйікті орнына айналды. Себебі Қазақстан Жазушылар Одағының қазіргі төрағасы Ұлықбек Есдәулет бір сөзінде «Қоғамды дамытатын бесіктің бірі – кітапхана» деп баға берген болатын. Осы қоғамды дамытатын бесік 1967 жылы Қызылсай кентінде, 4046 дана кітап қорымен Орталық өндірістік кітапхана болып ашылған. Сол кезден бастап кітапхана Өзен кенорнын игеруге келген мұнайшыларға, зиялы қауым өкілдеріне және Қызылсай кентінің тұрғындарына қызмет көрсете бастады.
1969 жылы жаңадан бой көтерген мұнайшылар қаласында бір аудандық және бір аудандық балалар кітапханасы құрылды. Арадан тоғыз жыл өткесін қаланың шағынаудандарында бес кітапхана бөлімшелері ашылып, сол жылы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрылды. 1983 жылы Теңге ауылында, 1984 жылы Қызылсай ауылында кітапхана бөлімшелері ашылды. 1990 жылы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 10 кітапхана бөлімшесін құрып, қала тұрғындарына кітапханалық қызмет көрсету аясын кеңейтті. Тағы да арадан жеті жыл өткенде оңтайландыруға байланысты бес кітапхана жабылып қалды. Содан 1998-2000 жылдар аралығында қалада барлығы 4-ақ кітапхана жұмыс жасады. 2000 жыл – «Мәдениетті қолдау жылы» болып белгіленді. Соның арқасында 3 кітапхана бөлімшесі, оның ішінде Қызылсай мен Теңге ауылдарының кітапханалары қайтадан ашылды.
Бүгінгі таңда Жаңаөзен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 7 кітапхана бөлімшесі бар. Бұл жүйе бір кездері қаладағы «Өнер» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына да қарасты болды. Жаңаөзен қаласы әкімінің 22.02.2011 жылғы №33 қаулысына сәйкес «Орталық қалалық кітапхана» мемлекеттік мекемесі болып аталатын болды. «Ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» дегендей кітапханалар осыдан кейін өз тізгіндерін өздері қолға ала бастады. 2012 жылдан бастап орталық кітапхана қаладағы зағиптар мен көзі нашар көретін жандарға арнайы кітапханалық қызмет көрсете бастады. Қазіргі таңда орталық кітапхана мен оның бөлімшелерінде 42 мың дана кітап қоры бар. Бірақ оқырмандар қатарын көбейту әлі де басты проблемалардың бірі болып тұрғаны рас. Өйткені, бұрынғы кітапқұмар жандардың қатары сиреп, қазіргі жастардың кітапқа қызығушылығының төмендеп кеткенін жасырудың қажеті жоқ. Енді осыны қайтадан қалпына келтіру үшін қандай шаралар жасалуы қажет? Халықтың кітапқа қызығушылығын оятудың оңтайлы жолдары бар ма?
Міне, осындай мәселелер мен «Нұр Отан» партиясы шұғылдануды қолға алды. Ол үшін республиканың барлық жеріндегі кітапханаларды коворкинг орталықтарына айналдыруды көздеп отыр. Коворкинг орталығының артықшылығы – олар жаңа техологиялармен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған болуы керек. Келушілерге арнайы конферец-залда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізілетін болуы керек. Қала берді одан бөлек, жаңа орталықтарда демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені және еркін пікірталас аймақтары ашылуы қажет. Осылайша дәстүрлі кітапханадан жаңа заман талаптарына сай нағыз білім орталығы ретінде қайта жаңғырған нысан қазірдің өзінде жергілікті жастардың жиі бас қосатын орынына айналуы шарт.
«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарылығын арттыру. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай коворкинг-орталық ретінде қайта құру жобасын қолға алды. Себебі кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Сондықтан осындай орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтыруымыз керек. Жобаның негізгі мағынасы да осы, яғни дәстүрлі кітапханаларға жастарды тартып, олардың кітап оқуға, сапалы білім алуына жағдай жасау», - деген еді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бір сөзінде.
Міне, осыған байланысты өткен сәрсенбі күні Жаңаөзен қаласында да осындай коворкинг-орталығы ашылды. Ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы филиалының басшылары мен мүшелер, қала белсенділері мен кітапханашылар, кітапқұмарлар мен мектеп оқушылары қатысты. Орталықтың ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының төрағасы, шаһар басшысы Әділбек Дауылбаев пен қаладағы «Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Райыс Мұқашова құттықтап, дәстүрлі лентаны кесті.
Одан кейін қаладағы орталық кітапхананың кітапханашысы Айгүл Кеңесбекова жиналғандарды коворкинг-орталығының жүйелі жұмыстарының тәртібімен таныстырды. Оның алға қойған мақсаты мен міндетін айтып берді. Яғни, аталмыш орталықта келешекте бірыңғай кітапхана жүйесін қалыптастырып, барлық кітапхана қорын электронды форматқа көшіруді жоспарлап отырғандарын түсіндірді. Сөйтіп жиналғандар жасалып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, шағын кітапхана ішін аралап көрді.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН