Е.Айшуақұлы атындағы орта мектепті жақсы дәрежеде аяқтап шыққан мен үшін ендігі мақсат Астанаға оқуға түсу болатын. Арманымның жүзеге асқанын естігенде көзіме еріксіз жас алғаным рас. Олай дейтінім, Астанаға оқуға түсуді неше күн, неше түн тілегенім бір Аллаға ғана аян. Жас қаланың күн санап өсіп келе жатқанын теледидардан көріп отырсақ та, көзбен көру ерекше бір ғанибет сыйлайтындай боп, жол жүретін күнді асыға күттім.
Көптен күткен күн келіп арманымдағы қалаға аяқ тірегенде жүрегім елекпіп қоя берді. Аспанмен таласқан зәулім ғимараттарға, ерекше сәулет үлгісімен жасалған сарайларларға қарап көз тайдыра алмай біраз тұрдым. Салқын самал желі, ақ мамықтай бұлттары барі барі қолмен өрнектеп жасалғандай еді. Қош, сонымен өзім түскен оқу ордасына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне бас сұқтым. Заманауи технологиялармен жабдықталған, студенттің білім алуына барлық жағдайлары жоғары деңгейде жасалған оқу ордасының ұстаздары да білікті мамандар. Факультеттер мен ғылыми – зерттеу бөлімшелерінде ғылым докторлары, профессорлар, түрлі академиялардың мүшелері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегерлері, ғылым кандинанттары, доценттер, Қазақстанға ғана емес шетелге танымал тұлғалардан білім алғаныма ризамын. Еліме, ата-анама берген уадемде тұрып университетті «қызыл дипломмен» бітіріп шықтым. Еліне еңбек етемін деген әрбір азамат білімді болуы керек деп ойлаймын, себебі, білімсіздің күні қараң. Алдағы қойған үлкен мақсаттарыма қол жеткізіп, елімнің іргесіне бір кірпіш болып қалану үшін Астанада оқығанымды мақтан тұтамын. Астана-жарқын болшағын жақсылықтан іздейтін жастардың қаласы.
Абылай НҰРҒАЙЫНОВ,
Жыңғылды ауылы