Тарихы 1993 жылдан басталатын Сорос-Қазақстан қоры–қоғамдық қайырымдылық қорының басты мақсаты – Қазақстанда демократиялық ашық қоғамның дамуына жәрдемдесу болғандықтан қор еліміздегі білім беру, БАҚ, адам құқықтары, әйелдер бағдарламалары, қоғамдық салауаттылықты сақтау, әлеуметтік, құқықтық және экономиялық реформалар бағытында бастамалар мен бағдарламаларды жүзеге асырады. Олар үшін гранттар бөледі. Жақында Маңғыстау облысында Сорос-Қазақстан қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылатын «Маңғыстау облысының қоғамдастық мүшелерінің, жергілікті билік органдарымен өзара әрекеттестігін күшейту» жобасы аясында «Ең үздік ауылдық бастама» байқауы өтті. «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған бұл байқауға 31 өтініш келіп түскен. Өтініш-жобаларды арнайы комиссия қарап, іріктеу нәтижесінде 5 жоба жеңімпаз болып, қаржылық қолдау иеленді. Олар — Жыңғылды ауылынан Сара Көшбаеваның «Ана мен бала денсаулығы болашақтың бастауы» жобасы, Сарға ауылынан Хамит Жұмашевтың «Жарық көше» жобасы, Құрық ауылынан Қонысбай Тлеуовтың «Дене шынықтыру мен спорт мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірінде» жобасы, Бейнеу ауылынан Набия Айлашованың «Жайдарлы» балалар ойын алаңы» жобасы және Қызылөзен ауылынан Күрең Медеуованың «Ауыл орталығындағы саябаққа су жүйесін жүргізу» жобасы. Ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жеңімпаз жобалардың сәтті іске асуып, ауылдықтардың қажетіне жарауына тілекшіміз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА