©
Жыл басынан бергі есепке жүгінсек, тұрғындардан пәтер иелері кооперативтерінің қызметіне қатысты 410 арыз-шағым келіп түскен екен.Осыған орай облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өзекті мәселелеріне арналған кең көлемдегі жиын өтті. Жиынға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы барлық қызмет көрсететін мекеме басшылары, пәтер иелері кооперативтері, құқық қорғау орган басшылары мен мүдделі мемлекеттік орган және кәсіпорын басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Күрмеулі мәселенің шешіміне байланысты сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов жағдайды бағамдап өтті: «Елбасы 5 қазандағы Жолдауында коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық еместігі туралы айтып, осы салада нақты шешімдер қабылдау туралы тапсырма берді. Расында жеке пәтер иелері кооперативтерінің (КСК) қызметінде мәселе баршылық. Тұтынушылардан жиналған қаражатты пайдалануда ашықтық жоқ. Бүгінде КСК-лар өз қызметкерлеріне жоғары жалақы белгілейді, штатты негізсіз өсіру фактілері бар. Бұл – олардың тарифтерден жиналған қаражатты пайдалануда ашық саясат жүргізбейтінін көрсетеді. Халықтан тарифтердің күрт өсуі бойынша көптеген шағымдар келіп түсуде. Бүгінгі жиналыстың басты міндеті – аталған мәселенің шешу жолдарын қарастыру», – деді өңір басшысы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Салимов облыс бойынша тұрғын үй қорының ағымдағы жағдайы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сұрақтары бойынша ҚР бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер және толықтырулар енгізу заңнамасы жөнінде баяндама жасаған болатын: «Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының тұрғын үй қоры 1 654 көп қабатты тұрғын үйді құрайды. Оның ішінде Ақтау қаласында – 981 үй, Жаңаөзен қаласында – 262 үй және аудандарда – 411 үй (негізінен 2 қабатты тұрғын үйлер). Облыс бойынша күрделі жөндеу жүргізуді қажет ететін үйлер саны – 290 (17,5%), сондай-ақ апатты жағдайдағы үйлер саны – 8 (Ақтау қ. – 6 үй, Жаңаөзен қ. – 2 үй). 2011–2018 жылдар аралығында ТКШ жаңғырту бағдарламасы аясында 1622,0 млн теңге сомасына 40 КПТҮ жөнделген. Облыс бойынша кондоминиум объектісін басқару органдарының жалпы саны – 107 ( 52 ПИК, қалғаны ЖШС, ЖК), оның ішінде Ақтау қаласында – 70 (19 ПИК) және Жаңаөзен қаласында – 31 (27 ПИК, қалған ЖШС, аудандарда – 6 ПИК). Ақтау қаласы бойынша кондоминиум объектілерін күтіп ұстауға орташа тариф 40–45 теңгені (28–102 теңге) құрайды. Жаңаөзен қаласы бойынша кондоминиум объектілерін күтіп-ұстауға орташа тариф 22 теңгені (18–36 теңге) құрайды» деп атап айтты.
Жандос Салимовтың мәлімдеуінше, өңірде кондоминиум объектілерін басқару бойынша бірқатар мәселелер бар. Мәселен, тіркелген кондоминиумдар саны төмен деңгейді көрсетеді. Облыс бойынша 1654 көп қабатты тұрғын үйдің тек 529-ы немесе 32%-ы техникалық паспорттарын тіркеген. Оған себеп – тұрғын үйлердің техникалық паспорттары мен жер учаскелеріне арналған актілердің болмауы. Аталған мәселені естіген аймақ басшысы, құзырлы органдарға қала және аудан әкімдеріне бюджет қаражаты есебінен тіркелмеген көп қабатты тұрғын үйлерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруды және жоғарыда аталған іс-шаралардың орындалуын тапсырды.
Сондай-ақ Ақтау қаласы бойынша кондоминиум нысандарын басқару органдарының қызметтері туралы Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов баяндады: «Кондоминиум объектісін басқару органдарының жалпы саны шамамен 70-ті құрайды, оның ішінде: 34 орган ЖШС түрінде, 17 орган ЖК түрінде тіркелген, қалғаны 19 ПИК (пәтер иелері кооперативі – 5), ПИТК (пәтер иелерінің тұтыну кооперативі – 8), ҚБ (қоғамдық бірлестік – 1), ПИҚБ (пәтер иелерінің қоғамдық бірлестігі – 1), ТҚК – 1 (тұрғын үй құрылыс кооперативі).
Келіп түскен арыз-шағымдардың кейбірі ұжымдық шағымдар екенін және орташа есеппен алғанда 25–40 пәтер иелерінің қолдары қойылғанын ескерген жөн. Осындай арыз-шағымдар айына екі-үш рет келіп түседі. Бір ай ішінде тұрғын үй инспекциясы бөліміне шамамен 400 шағым келіп түскен», – дейді қала басшысы.
Жиын соңында аймақ басшысы бірнеше тапсырма беріп өтті: «Мемлекеттік сәулет-құрылысты қадағалау басқармасына жаңадан салынған үйлердің техникалық паспорттарын құрылыс салушы есебінен жасақтау, 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін қала және аудан әкімдеріне тіркелмей қалған көп қабатты үйлерді бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тіркеуден өткізуі тиіс. Қала және аудан әкімдеріне көп қабатты үйлердің алдына абаттандырып, қолданыстағы балаларға арналған спорттық және ойын алаңын қалпына келтіруді және жаңадан салуды, оларды кондоминиум нысандарын басқару органдарына беріп, одан әрі күтіп ұстауды қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ облыстық прокуратура, қала және аудан әкімдерімен бірлесіп кондоминиум сандарын басқару органдарының қызметтерінің қолданыстағы заңға сәйкестігін тексеріп, қадағалауды міндеттеймін», – деді облыс әкімі.
Мадияр ТӨЛЕУОВ, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ