Қарақия аудандық мәдениет үйінде «Сөнбесін үміт сәулесі» атты концерт өтті. Бұл жай концерт емес, қайырымдылық концерті. Аудан тұрғыны Сақыпжамал Жағабаеваның еміне қаржы жинау мақсатында өткізілді. Қарақия ауданының белсенді жастарының бірі Серік Қосай мен Айнұр Смагулова ұйымдастырған бұл игі шараға ауданымыздың жаны жайсаң, жалынды жастары да үн қосты. Түскен қаражат толықтай Сақыпжамалдың еміне жұмсалады.
Аталмыш кеште қос ішекті қара домбыраның құлағында шебер ойнайтын күйшілер көрермендердің ерекше құрметіне ие болды. Көрікті билерімен, әдемі бұлбұл үнді әншілермен талайды тамсандырып келе жатқан, өнер десе, делебесі қозатын Құрық аулының өнерпаздары әзірлеген әсерлі кеш расында да көңілге көрік берген кеш болды. Екі-үш сағат ішінде сұлулық пен шеберлік қатар үйлескен тартымды кеш көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір өнер көрсетуші жастардың билері кәсіпқой бишілерден кем түспеді. Айта кетерлік жайт, бұл қайырымдылық шараға аудандық мәдениет үйі мен өнер мектебінің өнерпаздары да белсене қатысты. Талай жандардың разылығын алып үлгерген Серік Қосай сынды ұлдарыңыз үлкен істердің ұйтқысы болып, жаны жаралы жандардың сауығып кетуіне септігін тигізіп келеді. Әрине, мейірімді болу – мұсылмандықтың белгісі. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген қазақ мәтелін алға ұстанған қайырым иелерінің арқасында жоғы табылып, көңіл мұңы жазылып, дертіне шипа тапқан қамкөңіл жандардың алғысы ұшан-теңіз боларына сенімдімін. Жақсылық жасауға асығып тұратын Серік Қосай сияқты жастардың жаралы жанға үміт сәулесін қондырған еңбектері еселене берсін! Жастар сыйлаған жүрек жылуы Сақыпжамалдың сауығып кетуіне септігін тигізгей.
«Сөнбесін үміт сәулесі» атты бұл концерт шынында да өте керемет әрі әсерлі өтті. Бір «әттең-айы» залды толтырған ата-аналар мен ауыл жастарынан өзге қызығушылық танытып келгендер болмады. Жаны жайсаң осындай ауыл жастарының жақсы істерін айтып, арқа қағар аға буын өкілдерінің аз болғаны көңілге көлеңке түсіреді. Келесіде жастар өткізген осындай қайырымдылық шараларға халық қалаулылары да қатысса, нұр үстіне нұр болар еді.
Фариза ХАЙДАРОВА