Қашаған кенорнын игеру жөніндегі Солтүстік Каспий жобасының оператор «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) компаниясы өкілдері Маңғыстау облысына арнайы сапармен келді. Компания директораттарының жетекшілері ең алдымен өңірдегі бірқатар кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Айта кету керек, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы делегациясының бұл сапары Маңғыстау өңіріндегі жергілікті қамтуды дамыту мәселелері бойынша облыс әкімдігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мақсатында жасалып отыр. Сапар аясында «НКОК» директораттар жетекшілері аймақтағы әлеуетті жабдықтаушы кәсіпорындардың және Солтүстік Каспий жобасының қазіргі мердігерлерінің өндірістік базаларын аралады. Соның бірі – «Marine Support Services» компаниясы. Бұл кәсіпорын Маңғыстау және Атырау облыстарында жылыту, өндірістік желдету және ауа баптау жүйелеріне, ағынды-сорғылы желдету жабдықтары мен автоматикаға, соның ішінде аэродинамикалық сынаулар бойынша да суытқыш, асхана және кір жуу жабдықтарына қызмет көрсететін «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының мердігерлерінің бірі саналады. «Marine Support Services» компаниясы облыстағы үлкен кәсіпорын, мекемелерге қызмет көрсетеді, сондай-ақ әлеуметтік жобаларға да үлес қосып келеді. Әлеуметтік бағытта мәселен, білім мекемелері мен спорттық ғимараттарды қажетті жабдықтармен қамту, жеткізу және орналастыру қызметтерін көрсетеді. Қазіргі уақытта «Marine Support Services» компаниясы өндірістік желдету және ауа баптау жүйелері бойынша өңірдегі бірқатар мекемелерге, қонақ үйлер мен бизнес орталықтарына өз тауарларын ұсынады.
«НКОК» өкілдері «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағына барып, индустриалды аймақтың жұмысымен танысты. Онда делегация жетекшілері темірбетон өнімдерін шығаратын «QSM Precast Concrete Aktau» компаниясы өкілдерімен кездесіп, заманауи өндіріс пен инновациялық технологияларды дамыту саласындағы үлкен әлеуеті туралы пікір алмасты.
Өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі мен әлеуетімен танысқан Қашаған кенорнын игеру жөніндегі Солтүстік Каспий жобасының операторы «НКОК» компаниясы Маңғыстау облысы әкімдігімен жергілікті қамтуды дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға «НКОК» басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев пен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қол қойды.
Ынтымақтастық туралы меморандумының мақсаты – «НКОК» пен Маңғыстау облысының билік органдары арасындағы жергілікті қамтуды дамыту бойынша өзара байланысты жақсарту, жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және жергілікті компаниялардың өндірістік қуаттарын дамыту.
«Солтүстік Каспий» жобасының операторы «НКОК» Маңғыстау өңірімен әр уақытта тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Бұл – елімізде ғана емес, дүниежүзінде белгілі компания. «НКОК» компаниясы қазіргі модернизация кезінде жаңа технологияларды енгізуге, еліміздің өндіріс саласын дамытуға байланысты әрі жаңа мамандарды даярлау бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Бұл аз еңбек, аз жетістік емес. Осының нәтижесінде қаншама әлеуметтік мәселелер шешімін тапты, облыстардың экономикалық әлеуеті көтерілді. Соңғы үш жылдың ішінде бізді облысымызға компания тарапынан 25 млн. доллар көлемінде инвестиция тартылды. Біз «НКОК» секілді компаниялармен келісім құжаттарын жасап, бірлесе жұмыс жүргізуге әзірміз. Жұмыстарыңызға сәттілік, еңбектеріңізге табыстар тілеймін», – дейді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Меморандумға қол қою рәсімі кезінде «НКОК» басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев мырза Маңғыстау облысында бірегей өндірістік кешендер орналасқанын және осы жылы бұл ресурстарды Қашаған жобасына енгізуде елеулі ілгерілеу байқалғанын жеткізді.
«Солтүстік Каспий жобасы Маңғыстау облысымен 25 жылдан астам уақыт ішінде ынтымақтасып келеді. Осы уақыт ішінде «НКОК» компаниясы өңірдің дамуына шамамен 300 млн. АҚШ доллары сомасында қаражат бөлді. АҚШ долларын құрады. Солтүстік Каспий жобасының операторы осы өңірде 100-ден астам әлеуметтікинфрақұрылымдық жобаны, соның ішінде достық үйін, «Манғыстау Арена» ірі спорт кешенін, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты, жас мамандарға арналған жатақхананы, мектептер мен балабақшаларды, спорт алаңдарын, тұрғын үйлер мен басқа нысандарды салу жобаларын жүзеге асырды. Бүгінгі меморандум шеңберіндегі тараптар арасындағы ынтымақтастық өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруды, жергілікті бәсекеге қабілетті тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тұрақты өсуін мақсат етеді. Өндірісті дамыту және оларды ішкі нарықта ілгерілету бойынша өзара келісім жемісті болады деп сенеміз», – деді «НКОК» басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев.
Тараптар бұл құжаттың Қашаған жобасы үшін тауарлар, жұмыс пен қызметтер сатып алу кезінде жергілікті қамтуды арттыру шараларын қолдануда кешенді өзара әрекетте су және ынтымақтасу үшін негіз болатынын атап өтті. Сонымен қатар жоспарланған жобалардың іске асырылуы жергілікті компаниялардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға, қазақстандық қамту мәселелерін аудандық деңгейде шешуге, қазақстандық кәсіпорындардың толық қуатымен жұмыс істеуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Жайық НАҒЫМАШ