©
Бүгінгі таңда ауыл-аймақтарда жұмыссыздықты жоюдың бірден бір тиімді жолы - мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыту керек, әсіресе отбасылық шаруашылықтың көп болуы ата кәсіптің дамуына мол пайдасын тигізбек. Ауданның экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып отырған шаруашылықтар аз емес. Солардың бірі - Жыңғылды ауылына қарасты Ұланақ жерінде орналасқан «Ақмаржан» шаруа қожалығы.
Шағын ғана Ұланақ жерінде ата кәсіпті дамытып отырған бес-алты шаруа қожалығы бар. Соның бірі - осы «Ақмаржан». Егін және мал шаруашылығын қатар дамытқан шаруашылық иесі Балғазы Жұмабеков - Маңғыстау ауданына белгілі шаруалардың бірі.
2004 жылы Ұланақ жеріне отбасымен қоныстанып, ата кәсіпті жалғастырған оның бүгінгі ісі берекелі. Осыдан бірнеше жыл бұрын жыңғыл басып жатқан аумақ бүгінде әдемі егіске айналған. Екі гектар жерде егіс алқабы жайқалып тұр. Әсіресе жаз мезгіліне қарай қауын-қарбыз, түрлі көкөністердің иісі тынысыңды аша түскендей. Бұл - Б.Жұмабектовтің табан ет, маңдай терінің жемісі.
Жаз мезгілінде жұмыс барысымен Ұланаққа жол түсіп, бұл кісінің егін алқабында қауын-қарбыз, қызанақ, қияр, қырыққабат, баклажан, т.б секілді көкөністер жайқалып өсіп тұрғанын көргенмін. Іссапарлап келген қонақтарға жайылған арнайы дастархандағы тамсанып отырып жеген қауын-қарбыздың дәмі әлі таңдайымда. Сол кезде шаруасы шалқыған отбасының тындырымды тірлігін көріп, көпке үлгі ету мақсатында мақала жариялауды ойыма түйіп кеткенмін. Көкейімде жүрген ойдың реті бүгін келіп, қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесіне орай «Ақмаржан» шаруа қожалығы туралы жазуға бірден кірісіп кеттім.
Арнайы техникасы көп болмаса да қол еңбегімен жерге тұқым сеуіп, оның шыққан өнімімен халықтың сұранысын қамтамасыз етіп отырған Б.Жұмабектовтің ісі, расында да, жастарға үлгі. Сауда орындарында немесе облыс орталығына қарай жол жүргенде ауылдың бренді саналатын Ұланақтың қауын-қарбызын әдейілеп іздеп жүрген адамдарды кезіктіреміз. Демек төгілген тердің далаға кетпегені, еңбектің ақталғаны.
«Тұтынушыларымыз арнайы іздеп, өнімді пайдаланса, бұдан артық бақыт бар ма?» - дейді Балғазы. Жаз мезгілінде өнімді ауыл дүкендеріне немесе Ақтаудағы «Асар-С» базарына апарып, қолжетімді бағада сатып отыр. Күзгі уақытта 100/20 жеріне еккен жылыжай өнімдерін де халық игілігіне ұсынуда. Өзіне тиесілі жерді жасыл желекке айналдырған ол мал шауашылығынан да қол үзген емес.
Ауылда тұрып, төрт түлікті көбейтуге ден қойған қожалық жетекшісі ата кәсіпті небәрі бірнеше жандықпен бастағанын айтады. Жастайынан мал бағуға деген ебі бар ол қайтсем мал басын көбейтіп, мол өнім аламын деп іске кіріседі. Кәсібіне шын көңілмен кірісіп, берген өнімінен береке тапқан ол ата кәсіпке бала күннен бейім екенін тағы бір дәлелдеп шықты. Мал басын көбейту мақсатымен алған жеріне жағдайды жасап, қора - жайларын қамдап, шаруасын шатқаяқтатпай келеді. Бүгінде екі жүзден астам қой- ешкі, түйе, жылқы малынан алған өнімдерді ауыл дүкендеріне қойып, тұрғындардың қажеттілігін өтеуге өз үлесін қосып отыр. Жолдасы Мәздімхан екеуі шамалы шаруаға дес беретін емес. Мал өрістен келе салысымен бірнеше түйені сауып, оның сүтінен құрт, балқаймағын дайындау Мәздімханның күнделікті тірлігіне айналып кетті. Үй мен түздің шаруасын қоса арқалап, бір отбасының бабын тауып отырған осындай аналарымыздан қалай айналмайсың!? Дертке дауаны шұбаттан іздеп, таза шұбатты сұрап келгендердің де көңілін қалдырған емес. Берекелі отбасының тірегі бола білген екеуі қара жұмысты да өздері атқара береді. Үкіметтен несие алмай, өз күштерімен осы күнге жеткендеріне шүкіршілік айтады.
«Кейде ата-бабаларымыздың шыдамдылығына, мал шаруашылығына келгенде тапқырлығына, ептілігіне таңқаламын. Малдың бабын жасау, бағу, жемдеу, суару - үлкен шыдамды қажет ететін жұмыс. Тарихта мыңға жуық малды өсіріп, жылына 100 қойдан 120 қозы алып отырған атақты малбегілеріміз баршылық. Біз де солардың жолын қуып, 100 қойдан жылына 100 қозы алуды алдымызға мақсат етіп қойдық. Жауын-шашынның аздығынан, ауа райының қолайсыздығынан жүз төлге жетпесек те жетпіс-сексенге жеткізіп отырмын десем, артық айтпаймын. Алда мақсат көп. Ең бастысы - әкемнен қалған малдың көзін құртып алмай, кәсібімді одан әрі дамытып, еліме пайдамды тигізу», - дейді Б.Жұмабеков.
Осылайша өзінің ерік-жігерімен шаруашылық ісін дөңгелетіп отырған «Ақмаржан» шаруа қожалығының ұжымын мерекесімен құттықтап, алға қойған мақсаттары орындала берсін деп тілейміз.
Айгүл НОҒАЙХАН,
Сурет сайттың архивінен