©
Арғы-бергі терең тарихты қозғамағанның өзінде, күні кешегі кеңестік қоғам жүйесінің күйреуі қарсаңындағы елдік мәселелер жолындағы жанкешті күрес, қоғамдық белсенділікпен келген оң нәтижелер, ұлттық мәселелердің үлкен күреспен, тіреспен, айтыс-тартыспен шешім тапқаны әлі күнге көз алдымызда. Кеңестер одағында экономикалық мешеуліктен басталған дағдарыс 1986 жылы жариялылық пен демократияны өмірге әкелді. Сөйтіп, әміршіл-әкімшіл жүйеге сүйенілген қасаң қоғамның қабырғасы сетінеп, КСРО құрамындағы көптеген республикаларда ұлт-азаттық қозғалыстар мен ұлттық салт-сана қайта ояна бастады. Тбилиси, Сумгаит, Баку, Балтық елдеріндегі кең көлемді демонстрациялар мен митингтер, пикеттер толқыны 1986 жылғы Алматыдағы атақты Желтоқсан көтерілісі және 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасымен түйінделді.
Өкінішке қарай, осынау қайта құру аталған дәуірде Маңғыстау облысы әлдекімдердің керқасиет, теріс пиғылынан 1988 жылы қайтадан жабылып қалып, басынан едәуір тауқымет өткізді. Осы бір ел санасы дүр сілкініп келе жатқан күрделі кезеңде көпті көрген тағдырлы өлке жұртының алдында Тәуелсіздік үшін күреспен қатар, облысты қайта құру, Ақтау қаласының тарихи-табиғи есімін өзіне қайтару, халықтың ұлттық сана-сезіміне серпін беру үшін жабылып қалған қазақ тіліндегі газетті қайта қалпына келтіру, таза ана тілімізде білім беретін мектептер, балабақшаларды, өнер мектебі, колледжін ашу т.б. көкейкесті мәселелер күн тәртібінде тұрды.
Сол облыс жабылып қалған 1988 жылы жазылып республикалық газетке жолданған мақала мен облыс басшылығына жолданған материалды және өткеннің өрнегін тізген публицистикалық сарындағы дүниені таяуда ғана аталып өткен Ақтаудың 55 жылдығы орайында газет оқырмандары назарына қысқартып ұсынуды жөн көрдім.
Қазақстан! Қазақ даласы!.. Бұл сөзде «Россия», «Украина» дегендейін терең мән-мағына жатыр. Бұл – қазақ халқының атам заманнан бері қоныстанып келе жатқан төл жері, атамекені. Біле білгенге бұл ұланғайыр кең дала оңайлықпен көсіле салған дүние емес...
Бүгінде жаңарған кең тынысты байтақ та қарышты Қазақстанды еліміздегі жүзден астам ұлттың өкілдері қоян-қолтық бірлесе игеріп, оны бауырластық үлгісі – «интернационалдық семья» деп атаса, бұған қалай масаттанбасқа! Жерімнің қойнауындағы қолат-қолат кен-байлықтарды толыққанды игеруге күш-жігер қосысып, тату-тәттілік, ынтымақтастық танытқан бауырлас барша ұлтқа да ақ жүрегін, ақ пейілін жайып салатын, кезі келгенде олар үшін де жан қияр достықтан тайынбайтын халқым барына мақтанамын әрі өзімді бақытты санаймын. Досты сатпайтын, оған жамандық ойламайтын, қайта әрқашан ақжарқын көңілі, айқара ашық құшағы, қонақжайлық шырайымен қарсы алар қазақы қасиетті, сірә, кім жоққа шығара алар?!
Сонымен бірге менің халқымның ата-баба қаны тамған туған жер, көне замандардан бері қарай қалыптасқан халықтық игі салт-дәстүр, рәсімдерге де асқан сергек сезімталдықпен қарайтынын баса айтар едім.
Туып-өскен, кіндік кескен топырағын сүймейтін адам болмайды. Оның әрбір тау-тасы, ой-қыры, бабалардың жер-суларға тауып қойған, сан ғасырлардан бері келе жатқан атаулары сол өлкенің, сол халықтың перзенттерінің жүрегіне оттай ыстық!
Бірде әкеміз айтты: «Балаларым, жүріңдер, сендерге ата-бабаларыңды көрсетіп қайтайын». Сөйтіп, біз Маңғыстау түбегінің Орта-Еспе аймағының аумағындағы көне қауымдарда жерленген жеті атамыздың қабір бастарында болдық. Нағыз балықшы тұқымның ұрпақтары екенімізді де білдік.
Бала кезіміз. Тағы бірде әкеміз айтты: «Ертең Ақтауға апарамын сендерді». Біз қатты қуанып кеттік. Өйткені, бала болсақ та, өңірде жаңаша бой көтеріп келе жатқан ару қала туралы айтылған әңгімелерді аңыздай көріп тыңдайтынбыз. Бұрын қала көрмеген ауыл баласы үшін бұл – бір керемет сәттер ғой...
Кейіннен дәл осынау қалаға «Шевченко» деген атау біржолата берілді. Алайда, жергілікті тұрғындар әлі күнге «Ақтау» деп атайтыны жасырын жайт емес. Бұл мәселе жергілікті тұрғындардың орынды талап-тілегі талай мәрте, талай жерде сөз болып келді де. Өкінішке қарай, қала есімі бұрынғы күйінде. Себебі біздің білуімізше, қала атын бұрынғы атауына сай өзгертсе, украиндармен арадағы бауырластыққа кір түседі..
«Жоқ, кешіріңіздер дер едім, мен украин бауырларға, инабат иірімдерінен асып кетпесек екен. Ұлы Кобзарь жеті жыл айдауда болған жерде Форт-Шевченко атты тарихи байырғы қала бар.Қала халқы Тарас есімімен байланыстының бәрін күні бүгінге дейін ардақ тұтып, аялап келеді. Күні кеше ғана дүниеден өткен өлке зерттеушісі Есбол Өмірбаев бар ғұмырын ақын музейінің гүлденуіне арнады десек, артық айтқандық емес. Ал Тарас бағында ақын сонау заманда еккен қызыл сәмбі тал жапырақ жайып жайқалуда. Енді не дейсіздер, достар?»
Каспий жағалауындағы екінші бір қаланың да Шевченко боп аталуы жарасымды бола қояр ма екен? Бұл жердің бедері, сипатына сай халық әуелден әбден әспеттеп, суреттеп образды түрде қойған поэтикалық «Ақтау» деген тарихи төл атауы бар. Бұл атаудың өзгертілуіне, жергілікті халықтың жүрегіне жара салуға себепші болып, арғы түбін ойламай ұсыныс-бастама қылған кім екен деген ой туады. Бұл-дағы бір тоқырау кезеңінің, әупірім саясаттың кем-кетігі, әнебір ойлы, келісімді дүние емес. Тарас Шевченконы прогрессивті ұлы ақын ретінде бүкіл әлем біледі, бірақ айдауда жүрген кезінде ол осы жер үшін, мұндағы тұрғылықты ел үшін айрықша не істеп қойыпты?!
Ал терең бойлап айта берсек, арғы-бергі замандарда бұл жерде осынау киелі өңірді қорғаған батырлар да, ақындар да көп өткен. Әйгілі революционер, жаңа қоғам орнатушылармен де өлкенің қат-қабат байланысы бар. Бірақ жер, яғни қай мекен болмасын халық қойған жарасымды әсем атауымен аталғаны мың жерден алғанда да әділетті болмақ. Мұны Маңғыстау топырағының байырғы жұртшылығы талап етіп отыр.
Осындай олқылықтардың орнын толтыруға бірден-бір себепші болар баспасөз органдары екені даусыз. Өкінішке қарай, мұнда да жергілікті халықтың талап-тілегі ескерілмеуде. Өйткені, әлеуметтік әділеттілік орнықпай отыр. Орыс тіліндегі «Огни Мангышлака» газеті облыс жабылғанымен бұрынғы күйінен еш айнымастан шығуын жалғастыруда. Ал «Коммунистік жол», одан бұрынғы «Жаңарған Маңғыстау» газеттерінің із-тұзы жоқ. Мұны қалай түсінуге болады? Жергілікті халық өкілдерінің за- ман ағымына сай ұлттық сана-сезімдері де толыққанды өсіп, жетілді. Қаладағы қазақтар саны әлденеше мыңдап саналады, олар халық көзі саналатын газет ашуға, оны жаздырып алуға және оның бұқаралық рөл атқаруына атсалысуға ынталы. Жалпы қалалық газет ашылатын болса, алғашқы жылдардың өзінде-ақ 10–15 мың шамасында тираж ұстауға толық мүмкіндік бар екендігі айқын аңғарылады. Ал материалдық база турасында айтсақ, қалалық партия, атқару комитеттерінің жақында жаңа, ауқымды да сәнді ғимаратқа көшкенін, онда орыс тіліндегі газет редакциясының да орын тепкенін, ендеше қазақ редакциясына да бұл жөнінен таршылық пен тапшылық болмайтындығы айқын. Таяуда ауқымы атшаптырым жаңа типография салынып бітті, база бар, мүмкіндік бар, сонда проблема туғызатындай кедергі не?
Қорыта айтқанда, мұндай мәселелерге аса сақ қарасақ, зерделілік танытсақ, негізінен жер, ел тарихына көлеңке салмауды ойласақ, жергілікті халықтың талап-тілегімен санассақ, инабат иірімдерінен аспасақ, жарасымды дүниелерден қашпасақ, ешқандай дау-дамай болмас еді, бәрі де орнымен болар еді дегіміз келеді. (31.10.88 )
Қайта құру, демократия, жариялылық бүгінгі күнде советтік өмірдің пәрменді күші, жарқын сипатына айналып отырған шақта, еліміздегі революциялық ауқымдағы осынау белсенді бағытты, тың да жаңаша өзгерістерді, ілгері басқан қадамға кедергі, оралғы болған олқы тұстарымыз бен тоқырау заманынан қатталып қалған алуан проблемаларды ашып көрсетуде партиямыздың оң көзі саналатын баспасөз органдары мен журналист-тілші қауымға үлкен міндеттер жүктеліп отыр.
КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары М.С.Горбачев жолдас осынау батыл бетбұрыстар кезеңінде бұқаралық насихат құралдарының кең мүмкіншілігін көрегендікпен көре біліп, Орталық баспасөз органдары басшылығымен бірнеше мәрте кездесіп, пікірлескені, қайта құру кезеңіндегі олардың рөлін жоғары бағалағаны әрі биік талаптар қойғаны белгілі. Баспасөз қызметкерлеріне, творчестволық интеллигенция өкілдеріне деген партиямыздың қамқорлығы да жыл өткен сайын күшейе түсуде. Өйткені, қаламгерлер, өнер қайраткерлері қоғамымызды алға апаруға, дамытуға кесел келтіретін алуан қоғамдық дерттердің бет пердесін сыпыруда ғана емес, сондай-ақ адам факторын жандандыруда, адамның рухани бітім-болмысын сомдап, қуаттандыруда да зор тәрбиелік мәні бар бай қазынаға – қалам-қаруға ие. Сондықтан партиямыз бен үкіметіміздің бүгінгідей ескі мен жаңаның қым-қуыт күресі жағдайында журналистерге көп сенім артуы түсінікті.
Бүкіл еліміз бойынша ұлттық республикаларда қос тілділік проблемасын егіз өрістетуде лениндік стильдерді берік орнықтыру мәселесі кеңінен қолға алынып жатқандығын да айта кеткім келеді.
Өкінішке қарай, бұл екі көкейтесті проблема – журналистерге қамқорлық жасап, олардың қалам қуатын революциялық процестердің берік орнығуына бағыштау, жергілікті жерлерде тұрғылықты халықтың тілі, дәстүрі, тарихына кеңінен мән беру жайы, сөздің шындығы керек, біздің тұратын қаламызда сын көтермейтін жағдайда.
Қос тілділік проблемасын тікелей алып қарар болсақ, мұнда ащы шындықты ашына айтуға тура келеді. Бұған қала басынан толып жатқан мысалдарды тізбелеуге болады. Мен олардың бәрін бірдей қазбаламай-ақ, басты-басты деген үшеуіне тоқталсам да жетіп артылатын сияқты.
Облыстың жабылуына орай, облыстық «Коммунистік жол» газеті де жабылды. Облыс құрылғанша қазақ тілінде шығып тұрған «Жаңарған Маңғыстау» газетінен де із-тұз қалмады. «Мұнайлы жаңалығы» газеті, сірә, өз алдына. Ал «Огни Мангышлака» штаты да, форматы да еш қысқармастан, қысқаша айтқанда, мұртын балта шаппастан шығуын жалғастырып жатыр. Біреулер осы газеттің бәз-бір беделін асыра әспеттегісі келеді. Бұл газетті мен де оқымай отырғаным жоқ. Негізінен ресми материалдар және программа, хабарландырулармен толтырылады. Қалалық газеттің функциясы, біздіңше, қала өмірін толыққанды көрсету болса керек. Ал мұнда әнебір ірі проблемалардың көрініс тауып жатқанын көре алмадым. Бұл ретте мен бұл газетті соншалық бір даттауға бағыт ұстанып отырған ештеңем жоқ, алайда әділеттіліктің, шындықтың, партия саясатының орнығуы тиіс емес пе. Біз қай жерде мәселе көтермейік, алдымызға «Огнидің» тиражының көптігін көлденең тартады. Ал сол газетке жазылушылардың басым көпшілігі оны программа және әртүрлі мазмұндағы хабарландырулар үшін алатындығы да жасырын жай емес. Бұл газеттің бетінде жергілікті ұлттың тілі, тарихына, әдет-ғұрпы, дәстүріне арналған материалдар жоқтың қасы. Интернационалдық тәрбие мәселесі де жан-жақты қамтылмайды. Бұл ретте бұрынғы облыстық газеттердің оңды практикасы бар еді. Қос тілділік жөніндегі республика Орталық Комитеті қаулысының талаптарына орай қазіргі қалалық газетті екі тілде аударма түрінде немесе екі тілдегі өзіндік беті, бағыт-бағдары бар орган ретінде шығаруға неге болмасқа?
Шынында, қалталарында білдей дипломдары бар, кешегі қаламы ұшқыр деген журналистеріміз бүгінде кім көрінгенге күлкі болып, қалада жұмыссыздық құрсауында жүргені қайғылы әсер қалдырады. Міне, қайта құрудың бірден-бір жақтаушылары, ту көтерушілері – журналистердің шырғалаңы осындай. Біз облыстық партия комитетінен өзімізге тиісті қамқорлық болғанын қалаймыз.
Ендігі бір проблема – қаланың атауы туралы. Жергілікті халықтың талап-тілегі бойынша жер атауы, қала атауы бұрынғыша «Ақтау» болып қалпына келуі керек. Тарас есімімен байланыстының бәрін Форт-Шевченкодан толықтай таба аламыз.
Үшінші мәселе – қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Баев жолдастан қалалық партия комитетінің конференциясында жасаған баяндамада қазақ мектептерінде гуманитарлық пәндерден басқаларын орысша жүргізуі керек деуі үлкен қателік екендігін ескертеміз. Қайта, керісінше, бәрін де өз тілінде жүргізе отырып, орыс тілін үйретуге күш салу керек. Ал орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті негізгі пән ретінде оқытылуға тиіс. Бұл – уақыт талабы. (28.11.88)
Ұзақ жылдардан бері тағдыры тәжікеге түсіп келе жатқан бір рухани қажетіміз – Ақтауда мешіт салу.
Егер сәнді-салтанатты мешіт ғимараты бой көтерер болса, онда да ұлтты, ұрпақты қалыптастыруға бағышталған неше алуан имандылық істерді қолға алуға болады емес пе? Ораза айт, құрбан айт сияқты діни-көпшілік мейрамдарды дүйім жұрт болып мешіт маңында тойлау да орынды. Алла тағалаға, ата-бабаларға тағзым ретінде, өлі әруақтардың құрметіне ас ұйымдастырудың қай кезде де айыбы жоқ.
...Ендігі бір жетпес-жұқалтаң тұсымыз – кәсіби драма театрының жоқтығы. Ал мұндай ұжымдар Қазақстанның барлық аймақтарында бар. Менің осы тақырыпты қозғап, проблема, зәру мәселе етіп көтергеніме табаны күректей он жыл (1990) өтіпті Ұлттық менталитеттің, ұлттық дәстүрдің, ата салт пен мәдени үлгінің өмірге оралуына Наурыз мерекесі де даңғыл жол аша алмақ. (15.02.2000)
Ұлттық гимназия: оған қамқор көзқарас керек
...Онанда, біздің ойымызша, бюджет қаржысы қазір баршылық болып тұрған тұста осы бір қазақ гимназиясын өгейсітпеу, ішін де, сыртын да әрлеп, сәндеуге қаржы қарастырылса. Асылы, барды өзіңнен аяп, өзгеге бөлудің жөні қайсы?! Қай-қашанда жеке бас мүддесі емес, түбегейлі ел, ұрпақ-ұлт мүддесі туралы парасаттылықпен ойланатын мезгіл жеткен жоқ па?!
Аралас мектептерден біздің қазаққа пайда жоқ екенін уақыт көрсетті. Ендеше, қазақ мектептеріне, оның ішінде ұлттық гимназияға қырын-қабақ қарау бүгінгі таңда өрелілік деп айтуға тіпті де болмайды. …Бұл ретте, біріншіден, балаларын әлі күнге орыс мектептеріне беріп келе жатқан ата-аналарға қарнымыз ашпай тұра алмайды. Егемен елімізде ана тілін қанықты меңгерген жеткіншектерде болашақ молырақ болатынын ертеңгі күн көрсетері анық… (12.06.2001)
Ұлттық рух пен намыс – киелі ұғым. Адам бойындағы мұндай асыл қасиеттер туралы ойлағанда баяғы батыр бабалардан бастап, күні кешегі Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы, одан берідегі Жаңаөзен қаласынан бастау алатын біздің облысымыздағы дүрбелеңдер еріксіз ойға оралады...
Ақтау туралы ойлағанда, бұл қаланың біразға дейін Шевченко атанып келгенін баршамыз білеміз. Әрине, осынау дарқан даланы қазаққа көзсіз батырлықпен алып берген жергілікті ұлттың даңқты баһадүрлері мен алмас қылыштай жарқылдаған азулы шайырлары назардан тыс қалды. Осы өңірде ата-бабалары ғасырлар бойы балық аулап, мал баққан, жасанып жарақ асынып, сән-салтанатты ғұмыр кешкен жергілікті халықтың ұрпақтары көз алдында ата-баба зираттары жермен-жексен болып қана қоймай, қаланы келімсектердің билегені және оның атауының да өзгеріп кеткеніне қатты қынжылумен болды.
Алайда 360 әулиелі, Бекет ұранды ел тыныш жата алмады. Табиғатына сай тарпаң мінезді өлкенің Адай болысы, Адай уезі, Адай революциялық комитеті атануы да жәйдан-жәй емес-ті. 1870–1873 жылдардағы ақ патша озбырлығына қарсы Иса–Досан көтерілісі, 1930 жылдардағы Адай көтерілісінің бұрқ ете түсуі де бұғалыққа көнбейтін тентектік пен тектіліктің көріністері еді.
Өн бойына бар байлықты бүккен абыз Маңғыстаудың өз алдына шаңырақ көтеріп, туын тіктеуіне халқымыздың данышпан ойлы ғұлама азаматы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев зор еңбек сіңірді. 1973 жылы бой көтерген облысқа бірінші басшы болып келген Тұтқабай Әшімбаев ертеректе Алатау-Шу аймағында қалып қойған Адайдың бір жұрты Мұңалдың Алақұнаны (Ұлы жүз – Үйсіндегі Құраманың құрамында) екендігін ақсақалдар алдында мойындапты деген де әңгіме бар. Облыстың дербес шаңырақ көтеруімен қатар ұлт мәдениетін көтеру, өндірістік кәсіпорындарға жергілікті ұлт жұмысшыларын тарту секілді мәселелер жиі қозғалып жатты. Бұл мәселе облысқа Саламат Мұқашев басшылық жасаған жылдарда да төтесінен қойылып келгені жасырын емес. Алайда ірі зауыттарға жергілікті ұлт өкілдері бірен-сарандап қана сыналап кіргені болмаса, негізінен бұрыннан қалыптасып қалған жүйе, Орталықтың өктемдігі, құпия атаулыдан қазақтарды аулақ ұстау көзқарасы міні құрамай күні кешеге дейін сақталып тұрды. Облыстың құрылуына байланысты қазақтардың қалаға келіп, шаруашылықтың сан-саласында еңбек ете бастауы қарқынды сипат алғанымен қаланы ұстап тұрған алпауыт зауыттарға маңайлай алмады.
Ол кездегі қаланың бір орталығы – қалалық саябақта кешке жастардың би дискотекасы болатын. Бұл жерде, шыны керек, сол маңайда орналасқан, үш бөліктен тұратын 47-жатақханада өмір сүретін сырттан келген орыс тілділердің, Қап тауынан келгендердің саны көбірек болатын. Әсіресе кешкі 5-терде қазіргі «Железкаға» жұмысшы пойыздары (электричка) келіп тоқтаған кезде, одан түскен қалың нөпір арасында ілуде біреуі болмаса, кілең өзге ұлттықтар сол 47-ге қарай бет түзейтін. Бұл жатақхананың маңында, шыны керек, төбелес те болмай тұрмайтын. Бір мысал келтіре кетейін. Осы жатақханада жергілікті политехникалық институт филиалында оқып, АТЗ-да (азот-тук зауыты) жұмыс жасайтын шайырлық Асқар есімді ағамыз да тұратын. Өзімнен сол Шайырда екі класс жоғары оқыған Асекеңе мен анда-санда барып хабар алып, екеуміздің аздап бой жазатынымыз бар-ды. Бір күні осы жатақхана алдында тағы бір таныс қазақ жігітін ұшыратып қалып, Асқарды сұрағанымда, ол мәз болып, аузын жимай Асекеңді мақтасын бір келіп!
- Асекең нағыз ер екен! – дейді ол. – Әкелерін танытты, – деді сосын.
- Әй, не болды, жүр оған барайық, – деймін.
– Тыңдап ал, – дейді әлгі дос. –Түскі ас кезін- де асханада қатты төбелес болды. Ұзақ-сонар кезекте тұрған Асекең таулық жігіттердің бірі- нен соң бірі кезексіз алға озып, ыржаңдап, желігіп тұрғанын байқады. Біраз шыдап тұрғаннан кейін, тосыннан келген тағы біреуіне артқа барып кезекке тұрғаны жөн екендігін ескертті. Анау айтқанды тыңдаудың орнына өзеуреп өзіне тап берді. Сол кезде Асқар оны иектің астынан бір соққанда мұрттай ұшты. Содан бес-алты таулық жігіт Асекеңе тап берді. Асекең екі-үшеуін қолындағы подносымен, бір-екеуін жұдырығымен ұрып талқанын шығарды...
Былай қарағанда, бұл бір тентектік төбелес сияқты. Бірақ бұл – ұлттық намыс еді. Өйткені сәл бос, қорқақ болсаң, әлі жеткен басыңа шығайын деп тұр ғой. Әрине, бүгінде оның барлығы әсірелеу сияқты болып көрінуі де мүмкін. Алайда ақиқатты айтып, одан ащы сабақ алғаннан ұтылмасақ керек. Өйткені бүгінгі жаһандану заманының өзі «бөрі мінезді» талап етіп тұр...
Ал сол өзге ұлт өкілдерінің «ұлы» шовинистік көзқарастарының санадан сөгілуіне себепші болған қазақ халқының қаһарман перзенті Сайын Нәдірұлы Шапағатов – артық туған асыл азамат еді. Бүгінгідей өзгенің еңсесі түсіп, өзіміздің еңсеміз биіктеуінде осынау озық ойлы, нағыз батырдың еңбегі ұлан-ғайыр. Бұл қалаға соңғы он бес жылда келгендер мұндағы революциялық төңкерістерден хабарсыз болуы кәдік. С.Шапағатовтың және ол құрып басшылық жасаған «Парасат» қоғамының бүтіндей аймаққа, оның ішінде қазақтар мен қалың бұқараға ықпалынан сескенгендер оған талай жерде опасыздық жасаудан тайынбады. Мол білім-білікпен, спортпен, терең таным-түсінік, өмірлік мол тәжірибемен қаруланған, мұнайдың қара қазанында қайнап, саяси ұйымдардың талқысында шыңдалған қоғамдық-саяси қайраткер Сайын Нәдірұлы – ескі жүйенің құрсауының сөгіліп, шовинизмнің тамырына балта шабылуына, жергілікті ұлттың айдарынан жел есуіне бірден-бір себепші азамат еді. Ол осынау тар жол, тайғақ кешуде өзінің саяси қарым-қабілетін шебер пайдаланып, қазақтардың ұлттық сана-сезімінің өсуіне, ал өзге ұлттардың абайлап сөйлеп, ақырын жүруіне түрткі болды. Сәкең сол кездегі алпауыт зауыттардың басшыларымен көзбе-көз сөйлесе отырып мәселе қойып, қазақ кадрларының іргелі өндірістерге көптеп тартылуына, өлкеде әлеуметтік әділеттіліктің салтанат құруына жол ашты. Сол кездегі қала басшысы Н.Баевпен принципті тұрғыда сөйлесе отырып, мұнда таза қазақ мектептері, аралас мектептер, қазақ балабақшалары, ұлттық өнер мектебінің, жабылып қалған қазақ газетінің қайта ашылуына мұрындық болып еді. Қошқар ата, Алтықұлаш әулиеге алғашқы сенбіліктерді ұйымдастыруға ұйытқы болған да осы азамат.
Өлкемізге алғаш ат басын тіреген ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сайын Нәдірұлының елдік істерімен танысып, мұндай қоғамдық қозғалыстардың Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуында, тәуелсіздік тұғырының тіктелуінде рөлі жоғары екендігін ашық айтқан болатын.
Бүгінгі ұрпақ сонау 90-жылдардағы Жаңаөзенде болған қанды қырғындар мен Ақтау, Жетібайдағы көшеге келтірілген танкілер мен бронетранспортерлер туралы көз алдарына ештеңе елестете де алмайтыны белгілі. Алайда мұның барлығы ақиқат еді. Қалада коменданттық сағат жарияланды. Осынау ұлттық өрлеудің нәтижесінде біз жеңіске жеттік. Қазақ өз жерінде еркін жүретін болды және рухы да, сесі де күшейді.
Облыс орталығындағы ең бір тамаша ғимарат – Абай атындағы мәдениет сарайы болып қала беретіні даусыз. Осы киелі шаңырақта 1988–1990 жылдарда екі жылдай жұмыс жасағаным әрі үлкен өмір мектебі, әрі өз халқымның рухының өсуіне сәл де болса өзіндік үлесімді қосуға мейлінше талпынған жылдарым болды. Бұған дейін мұнда қазақ рухы кірмеген-ді. Алматыдан іссапармен келіп, Ақтау мейманханасында жатып, тек танысу үшін кіріп-шығуға келген белгілі жазушы Смағұл Елубаевтың ұлтымыздың ұлы ақынының есімін иеленген киелі шаңырақта қазақ өнерінің исі де шықпағанына қын- жылып, түңіліп кететін тұстары осы. Осынау жұмысқа кіргесін ең бірінші қазақ тілінде ән, би, поэзия, басқа да танымдық үйірмелер ашып, өлкедегі белгілі өнерпаздардың шығармашылық кештерін өткізуді бастадық. Мұнда сол кезде С.Шәкірат, І.Шыртанов, Г.Сейітжанова, Ж.Сейітов, А.Көмеков, тағы басқаларының шығармашылық кештері өтті. С.Шәкірат пен балалайкашы В.Максютиннің бірлескен концертінде екі аспаптың үндесуінде әлемдік шедеврлер де, қазақ, орыс саздары да көптеп орындалды. Бұл өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынастарды дамытуға ғана емес, домбыраның қадір-қасиетін өзгелерге танытуға үлкен игі ықпалын тигізді. Абай атындағы мәдениет сарайының сол кездегі директоры В.И.Оньянов бір-бірімізбен жақсы тіл табысқанымыздан кейін қазақтың өнеріне барынша қамқорлық жасай бастады. Абайдағы барлық өнер ұжымдары дерлік өздерінің репертуарына қазақ әндерін қосуға мәжбүр болды. Негізінде олардың бәрі де мәдениетті адамдар еді, қазақ музыкасын енгізуден әсте қашқан жоқ. Әңгіме сол олармен тіл табысып, сөйлесе білуде еді. Алла Васильевна Свитневаның драма үйірмесінде де қазақ жазушысының драмалық шығармасы сахналанып, оның бас кейіпкері рөлінде қазақ жігіті ойнады. Сарайдың ішкі кіре берісіне ұлы ақынымыздың қола бюсті қойылып, астына бір шумақ өлең қазақ тілінде жазылды. Осыны көрген ПГМК партия комитеті төрағасының орынбасары Егізбай Сатыбалдиев ағамыздың бізге өз ризашылығын білдіргені есімізде.
Абайда бұған дейін жұмыс жасап келген «Рауан» ән-аспап ансамблінің жетекшісі Бауыржан Махмудов, домбырашыларды үйрететін ақмолалық ару Әлия Шарафетдинова, терме орындауға баулитын Күнсәуле Өмірзақова да енді бұрынғыдай әрбіреуі жалғыз шаппай, бастары бірігетін, ұлттық мәселелерге ұйлығатын болды.
Сөйтіп жүргенде, Ә.Шарафетдинова екеуміздің қолға алуымызбен Ақтауда, Абай сарайында тұңғыш рет «Тамаша» қойылымы өтті. Оны сахнаға шығару үшін күнде жұ- мыстан кейін түнгі 22-23-терге дейін Абайда дайындалып жүрдік. Рөлдерді ойнаушы- лар – сол кезде Алматы эстрада студиясының театр саласын жаңа бітіріп келген Марат Көккөзов (қазір республикалық «Тамаша» сайыпқыраны), Есен Қауынбаев, Фарида Атакеева тәрізді жастар болды. «Тамашаның» сценарийлеріне сол кездегі өткір тіл, ұлт мәселелері тақырып етіп алынатын.
Абайда жүргенде бітірген тағы бір шаруамыз – ПГМК-ның 30 жылдығын өткізуге байланысты болатын. Бұл, егер, ұмытпасам, 1989 жылдың қыркүйек айында өтті. Бір ғажабы, осы тойда қазіргі Ынтымақ алаңында киіз үйлер тігіліп, ПГМК-лықтар қазақтың салт-дәстүрлерімен алғаш танысып, бой үйрете бастады. Абай мәдениет сарайы директорының бірінші орынбасары Жанна Абалакова татар келіншегі еді, ол «Алтыбақан», «Алтынқабақ» сияқты қазақы дәстүрлердің көрініс бергеніне таңдана қуанып жүрді. Бұл мерекенің осылай аталып өтуіне бұған дейін алғаш осы жерде өткізілген Наурыз мейрамының ықпалы тиген еді. Соған сәйкес бұл мерейтой барысында да қазандар көтеріліп, домбыраның, басқа да ұлттардың әуендерінің шалқыған тұсы болды.
Ақтау қаласының 30 жылдығы аталып өтілейін деп жатқан тұста газеттерге хабарландыру шығып, 8-шағынаудандағы «Сәуле» мәдениет үйінде поэзия мерекесі өтетіндігі, ару қала туралы жазылған шығармаларға конкурс жарияланатыны хабарланыпты. Алдында ғана Абай сарайында екі жыл қызмет жасап, қаланың мәдени-рухани, елдің әлеуметтік мәселелеріне барынша белсене атсалысуға бой үйретіп қалғандықтан бұл шарадан қағыс қалғым келмеді. Сөйтіп, шабытты шақтарымның бірінде «Ақтау – арман қаласы» атты ұзақтау толғауым дүниеге келді. Бір қызығы, мен осы өлеңді «Сәуленің» фойесінде жайылған дастархан басынан тұрып барып, микрофонмен оқығанымда, осы жерді толтырып отырған кілең орыс тілді ақындар сөздерін түсінбесе де, ұйып тыңдап, желпіне қол шапалақтағаны бар. Бақсам, біздің қалада орыс тілінде өлең жазатындар көп екен. Бір-екеуі тілдей ғана кітапшаларын қолтаңбаларымен ұсынды (үйімде әлі сақтаулы). Өлеңін де, әнін де орыс тілінде өзі жазатын бард қазақ жігіті гитарамен өз шығармаларын орындады. Тағы бір қызығы, осы жерде өлең оқыған жалғыз қазақ болсам да, қазылар маған екінші орын берді... Ал сол жерде мен бармай қалсам, ол жерде қазақ рухы көтерілмес еді. Ол кезде бұл қалада біздің ұлттан ақындар да саусақпен санарлықтай бірен-саран ғана-тұғын.
Бұл жолдар күні кеше ғана елу беске толса да, алдынан ақ күн туып, Тәуелсіздіктің шұғыласымен, аруақты ата-бабалардың қолдауымен жұлдызы жарқыраған ару Ақтаудың Бүгіні мен Ертеңін түзер атпал азаматтарының және жаңа тұрғындарының өткен күннің тарихи сораптарына да бір ойлы көзбен қарап қойса деген ниеттен туындаған-ды. Ару Ақтаудың, маңғаз Маңғыстаудың елдігін түзуі, ұлттық қасиетін айқындауы жолында табанды тер төккен алдыңғы буын – маңдайы жарқыраған марғасқа ағаларымыздың, жақсы-жайсаң, нар тұлғаларымыздың ерен еңбегі естен шықпасын деген мезірет қана. Жуырда Ақтауда бес мемлекеттің басы қосылған бесінші салихалы саммитті өткізуге Елбасынан болған тапсырманы мүлтіксіз де аса жоғары деңгейде атқарған, төңірегіне паң қарайтын Каспий патшаларын таң-тамаша қалдырған Маңғыстау облысының әкімі, алқалы топтың дүлдүлі, ұлт зиялысы Ералы Тоғжанов пен жергілікті жерден шыққан жас қыран, шаһар мэрі Ғалымжан Ниязовтың, іргелі істің басы-қасында болған барша ел азаматтарының елеулі еңбегін жалпақ жұртқа паш етіп жатсақ, тіпті де артық емес. Ендігі кезекте алдағы толайым міндеттерді айқындап, «аңыз өріп, жұмбақ жайлаған» тылсым да киелі Маңғыстауды жаңаша түлету, көштен озуға жұдырықтай жұмылған мақұл. Ата-бабалар аманаттаған Каспийдегі еншімізді есе жібермей уыста ұстап, қазыналы өңірдің материалдық та, рухани да мол жауһар қазыналарын ұлт пен ұрпақ игілігіне айналдыра білсек, Тәуелсіз Қазақ Елінің ғарыштарға самғауына өзіміздің сүбелі үлесімізді қосар едік деп пайымдаймыз. Ендеше, тағы да іске сәт, айдынды да айбарлы Ақтау, құдіретті Маңғыстау!
Ғалым ӘРІП