Ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек еткен, белгілі ақын, бірнеше кітаптардың авторы Медет Дүйсеновтің «Таушық жерінің көне тарихы» атты 9,5 баспатабақтық тарихи-танымдық толғам кітабы 2010 жылы Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасынан 500 данамен жарық көрген.
«Таушық дегенде, талай нәрселер ойыма оралады. Таушық – балдәурен бозбала шағымның алтын арқауы, бастапқы бастауы болған босағам. Таушық – азамат атанып атқа мініп, алғаш жұмысқа жарап ел үшін еңбек еткен жерім. Таушықтың туған жерімдей болып кеткені соншалық, оны менің сана сарайымнан шығарып алу, жадымдағы керегесін жайған жұртынан ажырату еш мүмкін еместей» деп еңбектің алғы сөзінде Медет ағаның өзі айтқандай, сырттай көзге әлім-берім көрінген шағын кітаптың атауынан-ақ оның салмағы кішігірім энциклопедияңнан кем түспейтінін іштей жобалап қолға алдық.
«Толқындар мен тайпалар» аталатын бірінші бөлімінде автор көне Каспийдің түптарихымен ежелгі Кас (Каспий) тайпасының тарихын: «Тарихи зерттеу деректеріне қарағанда, Каспий атауы біздің заманымызға дейінгі V ғасыр мен біздің заманымыздың І ғасыры аралығында пайда болған. Бұл атау осы теңіздің шығыс жағалауын мекен еткен ежелгі Кас (Каспий) тайпасының атынан шыққан-ды. Каспийге тұмсық тіреген құрлықта көптеген сақ тайпалары түтін түтетіп, тіршілік еткен» деп сабақтастыра өрбітеді.
Туған жердің ой-шұңқырын шұқшия зерттеу барысында ақын көне дәуірлерге көз жүгіртіп, бірауық географ, археологша ой сараптайды. Бір кездері мамонттар жайлаған өлке мұз басу мен судың тартылуынан, қайта толығуынан, жерасты қабаттарының күрделі қозғалысқа түсіп, орасан өзгеріске ұшырауы «...нәтижесінде Таушық жерінде таулы қыраттар мен биік жоталар бұдан 7–9 мың жылдай бұрын, ортағасырлық мезолит дәуірінде пайда болған еді» деп тұжырым жасайды.
«Төрорпаның тас жебесі» бөлімінде автор палеолит, неолит дәуірінің тас құралдары мен Қаратаушық петроглифтерінің сырын ашуға талпыныс жасайды.
Сонымен қатар автор бұл еңбегінде жергілікті аңыздардың шығу төркініне, Шақпақ ата, Даныспан, Бибі сұлу, Ешкіқырған қорымдары, ондағы ескерткіштер тарихына ерекше тоқталып, «Таушықтың қазыналы топырағын» сүзгілей сараптайды. Көмір, темір, мыс, кварц, фосфорит т.б. қазба байлықтарының түп-тереңіне шолу жасайды.
«Атаулар не айтады?» бөлімінде Таушық жеріндегі және оның төңірегіндегі жер-су атауларына түсінік береді.
Мысалы, «Уаның ойы – Таушықтың оңтүстік-шығыс бағытындағы, Еңселі, Шоқырақты тауының түстігінде жатқан ойдың аты.
Уады+ой сөздерінен жасалған атау. «Уады» араб тілінде – ағып жатқан су деген мағынаны білдіреді...».
Бұл жерде автор өзінің тіл ғылымын жақсы меңгерген оқушы екенін аңғартады. Ақындығына қо са, көсемсөз шебері ретінде көпке танымал Медет Дүйсеновтің сазгерлік қыры барлығын да көпшілік біле бермеуі мүмкін. Енді осы кітапты оқыған оқырманға оның тағы бір қыры – зерттеуші-өлкетанушылығы белгілі болды. Сонымен бірге аталмыш еңбекті асықпай парақтаған кісі автордың суретшілік бейімін де байқайды деп ойлаймыз.
«Шағын мекеннің шалқар тарихынан шет-жағасын ғана шолып шыққанымызды айтқым келеді. П.Лаплас айтпақшы, «Біздің білетіндеріміз – шектеулі де, білмейтіндеріміз – ұлан-ғайыр». Оның шын мәнісіндегі сындарлы мүсінін сомдау, бізден кейінгі ұрпақтың көтерер жүгі болмақ. Таушық жері төрткүл дүниеге танымал болмаса да, оның таусылмас тарихы, қандай дуалы ауыздың мүдірмей айтуына да, іркілмей қалам тартуына да татиды», – дейді автор аталмыш еңбектің соңында.
Туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігін қызыл сөзбен емес, құнды еңбекпен дәлелдеген Үлкен Дүйсеновке жазар көбейгей дегіміз келеді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ