©
Маңғыстау өлкесі – қазақтың құйқалы жерінің бірі. Себебі әулиелі мекен деп аталған бұл өлке – Пір Бекет ата мәңгілік мекен еткен жер. Өзге аймақта баламасы жоқ жер асты мешіттерімен ерекшеленетін аймақ. Жалпы қазіргі таңда облыс көлемінде 14 жер асты мешіті бар. Маңғыстаулық Түмен Балтабасұлы (1884–1957) ақынның тілімен айтқанда:
...Маңқыстау, білемісің, неғылған жер?! Қашаннан қалың дәулет бағылған жер. Бұл жерден кімдер кетіп, кім қалмаған, Қара жер қаза жетсе, кімді алмаған?! Қызылбас, қыпшақ, қырғыз, қытай, қырым, Айладыр – алтау болса, қалмақ – жеті, Ерлерден ертедегі қалынған жер – деп өлкеміздің ерекшелігін атап өткен.
Тарихи деректерге сүйенсек, Маңғыстау аймағына исламды уағыздаушылар VII ғасырдың аяғына таман келгені жайында деректер бар.
Исламның келуімен бұл өлкеде қаншама мешіт пен медресе бой көтеріп, дін ғалымдары мен қайраткерлері шықты. Маңғыстау өлкесінде бүгінгі күнге дейін жеткен тарихи ескерткіштердің үлкен бір тобын жер асты мешіттері құрайды. Олар өлкенің таулы өңірлерінде шоғырланған. Жер асты мешіттердің ішінде Бекет ата жер асты мешітінің орны ерекше.
Бекет атамыз 5 мешіт салдырған. Алғашқы мешітті Хиуадан оқу бітіріп келгеннен кейін Ақмешітте салдырған. Бұл мешітте Бекет атамыз 1771–1774 жылдары шәкірттерге білім берген. Екінші мешіт – Ескі Бейнеудегі мешіт. Тастақ төбені қашау арқылы салынған мешіт жыл маусымдарына икемдеп, балалар оқыту үшін, соны мен өткен жолаушылардың намаз оқып, тынығып кетуі үшін салдырғаны жайында дерек бар. Үшінші мешіт – Оғыландыдағы мешіт. Төртінші мешіт – Тобықтыдағы мешіт. Бесінші мешіт – Үстірттің оңтүстік шығысындағы Баялы (Байшағыр) деген жерде .
Маңғыстау түбегінде қазан төңкерісіне дейін көптеген мешіт-медреселер халыққа қызмет етіп, бұларды жергілікті халықтың өзі қаржыландырып отырды. Мешіттерді ауқатты адамдар өз есебінен салдырып, халық игілігіне берген. Мысалы, Тұщықұдық ауылындағы «Айдар ишан» мешіті ашылғанда Дәулеталы Қоштай есімді дәулетті кісі 72 қой мен екі жылқы байлаған. Маңғыстау ауданы, Онды ауылына қарасты Мырзайыр, Басқұдық қоныстарындағы мешіттерді Б.Меделиев деген адам өз қаражатына салдырған. Бір ғана Тұщықұдық аумағында жұмыс істеген ауқатты адамдар иелік еткен жиырмадан астам мешітте жергілікті тұрғындардың балалары дәріс алған. Жастайынан имандылыққа сусындаған бала, ер жеткенде елдің қамын ойлайтын азаматқа айналары анық. Мәселен, ХVІІІ–ХІХ ғасырда өмір сүрген Маңғыстау өлкесінің ақындары – арабша сауаты бар, дін шарттарын меңгерген, ислам дінімен шөлі қана сусындаған, имандылық, адалдық сезімдері бойларында нық орныққан, халқының салт-дәстүрлерін жете меңгерген, ұл-қызына ұлағат иірімдерін қалдырудан аянбаған. Сол заманның ақын-жырауларына тән ерекшелік – дін жолын берік ұстанғанын мақтанышпен айтуға болады.
Сол заманның үрдісіне сәйкес бабаларымыз Бұхара мен Самарқантқа, Хиуа мен Уфаға барып жоғары діни білім алды. Біз дің қоғамда медресені тәмамдап келген адамға деңгейіне қарап түрлі атау берілген. Мәселен, «абыз» (хафиз), «ахун», «молда», «хазірет» дегендей.
Хазірет (әзірет) – діни лауазым. Жоғары дәрежелі дін иелеріне беріледі. Мұхаммед пайғамбардан кейінгі 4 халифаның бірі Али қазаққа «Әзіреті Әли» деген атпен мәлім. Хазірет лауазымы аймақтық діни басқарма өкіліне де берілген.
Ахун – мүфтиден кейінгі атақ. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласында қолданылған діни лауазым. Себебі XVIII ғасырдың 2-жартысында Бұхар хандығындағы ең жоғарғы діни лауазым ахун болды. Мүфтидің шариғат бойынша айтқан шешімі ахунның келісімінсіз жүзеге асырылмаған. Қазіргі кезде «Ахун» деген діни лауазымның орнына «наиб мүфти» лауазымы ендірілген.
Ишан – «әулие» деген сөздің баламасы. Сопылық мектептің жетекшісі.
Медреселер білім беру мен оқу дәрежесіне қарай 4 сатыға бөлініп, оқу мерзімі 12-13 жылға созылған:
Бастауыш медресе – ибтидаия деп аталды. Оқу мерзімі – 4 жыл. Рушдия, оқу мерзімі – 3 жыл; Иғдадия – жоғары оқуға дайындық, оқу мерзімі – 3 жыл; Ғалия – жоғары білім беретін саты. Оқу мерзімі – 3 жыл.Ғалияны бітірген шәкіртке «ахун», «молда», «халфе» немесе «мударрис» деген атақ берілген.
Оқу пәндері медреселердің сатысына байланысты белгіленеді. Жоғары білім беретін медреселерде: араб тілі, лексика, этимология, синтаксис, риторика, тарих, Құранды оқу-игеру әдісі; дін үйрену, фиқһ яғни ислам құқығы; жаратылыстану ғылымы: логика, математика, география, астрономия, медицина, табиғаттану негіздері, пәлсапа оқытылған.
Маңғыстау өлкесінен шыққан танымал дін ғалымдары, хазірет пен ахун, ишандар мен молдалардың басым көпшілігі Бекет атамыздан (1750–1813 ж.ж.) кейін шыққаны назар аудартады. Пір Бекетті үлгі еткен, тәлімгер санаған ағартушылар, ахун, ишандар мен молдалар аз болмаған. Солардың бірі әрі бірегейі – Ержан хазірет Төлегенұлы еді.
Бекет атадан кейін өмір сүрген елге танымал дін қайраткерлерінің бірнешеуін атап өтер болсақ, Есек Абдолла хазірет, қырымқұл Әбді ахун, шоңай Шайқы ахун, Ыбырай ахун Құлбайұлы, бәли Нұрнияз ахун (қ.б. 1926 ж.ж), тастемір жары Айдар ишан (1848–1922 ж.ж.), бегей Тұрыс ишан, жаңай Шабар ишан Есенұлы (1860–1932 ж.ж.), Көркембай молда, кеще жары Түйте молда, бәли Көкен молда, бектеміс жары Қарағұл, тоқтамыс жары Төлесін молда, Тұрыш ата (1832–1928 ж.ж.), Шабар ишан (1840–1928 ж.ж.), Шайхы ахун (1881–1959 ж.ж.), Оразмағамбет ахун (1882–1939 ж.ж.), сонымен қатар Абдолла хазірет Жаналыұлы (1856–1919 ж.ж.), Әлжан хазірет Баймырзаұлы (1842–1917 ж.ж.) (1888–1917 жылдар аралығында Фортта мешіт-медресе ұстаған), Әлжанұлы Салтанат (1891–1938 ж.ж.) (1920–1938 жылдар аралығында Фортта имам болған) имамды атап өтуге болады.
Төлегенұлы Ержан хазірет 1887 жылы қазіргі Қаражанбас, Қаламқас жерінде – Керелде, Кеңес үкіметі кезінде Ортаеспе деп аталған ауылдық кеңесте өмірге келіп, 1966 жылы дүниеден озды.
Ержан хазірет алғашқы діни сауатын «Айдар ишан» медресесінде алады. Медреседе зеректігімен танылған Ержан хазірет, жоғарғы діни білім алу үшін Бұхарадағы мәшһүр «Көкілташ» медресесіне түседі. Аталмыш медресені 1924 жылы бітіріп, елге оралады. Ержан хазірет елге келген соң алған білімін үйретуге кіріседі. Жарқұдық деген жерде медресе салып, бала оқытады. 1929 жылы сол медресесін мектеп етіп ашуға үкіметке тапсырады. Ол өте білімді, сауатты еді. Оның орыс тілін білетіндігі, жоғары математика есептерін де шығара алатындығы, астрономия, жағырапияны меңгергендігі ол оқыған медреседе берілген білімінің жан жақты екенін аңғартады.
Ержан хазіреттің қызмет еткен тұсы Кеңес үкіметінің құрылып, дінге тыйым салынған сәтіне тура келгендіктен, діни білімді орны келгенде жасырын түрде үйретуге мәжбүр болады. Діни білімді тек ауызекі үйретіп қана қоймастан қағазға да түсірді. «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, Ержан хазіреттің өз қолымен жазған қолжазба еңбегі «Өсиетнама, ұрпаққа аманат» атымен биылғы жылы жарық көріп, көпшілікке жол тартты. Бұл еңбекте діни рәсімдердің қалай атқарылуы тиіс екені және мұсылман баласы білуі тиіс 40 парыз қамтылған. Хазіреттің бұдан бөлек ауқымды екінші қолжазбасы «Ілімнің бұлағы – тақуалық қайнары» атымен жарық көрді. Бұл еңбек – біз үшін өте құнды. Ислам дінінің алғышарттары мен күнделікті мұсылман баласының білуі әрі орындауы тиіс амалдар жайында тұшымды етіп баяндайды.
Ержан хазірет заманның қиындығына қарамастан, дін үшін сотталса да, дін ислам жолынан ауытқымай өмір сүрді. Қала берсе өзінен кейін ел арасында дінді насихаттайтын, діни рәсімдерді шариғат шарттарына сай атқаратын ізбасарларын да қалдыра білген ұлы тұлға. Ол кісінің батасын алған танымал дін адамдарының есімі әлі күнге дейін ел аузынан тастамайтын тұлғаларға айналды. Атап айтар болсақ, кеще Әбділла, жаманадай Құлшық, жаңай Есбосын, бәубек Айжанақ, бектеміс Қойшыбай молда. Аталмыш дін қайраткерлері ұстаздары секілді ел арасында өздерінің өнегелі өмірлерімен өшпес үлгі қалдыра білді .
Кеңес үкіметі тұсында дінге тыйым салып, дін адамдарын қуғындап, қала берсе ату жазасына кескені баршамызға мәлім. Осындай қиын-қыстау кезде исламның 5 парызын толықтай орындау мүмкін емес еді. Әрбір мұсылман үшін қасиетті Мек ке шаһарына барып, Алланың үйі қағбаны көру, оны тауап етіп, қажылық парызын өтеу – үлкен арман. Қажылық парызды өтей алмай, барғысы келсе де, жете алмай қаншама аталарымыз арманда кетті.
«Ержан хазірет» атындағы қор атамыздың атынан қажылық парызды өтеуді жөн көріп, хазіреттің Алла құзырында мұсылман баласы өтеуі тиіс бесінші парыз қажылықты биылғы жылы жүзеге асырды. Әрине, осынау бақытқа яғни ел сыйлаған, өмірін дінге арнаған Ержан хазіреттің аманатын арқалау маған бұйырды. Сауапты да жауапты аманатты тамыз айында қасиетті Мекке шаһарында өтеуді нәсіп етті. Осылайша ел жүктеген абыройлы қажылық аманатын талапқа сай атқарып келдім. Алла Ержан хазіретіміздің қажылығын қабыл етсін деп тілейміз.
Смайыл СЕЙТБЕКОВ, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы