Маңғыстау облысының "Достық" үйінде көпұлтты еліміздің этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері бас қосты.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын талқылау бойынша «Қоғамдық келісім» КММ, өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшыларына арналған тоқсандық практикалық семинар-кездесуді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев кіріспе сөзбен ашты.
- Маңғыстау өңірі–бағзы заманнан құпиясын ішке бүккен, көшпелілердің ата-қонысы болған құтты өлке, - деді ол. - Өздеріңізге белгілі, осы зәулім ғимаратта ағымдағы жылдың 12 тамызында 5 елдің басшылары бас қосқан Бесінші Каспий саммиті өтті. Сонымен қатар облыстық деңгейдегі маңызды шаралар да осында өтіп жатыр. Бүгінде өздеріңізбен алқа құрып, кездесудің сәті түскеніне өте қуаныштымын. Мемлекет басшысы Нұсрұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында маңызды жұмыстарды белгіледі. Жолдаудың жүзеге асырылуы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың, Отанымыздың гүлденуінің берік кепілі болатынына сенімдімін. Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасымыздың «Қазақстан–бір ел, бір халық, бір болашақ» қағидасын ұстанып, елімізде тұратын барлық этностардың бірегей төл мәдениетін сақтап, ұлтаралық қатынастарды жетілдіру мен үйлестірудің басты институты болып табылады. Тәуелсіз Қазақстан халқының дамуында біздің мемлекетіміздегі жалпыұлттық бірліктің, келісім мен ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды рөл атқарып тұрғандығы белгілі.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Н.Шанаи, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі А.Башмаков, «Нұр-медиа» холдингі бас директорының орынбасары М.Споткай, ҚХА мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ мен этномәдени бірлестіктердің басшылары, білікті медиаторлар, мәдениет саласының қайраткерлері, жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысты.
Сөз сөйлеген әр ұлттың өкілдері тәуелсіз Қазақстанда ұлтараздық жоқ екенін, әркімнің жеке бастамасын жүзеге асыруына кедергі жоқтығын, кез-келген ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің ешқандай кемсітусіз, ұрпақ өрбітіп, ел қатарлы өмір сүретінін мақтанышпен айтты. Сондай-ақ Ұлт Көшбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қойып отырған міндеттерді орындауға кең-байтақ қазақ жерін мекендеген өзге ұлттардың ат салысып келе жатқанын және осы жолдағы соны серпілістің республика дамуына үлкен септігін тигізерін сенімді түрде жеткізді.
Сонымен қатар семинар аясында білікті медиатор, ҚХА медиаторларының тағылымгері Б.Түсіпбекова «Заманауи қоғамдағы медиацияның рөлі» тақырыбында мектеп медиациясы бойынша, ал «Нұр-медиа» холдингі бас директорының орынбасары М.Споткай «Жаңа ақпараттық шындық: сын-қатерлер, қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбында тренингтер өткізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА