Қазіргідей жасы әлеуметтік желіге телміріп, жасамысы қолына қалам алып, жазушы болып кеткен заманда күн ара бір кітап жарыққа шығып жатыр десек те болады. Оған ешкім таңғалмайтын болды. Бейнебір баяғы біздің оқушы кезімізде тілегімізді және екі-үш әннің сөзін жазып қалдыратын қалың дәптердей немесе өз қолымызбен жасақтаған фотоальбомдай. Кітапты жазып толтырудың да тәсілі қалыптасқан, бас кейіпкер туралы оншақты адам естелік оқиғаларын жазып береді, сосын суреттер мен мерейтойға арналған құттықтаулар беріледі, сонымен кітап дайын.
Жақында «Өмірімнің өрнектері» аталатын кітап қолыма тиді. Кітаптың авторы - «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Бейнеу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгілерінің иегері Жаңбыров Сұлтан Талпақұлы. Кітапты парақтай бастағанымда «Мен өзім жөнінде ешкімнен бірауыз сөз жазып бер» деп өтініш жасамадым, кітап жазудағы мақсатым - ата-бабам мен өзім туралы ұрпақтарыма мағлұмат беру» деген жолдарға көзім түсті.
Қазақта «Ерден ердің несі артық, еңбегі мен ісі артық» дейді. Биыл құрылғанына 45 жыл толған ауданның өркендеуіне үлес қосып, әр салада басшылық қызмет атқарып, іскерлігімен танылған, елге танымал, сыйлы ағаның өмір жолы үлгі, ісінің артықтығы да анық. Әлбетте адамның еңбек жолында жетістікке жетуі бар да, сонымен қатар отбасылық өмірі бар. Осы тұрғыда да Сұлтан аға қастерлі де қасиетті қара шаңырақта көрікті жары Зира жеңгеймен екеуі өмір отын маздатып, ұрпағын өрбітіп, саялы бәйтерекке айналып отырғанын білуші едім. Бес күн тірлікте арман орындалып, бақытқа жетудің сыры неде? О басында алған мамандығы химия-биология пәнінің мұғалімі болса, кітапты жазуда «Өмірінің өрнектерін» оқырманға жеткізе алды ма екен? Көңіліме ұялаған осынау сауалдарға жауап іздеп, кітапқа көз тіктім.
Соғыстан кейін өмірге келген ұрпақтың «тесік өкпе» балалық шағы, жыртық иін — жастық шағы шынайы баяндалғаны соншалық, оқып отырып, көзіме жас алған сәттер болды. Әкесі Талпақтың 1942 жылы соғысқа аттанып, Сталинград түбіндегі шайқаста жаудың қоршауында қалып, тұтқынға түсуі, тұтқыннан қашып шығып, қайтадан армия қатарына қосылып, 1946 жылы елге оралуы, бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармай «тұтқында болған» деген желеумен жер аударылуы, әкесі туған ауылынан бір қиырға амалсыз кетіп, шахтада еңбек етіп жүргенде жалғыз ұлы, басты кейіпкер, кітап авторы—Сұлтанның өмірге келуі, анасы үш жасқа келгенше емізіп, сосын зарығып көрген жалғызын «күйік қаққан» енесіне тапсырып, айдауда жүрген ерінің артынан кетуі, әкесін туғалы көрмеген, ал анасынан тағы тірідей айырылған үш жастағы сәбидің «Мынау Әбдіханның бешпенті ғой» деп анасының көнетоз камзолын құшақтап иіскеп, жылап жүріп, жоқшылық тірлікке көндігуі... Жүректі тебіренткен сәттер де аз емес, әсіресе «Аман ердің аты шығып», алты жыл айдауда болып, елге оралған әкесінің жүзін алғаш рет алты жасында көріп, әке мен баланың тұңғыш табысуы көңіл толқытты. Кейіпкердің осындай балалық шағы мектептегі өміріне, жастық шағына ұласқан, әр баяндаудан қазақ ауылындағы әр кезеңнің тірлігі көз алдыңа келіп, оқиғалар қабаттаса өрбиді.
Еңбек жолын Сам мектебінде лаборант болып бастап, үйірмелер жүргізіп, қоғамдық, комсомолдық жұмыстарға қатысып, өзінің талапты жас екенін көрсетеді. Сөйтіп лаборант енді аға пионер вожатый болып, бес жыл қатарынан қызмет атқарады. Бұл болашақта аудандық деңгейдегі әр саланы басқарған басшының басқару өнерін үйренген алғашқы мектебі болса керек.
Мектептегі пионер бөлмесі директор Жанбоз Екібаевтың мектепке келетін қонақтарға мақтанып көрсететін үлгілі кабинеттерінің бірі болған. Бірде мектепке келген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дүйсенбі Әріпов кабинеттің жабдықталуына таңғалады. Одан соң Сұлтан Жаңбыров мектеп директорының оқу тәрбие істері жөніндегі орынбасары болып тағы бес жыл қызмет жасайды.
Кітаптан: «Тұрыштағы Сам мектебі білім беру саласы басшыларын дайындайтын ұстахана болды. Өйткені шалғайдағы Сам мектебінің ұстаздары арасынан жиырмадан астам мектеп директорлары, сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің бес басшысы шықты» деген тұжырымды оқып, өте қажетті мәліметтің бірі екен деп бағаладым. Алыс ауылдағы жұлдызы жанған мектепте жарқырап көзге түсіп, жастық жігермен еңбек ете білген, өнерге жаны құмар Сұлтан Жаңбыров 1982 жылы Бейнеу ауданының мәдениет бөлімінің басшысы болып қызметке ауысады. Мәдениет мекемесіндегі еңбек еткен жылдар баяндалғанда «Алтыбақан» этнографиялық ансамблінің халықтық атақ алып, шетелдерде өнер көрсеткен кездері, ауданның мәдени саласына еңбек арнаған адамдардың ешбірі ұмытылмай, әрқайсысына ерекше тоқталуы, ауданның сол кездегі тұрмыс-тіршілігі қаз-қалпында тиянақтылықпен баяндалған. Аудан орталығындағы мәдениет басшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген ол қарт ата-анасының жағдайына байланысты сол кезде Сырға аталған ауылдағы Жангелдин атындағы орта мектепке директор болып ауысады. Бұл салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар Сұлтан Жаңбыров мектеп жұмысын оң қолдай үйіріп, жұмысты өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Мектептің озат тәжірибесі ауданнан әрі асып, облыс көлеміне таратылды. Жангелдин орта мектебінің ұжымы 1989-1990 оқу жылында ізденісті еңбек пен оқу-тәрбие жұмыстарының жетістіктері нәтижесінде «Сенім мектебі» статусын иеленді. Сөйтіп оқу тәрбие ісіндегі соны жаңалықты облыста алғашқы болып Сұлтан Жаңбыров өзі басқаратын мектепте жүзеге асыра білді. Осылайша мектепте жаңа форматта жұмыс жүргізу бірнеше жылға созылды. Бұл Жангелдин мектебінің тарихында алтын әріппен жазылып қалған жылдар болды десек, артық айтқандық емес. Сөйтіп ауыл мектебі облыстағы алдыңғы қатарлы санаулы мектептің бірі болды.
Ел тәуелсіздігін алған алғашқы қиын жылдарда ауылды көтеру оңай шаруа болмағаны белгілі. Осы тұста, яғни 1994 жылы сәуір айында Сұлтан Жаңбыров Жангелдин селосының алғашқы әкімі болып тағайындалады. Әкімшіліктің аумағы Сырға, Бәйкүшік, Жарқұдық, Ноғайты, Тұрыш, Тұрайымбет, Шағырлы, бірнеше мал ауылдарымен қоса Жангелдин ауылдық әкімшілігіне қарайтын. Халықтың уақытылы айлығын, зейнетақысын, әлеуметтік көмектерін ала алмайтын, тұрғындардың жұмыссыздыққа тап болып, әбден қинала бастаған кезі еді. Сұлтан Талпақұлы жаңа әкімдік қызметті алғашқы қалыптастырушының бірі бола жүріп, ауыл тұрғындарын нарықтық жағдайда өмір сүруге бейімдеп, елмен тіл табысып, іскерлік көрсетіп, сол кездің сынағынан да сүрінбей өте білді. Ауыл әкімі болып алты жыл қызмет атқарған Сұлтан Жаңбыров жаңа ғасырдың басында Бейнеу аудандық білім бөлімін басқарды. Ұзақ жылдар басшылық қызмет жасаған азамат үшін білім бөлімінің бастығы болу онша қиындық келтірмеген. Білім беру мекемелерін кадрлармен толықтыру, материалдық базаны жаңартып жасақтау, компьютерлендіру мәселелерін жүзеге асырды. Халық санының өсуіне байланысты мектепте жетіспейтін кезеңнің қиындықтары бірте-бірте артта қалып, аудандық білім беру саласында жақсы игіліктер жүзеге аса бастаған тұста осы саланы басқарды. Ауданның мектептері мен ұстаздары, шәкірттері жоғары жетістіктерге жетті. Осы қызметті бес жылдай атқарған Сұлтан Жаңбыров Бейнеу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы болып қызметке ауысады. «Бұл мен үшін ең ауыр қызмет болды. Ел болғасын оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен кісілерді, мұқтаж отбасылары мен балаларды, мүгедектерді көріп, жағдайларымен танысқанда жүрегім ауыратын. Дегенмен осындай категориядағы адамдармен жұмыс жасадық. Қолымыздан келгені - жылы сөзімізді айттық, мемлекет белгілеген әлеуметтік жәрдемақыларын уақытылы беріп отырдық. Мүмкін болған демеушілік және басқа да жәрдемдерді тараттық. Әрбір өтінішпен келген мұқтаждарға шамамыз келгенше көмек көрсеттік. Мүмкіндікке қарай өздерін немесе отбасының бір мүшесін жұмысқа орналасуға араластық. Бұл жұмыста жүргенде мынадай тыңғылықты іс тындырдым деп айта алмаймын. Бөлімнің ағымдағы жұмыстары рет-ретімен жүріп отырды. Мен бұл қызметте бір жыл жұмыс істедім» деп жазады кейіпкер.
Иә, Сұлтан Жаңбыровты тағы бір жаңа қызмет күтіп тұр еді. Сол кездегі облыс әкімі Болат Палымбетов аудан әкімі Басшы Әзірхановтың Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжін ашу туралы ұсынысын қолдап, аудан орталығынан жаңа оқу орыны ашылатын болды. Бұл Маңғыстау облысының тарихындағы ауылдық жерде алғашқы өз алдына дербес ашылған коллежд еді. «Сонымен өндірістік жатақханадан мектепке лайықталып, қайта жабықталған Бейнеу орта мектебінің бір жақ шетінен үш бөлмесін алып, жұмысымызды бастап кеттік. Қолда не білім беру стандарты, не оқулық, не парта, не тақта, не таблица, не техникалық құрал жоқ, ал оқу жылы басталғанға дейін осының бәрін тауып, үйлестіріп, оқытушыларды қабылдап, оларды колледжде жұмыс жасауға бағыттау керек...». «Қалауын тапса қар жанар» демекші, қысқа мерзім ішінде орасан ұйымдастыру жұмыстары жасалып, сайдың тасындай іріктелген мамандардың басын қосқан ұжым құрып, колледж жұмысын жолға қойды. Колледж жеткен жетістіктердің бәрін тізбелеп, бір мақалада айтып шығу мүмкін де міндет те емес, бұл орайда өткен жылы республикалық деңгейде өткізілген бағалау бойынша республикадағы гуманитарлық бағыттағы селолық жердегі 29 колледждің арасында Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжі 1 орынды иемденді. Еңбек жолында ауданның әр саласында басшылық қызметтер атқарып, биік асуларды бағындырған Сұлтан аға — отбасылық өмірінде де бақытты адам. Ай келбетті, ару жүзді Зира жеңгеймен екеуі алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп, тоғыз баласын тоғыз үй еткенін қайталап айтып, арнайы тоқтала кеткеніміз орынды. Күнсұлу, Айсұлу, Жайсұлу, Гүлжамал, Ақмарал атты бес қызы да — әке жолын қуған ұстаздар, бүгінде ауданның білім беру мекемелерінде абыройлы қызмет атқарады, әрқайсысы— іргелі ауылдың үлгілі келіндері, жақсы жігіттердің қалаулы жұбайлары. Үлкен ұлы Бисенбай — кәсіпкер, екінші ұлы Жеңіс аудандық ішкі істер саласында абыройлы қызмет етті. Үшінші ұлы — газ дайындау қондырғысының шебері, ауысым бастығы. Қара шаңырақтың иесі — Дарханы жеке кәсіпкер. Ал Қарлығаш, Ботакөз, Жайна, Гүлшат атты келіндері нағыз «Қайын ененің топырағынан жаралған» тамаша келіндер. Сұлтан аға мен Зира жеңгей күндей немере, гүлдей жиендерді көріп, шарасынан асқан шаттық пен бақытқа кенеліп отырған жайы бар.
«Өмір бойы оқыдық, қай қызметте де ізденіп, адал еңбек етуге ұмтылдық. Ешкімнің ала жібін аттап, кісі ақысын жеген жоқпыз. Заман ағымына сай тіршілік жасадым. Шаруа қожалығын ашып, төрт түлік мал өсірдік, сауда да жасадық. Өмірдің рахатын бір кісідей көрдік. Сөз соңында Алла Тағалам менің ұрпақтарыма да лайықты өмір сүруді нәсіп еткей деп тілеймін» деген автордың сөзімен осы мақаланы түйіндеуді жөн көрдім. Сонда бақытқа жетудің бір сыры - ерінбей еңбек ету, оқып - іздену, отбасын құрып, тәрбиелі ұрпақ өсіру болса керек. Иә, қашанда асыл ердің сыбағасы еліне арнаған адал еңбегі екен.
Айнахан ЕСЕТ