БЖЗҚ АҚ Маңғыстау облыстық филиалында «БЖЗҚ барлық салымшыларға қолжетімді» тақырыбында ашық есік күні өтті. Мұндай басқосу екінші жыл қатарынан тоқсан сайын өткізіліп келеді. Оған қатысушылар зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтар мен өзгерістер туралы біліп қана қоймай, жеке кеңес те ала алады. Ал бұл жолғы шараның бұрынғы кездесулерден ерекшелігі—оған салымшылар және алушылармен қатар мектептердің жоғары сыныптар оқушылары мен студенттердің арнайы шақырылуы.
Филиал директоры Жанар Қибасованың айтуына қарағанда, БЖЗ қоры өскелең ұрпақ арасында қаржылық сауаттылық пен зейнетақыны жоспарлау дағдыларын қалыптастыруға ерекше мән береді.
- Қазір зейнеткерлер зейнетақысының негізгі бөлігін мемлекеттік бюджеттен алатын болса, келешекте бүгінгі оқушылар мен студенттердің зейнетақы көлемі негізінен олардың өздері аударған жинақтарына байланысты болады, - деді ол. - Сондықтан жастарды мектеп табалдырығынан бастап зейнетақыны жоспарлауға үйретуіміз керек.
Қор қызметкерлері ашық есік шарасына келгендерге зейнетақы қызметтері мен кеңес алу жолдары туралы әңгімелеп, оларды қор қызметтеріне қалай жүгінуге болатындығымен және кеңес алу жолдарымен таныстырды.
Зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігі—Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының басым бағыттарының бірі. БЖЗҚ әрдайым хабарландыру тәсілдері мен қызметтердің сапасын уақыт талабына сай дамытуға тырысады. Бүгінде Қор қызметтері еліміздің барлық тұрғындарына дерлік қолжетімді. Республиканың бүкіл аймақтарында 216 дербес қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Көшпелі қызмет тиімді ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мобильді агенттер қызмет көрсетеді.
Биыл көктемде Алматы, Атырау, Қостанай облыстарында шалғай елді мекендерге қызмет көрсету үшін жылжымалы кеңселер іске қосылды. Келесі жылы көліктегі кеңселер еліміздің тағы 12 аймағында жұмысқа кіріспек. Өзіне-өзі қызмет көрсетуді жетілдіру үшін барлық өңірлік филиалдарда терминалдар, 10 қалада ақпараттық дүңгіршіктер орнатылған. Сонымен қатар көптеген қызмет түрлері БЖЗҚ сайты, egov.kz электрондық үкімет сайты және биыл іске қосылған telegram-бот арқылы да қолжетімді. Салымшыларға кеңес беру үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығы жұмыс істейді.Толғандырған сұрақтарды Қор төрайымының блогына немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларға жолдауға болады.
- БЖЗҚ қызметтерінің 80 пайызы қазір қашықтықтан электрондық түрде қолжетімді. Осының арқасында кеңсеге келіп, кезек күтпей-ақ интернет арқылы немесе ұялы телефонның кез-келген операциялық жүйесіне бейімделген ENPF ұялы қосымшасы арқылы қызмет алуға болады. Бұл салымшылар мен алымшылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті филиал директоры.
Кездесуде сөз сөйлеген қор қызметкерлерінің айтуынша, электрондық тәсілмен міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын есептеу жөніндегі жеке зейнетақы шоттарын ашуға, жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы хабарлама алуға, деректемелерді немесе ЖЗШ жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілін өзгертуге және басқа қызметтер алуға болады. Сондай-ақ, қор сайтында болашақ жинақтар мен төлемдердің шамалас мөлшерін есептеуге арналған зейнетақы калькуляторы бар.
Қор қызметкерлері шараға қатысушыларға жеке кеңес беріп, оларды қор қызметтеріне өз бетінше жүгіну тәсілдерін, жеке кабинет ашуды, ұялы қосымшаны қолдануды үйретті. Басқосу соңында жастар арасында зейнетақы жүйесі туралы сұрақтар бойынша викторина ұйымдастырылды. Сайыста №14 орта мектептің оқушылары Диана Нұрлыбекова, Камила Әуэзова, Есенов университетінің студенттері Дәурен Нұрмағанбет, Дастан Джонов, Исламбек Қайырбаев, Айнұр Нұрқуатова, Исламбек Орынбай, Тәңірхан Қонысбай, Мұхаммедин Сейдуллаев, Заманбек Демеев, Нұрбол Егізғараев, Данияр Таңатаров, №13 орта мектептің оқушысы Мөлдір Наурызова сұрақтарға жақсы жауап беріп, зейінділігін байқатты. Жеңімпаз жастар мекеменің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ашық есік күнінен шыққан балалар зейнетақы жүйесі туралы, қор қызметтерін интернет арқылы қалай пайдалунға болатыны туралы көптеген қызықты мағлұмат алғандарын, БЖЗҚ ұялы қосымшасын телефондарына жүктеп алып, ата-аналарына оны пайдалану әдісін үйрететіндерін айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66045,66043,66044"]