- Сіздің Маңғыстауда өте әдемі жер бар еді ғой, атын ұмытып тұрғаным.. - Біздің жақта әдемі жерлер көп, қайсысын айтып тұр екенсің? - Таудан тамшы ағып тұратын керім жерді айтам. - ТАМ-ША-ЛЫ!
- Иә-иә, дәл өзі, Тамшалы. Осыдан он шақты жыл бұрын, оқушы кезімде Маңғыстауға үй ішімізбен қыдырып барғаным есімде. Сонда бірінші рет көргенмін. Өзіне сай аңызын да естігенмін, ұмыта бастаппын. Келініңіз көрмепті, осы жазда қыдырып барсақ, сол жақты көрсетесіз бе?
- Әрине, қонақжай халық емеспіз бе? Маңғыстаудың табиғатының өзі тамашалауға берілген картина дерсіз. Келіңіз, мақтанышпен көрсетемін!
Осы жазда Атырау қаласынан телефон шалған қайнымның тілегін орындадық. Тамшалы жеріне саяхаттатып, тамаша жердің табиғатына сүйсінтіп келдік.
***
Есте жоқ ерте замандарда деп басталатын аңыз түрі Тамшалы жеріне де аздап қатысы бар. Оны кейінірек айтармыз, алдымен Тамшалының энциклопедиялық таныстырылы мына кезек берейік. «Тамшалы – Түпқараған ауданында, Форт-Шевченко қаласынан солтүстікке қарай 35-шақырымда орналасқан табиғи су көзі. Ол – кәдімгі киіз үйге ұқсас дөңгелек, кеуек үңгір. Айырмасы, тек шаңырағы, уығының иінінен жоғарғы жағы жоқ. Кереге басы дерлік деңгейден кей жерінде тас қабырға шып-шып терлеп, кей жерлерінде себелеп, мұздай әрі мөлдір тамшы бүркіп тұрады. Үңгір табанында шағын көлшік пайда болған. Осыған орай Тамшалы аталып, ол ертеден төңірегіндегі елдің ауыз су көзіне айналған. Ал көл арнасынан артылып аққан су бөгеліп, суармалы егіншілікке пайдаланылып келген. Тамшалының ерте заманнан елді мекен болғандығын сай бойында сыңсып өсіп тұрған тұт ағаштары айғақтайды. Соған қарағанда оған бағзы замандарда Ұлы Жібек жолының бір тармағы келіп жатқан секілді. Қыр басында ерте дәуір ескерткіштері (молалар) сақталған. Сай аяғында 20 ғасырдың 50-жылдарының бас кезінде таратылған балықшы ұжымшары үйлерінің қираған үйіндісі сақталған». Иә, бұрын адамдардың мекен еткен ортасы болса, бүгіндегі Тамшалы – көз тартар мәдени демалыс аймағы. Тамшалы сөзінің шығу тегіне тоқталғанда, «Тамшы-зат есім және +лы (бір нәрсенің бар екенін білдіретін жұрнақ) туынды сын есім жасайтын жұрнағының қосылуы арқылы жасалған» – деп тоқталады Бибатпа Көшімова «Маңғыстау өңірі жерсу атауларының түсіндірме сөздігінде».
Тамшалының өзіне емес, оның орналасқан жеріне байланысты айтылатын аңыз «Мерет туралы» деп аталады. Ал Тамшалы – осы Мерет сайының кішкентай тармағы.
«Осы өлкеде баяғы заманда бір бай болыпты. Оның аты халық жадында сақталмағанмен, есесіне оның жас әйелі Мерет есімін Маңғыстаудың тұрғындары ризашылықпен жиі ауызға алады. Бір күні бай өледі. Мереттің ауылы Тамшалы шатқалының биігінде орналасады. Бір жазда Маңғыстауда ешбір жаңбыр жаумай, дала құлазып, күн ыстығынан қурап, күйіп кетіпті. Ал Мерет болса, өзі жесір қалғанмен ауыл адамдарының құрғақшылықтан зардап шегіп, судан таршылық көрмеуінің амалын іздейді. Көптеген шақырымдарға созылған сор, көксіз, таптақыр дала пайда бола бастапты. Мал жайылымсыз, адамдар нәрлі шұбат пен қымызсыз қалып, ел қатты күйзеліпті. Мереттің күйеуі тірі кезінде оған сайдың табанында, тік жартастың арғы жағында тұщы суы бар құдық барын, ол жайлы оған қойшы ақсақал айтқанын әңгімелеген екен. Екеуі бірге төңіректі аралай жүріп, сол құдықты тауып алуға әрекеттенгенмен, бірақ шатқал түбінен қаулай өскен жусан мен долана қоршаған тік жартастарды көре береді. Долана өскен жерде тұщы судың бары күмән туғызбайтын. Шатқалдағы құстардың ән салуы төңіректі бір жұмбақ күйге түсіретін. Сөйтіп күйеуі қайтыс болып, елдің де сусыз күйі ауырлаған кезде Мерет ауылдың құдық қазу жайын білетін ер азаматтарын жинайды. Шатқалдың өн бойынан терең ор қазып, құдыққа дейін жол салып, қарекет қылу қажеттігін оларға түсіндіреді. Кейбіреулер оған қарсы да шығыпты. «Жаратқан онсыз да жерді опырып, жартасты жарған, Құдайға қарсы әрекет қылу – күнә» деген сөздерін айтады. Бірақ Мерет өз айтқанынан қайтпай, су ағатын жол салдырады. Содан соң ауыл тұрғындарының жағдайы жақсара бастапты. Сондықтан бұл сайдың атын «Мерет сайы» деп атапты» деп келтірілген аңыз туралы «Маңғыстаудың қарашаңырағы – Түпқараған» атты кітапта. Бұл жерде құдық деп келтіргендері таудан аққан Тамшалы сулары болуы да мүмкін. Мереттің салып кеткен жолдары арқылы таудан аққан тамшы сулар жыра арқылы жиналып, көлшік құрап тұрғанға ұқсайды. Себебі шатқал түбінде тамаша көл жатыр. Оның қашан, қалай пайда болғаны белгісіз. Сондай шағын тағы бір көлшік сәл әріректе де бар. Мүмкін олай да емес шығар, Мерет іздеген құдық басқа болуы да мүмкін. Ал Тамшалы шатқалындағы тамшы сулар Жаратқанның құдіретімен пайда болуы да мүмкін емес пе? Табиғаттың сыйы деуге де болады.
Әдемі жерлердің адамдарға қуаныш сыйлап, кеудені ерекше күйге бөлейтіні бар емес пе? Бұл шатқалға адамдар кереметті көзбен көріп, табиғатты жүрекпен сезіну үшін келетін сияқты. Себебі күнделікті қаладағы жасанды дүниелердің дауысы «Мерет сайында» мүлдем жоқ. Борлы сай кескілеген Маңғыстауға тән таулар мұнда да бар. Мүлгіген тыныштықты сай тауының әртүрлі құстарының сайраған үндері бұзады. Әрірек Тамшалы шатқалына кіре берістегі шағын көлдің өз көрінісі өзіне жарасып тұр. Қаулаған қамыс ортасында орналасқан көлшікте су құстарын да көруге болады. Одан әрмен жүрсеңіз, Тамшалының өз шатқалынан Жаратқанның құдіретімен тастан аққан тұщы суды, тамшы тырсылын тамашалай аласыз. Сұлу табиғаттың қайталанбас көрінісін бір сайдың бойына бере салыпты дерсіз. Көз тартар сұлулықты жаны сүйетін адамдар мұнда шығармашылығын дамыту үшін де келетін болған. Әбіш Кекілбаев туған жеріне келіп, демалғанда Тамшалының шатқалына соғады екен. Тек өзі емес, республикаға танымал азаматтардың көпшілігін ертіп келіп, 1992 жылдары осында демалыс ұйымдастырыпты дегенді ауыл ағалары естелік қылып айтып жүр. Республикалық ақындар мүшайрасының жеңімпазы, журналист, күйші, мәдениет қайраткері, марқұм жерлесіміз Тілеумұрат Қожабеков те шығармашылықты әдеміліктен іздеген, оны табиғатпен үндестірген жан екен. Тамшалы оның да жақсы көретін жері болған. Елбасы Н.Назарбаевтың Маңғыстауға сапарларының бірінде Тамшалыға арнайы келгені – бұл жердің тұмса табиғатының кім-кімді де бейжай қалдырмайтынына дәлел. Журналист, облысымызға танымал фотограф Айсағали Қыдырдың Маңғыстау құстарын зерттеп жүргенін білесіз бе?
– Тамшалы аңғарын қысы-жазы айдарлы бозторғай (молдаторғай), үйторғай, қыс айларында құлақты торғай, дала бозторғайы мекен етеді. Көктем мен күзде Сайрақ тектес құстар көп кездеседі. Сондай-ақ қараторғай, алаторғай, жадырақ, сұлыкеш торғайлардың бірнеше түрі, шақшақайдың оннан астам түрі көзге түседі. Жыртқыш құстардан дала бүркіті, тілеміш сынды ірі жыртқыштар, күйкентай, қырғи, тұрымтай сынды ұсақ жыртқыш құстарды көрдім. Жаз айларында бөдене, кекілік, көкек, бұлдырықтардың бірнеше түрін кездестіруге болады. Жазда су жиналған көлге сутартар құстың үш түрі, үлкен аққұтан, көкқұтан, шүрегей, барылдауық үйрек сияқты үйрек тұқымдастар келіп қонады. Сондай-ақ балшықшы құстардың 5-6 түрін көрдім. Торғай тектес ұсақ құстардың Тамшалы аңғарында көп кездесуі онда өсетін шөптер мен дала жәндіктерінің көп болуымен байланыстырамыз, - деді Тамшалы шатқалын мекендеген құстарға жеке зерттеу жүргізген А.Қыдыр бізге берген сұхбатында. Осы жердің әдемі табиғаты да, оның құстары да әдемі кадрларға таптырмайтын көрініс. Тек сурет емес, кино кадрларына әдемілік берген Тамшалы – Әбіш Кекілбайұлының «Кек», «Шыңырау» сынды шығармаларының желісі мен кино түсірілген жері.
Әр мезгілде әртүрлі күйге енетін Тамшалы жазда көкорай шалғын болса, күзде сары өңге енеді екен. «Ақкетік арайы» газеті редакциясының ұйымдастырған медиатурында осы жерге күзде келу бұйырыпты. Көк шалғынның сарғайып, табиғаты ұйқыға кетуіне ыңғайланып жатқанына ұқсаттық. Себебі жаздағыдай табиғат шуылы сәл бәсеңсіпті. Тамшалы шатқалының қыстағы көрінісін Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкері Нұрсәуле Дауымшарова «Қойнауы толы киелі мекен» атты мақаласында: «–Қысты күні күшті аяздарда үңгір қатты өзгеріске ұшырайды. Сорғалаған су қатып, уақыт өте мұзды стаколит немесе сталагмин (тау үңгірі төбесінен аға-аға сүмелек түрінде салбырап тұратын әк тұнба) таң қаларлық бағандар қабырғаларына айналады», - деп бейнелепті. Тамшалы шатқалы – уақыттың қай мезгілінде де тамашалауға тұрарлық мекен.
«..Күнделікті пендешілік ғұмырдың жетегіне жегіліп жүріп, тау мен даланың, сай мен саланың сырын ұғынуға ұмтыла бермейді екенбіз. Талабы барға «таны да, оқып ал», жанары барға «жадыңа тоқып ал» деп тұр ғой туған табиғат» деп бір сөзінде ақын, журналист ағамыз Медет Дүйсеновтың айтқан сөзі бар еді. «Туған табиғаттың қадірін қаншалықты біліп, қастерлеп жүрміз?» деген сұрақты осыдан кейін өзіме қоятын болдым. Басқа жақта осындай тау аңғарынан ағып тұрған тамшыларымен, оның сыбдыр-сыбдыр аққан дыбысымен, көк айдынымен, өзіне тән көлімен, бауырайында әдемі құстарымен көмкерілген жер бар ма екен?», - деп өзімнен күмбірлей сұрап та алдым. Болмай-ақ қойсыншы, деймін іштей. Неге дейсіз бе? Әлем де осындай жер біреу болса, оны тамашалау үшін адамдар арнайылап келмейді ме, туризм дамымайды ма? Шетелде туристік жерлерді қолдан жасап әлек болып жүргенде, Маңғыстауда «табиғат сыйлай салған» әсем жерлер жетерлік. Әттегенайы, «табиғат сыйлай салған» әдемі жерлер ішкі туризмді де қамтымай, өңірдің өзінен әрі асып кете алмай тұр. Оның республикалық немесе шетелдік дәрежеге танылуы үшін туризмді дамыту жұмыстарының жүйелі жүруі керек екені айтпаса да түсінікті.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="65755,65752,65750,65753,65751,65754"]