Елімізде көптеген өңірлердің тұрғындары жергілікті биліктің шешім қабылдау, яғни жергілікті өзін-өзі басқару процесіне белсенді қатыспайтыны рас. Мұның себебі жергілікті өзін-өзі басқаруды толық түсінбеуден, бұл жөнінде толық ақпараттанбаудан болуы мүмкін.
Жақында «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған сұхбат алаңында осы мәселе көтерілді. Бұл басқосу Сорос-Қазақстан қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылатын жергілікті билік органдарын, жергілікті қауымдастық мүшелерін және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, жергілікті деңгейде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған «Маңғыстау облысының қоғамдастық мүшелерінің, жергілікті билік органдарымен өзара әрекеттестігін күшейту» атты жобасы аясында өтті.
Оны ашып, жүргізіп отырған «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Жібек Ахметова азаматтардың немқұрайдылығы тұрғындардың өз ауылын дамытып, көркейтуге деген жауапкершілігінің төмендеуіне апарып соқтыруы әбден мүмкін екенін атап айтты.
- Шынында, жергілікті өзін-өзі басқару ауыл әкімдерінің тұрғындармен тығыз серіктестік орнатып, ауыл тұрғындарын шешім қабылдау процесіне белсенді қатыстыруды көздейді, - деді ол. - Бірақ бұл механизм іс жүзінде көрініс таппай отыр. Сондықтан барлық мүдделі тараптардың әлеуетін көтеру және тұрғындардың өз ауылын дамыту бойынша белсенді араласу тәжірибесін көрсету қажеттілігі туындайды.
Сондай-ақ ол табиғаты, географиялық жағдайы Маңғыстауға ұқсас Қызылорда облысына өңіріміздің ауыл әкімдері, жергілікті қауымдастық мүшелері және кәсіпкерлерінен құралған делегация барып келгенін жеткізді. Ондағы мақсат — аталған жоба аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізудің экономикалық, технологиялық және әкімшілік тиімділігін арттыру. Ол жерде Маңғыстау облысының делегациясына Қызылорда облысының жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу және дамыту тәжірибесімен қатар, кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі де пайдалы болды.
Делегация құрамында осы сапарға қатысып қайтқан азаматтардың бірі, Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылы ауданы әкімінің орынбасары Бекболат Қасымов көрген-түйгендерін әріптестеріне жайып салды.
Оның айтуынша, Қызылорда аймағында бірді екі етіп, қомақты табыс тауып отырғандардың бірі — «Балық» кәсіпорыны көрінеді. Онда жаңа ауланған көксерке балықтың жұмсақ еті шетелдерге экспортталады. Балықтың басы мен құйрығы түгілі, қу сүйегі де кәдеге жарап жатыр. Ұнтақталған сүйектер судағы балық пен жердегі тауыққа азық. Бір сөзбен айтқанда, балықтың сыртқы қабыршағынан басқа ештеңесі ысырап болмайды екен. Әсіресе, ең жағымдысы—шет елдерге шығарылатын балық бағасының 1 килосы 7 АҚШ доллары, ал жергілікті тұрғындарға 1 АҚШ долларынан сатылатындығы.
Қызылорда сапарынан алып қайтқан тағы бір жақсы өнеге Нағи Илясов ауылында екен. Ауылдастарына көптеген құрылыстар, спорт кешенін, ауыл әкімдігі ғимаратын салып берген Абзал Ералиев туған ауылын көркейтуге миллиардтаған теңге жұмсаған. Арнайы бөлінген 60 миллион теңге ауылдың күнделікті жағдайын жақсартуға жұмсалып отырады.
Осындай жағымды жайттардан хабардар еткен Бекболат Қасымов ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты өз ұсыныстарын да айтты.
Төлеп ауылының жеке кәсіпкері Абат Молдағалиев те өңірде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша Қызылорда тәжірибесін пайдалану жайында өз пікірімен бөлісті.
Сондай-ақ сұхбат алаңында «Ауылды бірлесе дамыту» жобасы аясында ұйымдастырылған «Бизнес идея» байқауының жеңімпаздары таныстырылды. Олар— Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының жеке кәсіпкері Нұрқия Бекниязова, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылының жеке кәсіпкері Сәнім Досжанова және Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының жеке кәсіпкері Нұрсәуле Ізбасарова.
Жиналғандар «Ең үздік ауылдық бастама» байқауының жеңімпаздарына да қошамет көрсетті. Жеңімпаз жобалар — Жыңғылды ауылынан Сара Көшбаеваның «Ана мен бала денсаулығы болашақтың бастауы» жобасы, Сарға ауылынан Хамит Жұмашевтың «Жарық көше» жобасы Құрық ауылынан, Қонысбай Тлеуовтың «Дене шынықтыру мен спорт мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірінде» жобасы, Бейнеу ауылынан Набия Айлашованың «Жайдарлы» балалар ойын алаңы» жобасы және Қызылөзен ауылынан Күрең Медеуованың «Ауыл орталығындағы саябаққа су жүйесін жүргізу» жобасы.
Қос байқаудың жеңімпаздарына тиісті сертификаттар табысталды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА