Жаңа кітаптың атауы
Бейнеудегі ұстаздар үйінде «Құндыз ғұмыр» атты кітаптың тұсауы кесіліп, әдеби кеш өтіп, артына өшпес із қалдырған тұлға, ақ сөйлеп, адал өмір сүру мен әділдіктің болмысындай болып өмірден өткен азамат Мұхтар Бердіханұлын еске алу шарасына қатысқанда кітаптың бұлай аталуын ұсынған қарапайым ауылдың қазағы екенін біліп, қайран қалғаным бар. Иә, әдебиетке қатысы жоқ, шаруашылықпен айналысып, қырда жүрген Болатбай Іздібайұлы замандас ағайыны Мұхтар туралы кітаптың дайындалып жатқанын естіп, осындай атауды ұсыныпты. Ерінің артында қалған қолжазбаларын көзінің қарашығындай сақтап, кітап шығаруды мақсат еткен Құндыз жеңгей бұны алғаш естігенде шоршып түскен.
«Мұқаңның кітабының атауы менің атым сияқты екен, болмайды, жұрттан ұят» деп. Әлгі бір халық әні бар емес пе, «Текеметтің түріндей, алма ағаштың гүліндей» дейтін, сол есіне түсті ме екен?! «Мұхтардың сырғып өте шыққан өмірі «Құндыз тонның түгіндей көркем еді-ау» депті Болатбай аға. Солай десе де Кұндыз жеңгей құптай қоймағасын кітапты құрастырып, баспаға дайындаумен айналысып жатқан ақын Нұргүл Маулинаға қоңырау шалады ғой ағасы. Ақын қыз қарсы болмаса да бұл атаудың қалай боларын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовпен ақылдасады. Өйткені Ұлықбек Есдәулетов пен Мұхтар Бердіханұлы тірлікте аса сыйлас, сырлас, жолдас болған адамдар. Бас ақынға бұл атау бірден ұнаған. Бірі — қазақ жерінің шығысынан, бірі — батысынан, бірге өсіп, бірге оқымаған, бірге жүрмеген қазақтың белгілі ақыны мен ауыл мұғалімін дос қылған да сол баяғы қазақтың қара өлеңі, ұлт рухының құндылығы әдебиет қана емес, нағыз қазаққа тән мінез, дүние қапылып кетсе де тура жолдан таймайтын, жағымпаздар қатарында болмайтын, шындықтан танбайтын, рухани туыстық қазақ қанындағы тектілік екені түсінікті. Осы орайда кітапқа енгізілген Ұлықбек Есдәулетовтің осыдан жиырма жылдай бұрын жазып, Мұхтар ағаға арнаған «Бейнеу. Ұлу тасқа еліктеу» деген өлеңін оқып көрейік:
«Өзімнен өмір зор келіп,
Өзімді – өзім қор көріп,
Бейуақыт бордай үгіліп,
Болдым да қалдым боркемік.
Айпері аспан – сұлушаш,
Айқұлақтанбай жылу шаш,
Дәл мендей бордан жаралған,
Маңғыстаудағы ұлутас.
Уақыттың өзін құндақтап,
Дәуірлерменен бірге аттап,
Осалдан шыққан мықты ғой,
Қайтейін тасты құр мақтап.
Маңдайдан жаңбыр өткенде,
Таңдайдан тағдыр өпкенде.
Сол тастан ғана именем,
Менен де мықты жоқ деуге!»
Бұл өлең жеткізген сыр, сірә ақын жүрегінің маңғыстаулық мұғалім Мұхтарға деген шексіз риза көңілі ғой. Иә, ер жігіттің бірін-бірі мойындауы, бірін-бірі құрметтеуі — бұдан артып қандай болсын!
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Сапалы қызмет ынтаға байланыстыCауаттылық сыры
Ұлықбек ақын айтқандай, Мұхтар ағаның тура мінезді, бір сөзді мықтылығын, білімдарлығын, адамгершілігін, туған топырағына сіңірген еңбегін замандастары бағалады, мойындады. Тіпті кейбір әріптес, мектеп директорлары оның терең біліміне, таным көкжиегінің кеңдігіне тәнті болып, бірі «Мұхтар емес, мұхит» десе, тағы бірі «Ұрпақ бойына ұлттық қан мен ұлттық жан енгізуді мақсат тұтқан парасатты, білікті басшы еді» деп бағалайды. «Құндыз ғұмырдың» тұсауын кескен Мұхтар ағаның ұстазы, атақты Бақыт аға Балов айтпақшы, ол – өзі білім алған Сам мектебінің мақтанышы. Ғылым жолын қуғанда атақты ғалым болар еді. Өнер жолын қуғанда белгілі өнер адамы болып шығар еді. Өзі мектепте мондалина, домбыра тартқан, ал жары Құндыз да Самдағы домбыра тарта білетін санаулы қыздың бірі болыпты. Бірақ ерлі-зайыпты қос ұстаз бүкіл өмірін ұстаздық қызметке арнады. Әкесі Бердіхан Мақсымбаев еңбек ардагері, мал өсірудің 1 класты шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері, «Октябр революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, Маңғыстау кеңшарында ұзақ жылдар аға шопан болып еңбек етіп, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарын бірнеше жыл қатарынан иеленіп, еңбек демалысына республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болып шыққан қазыналы қарт еді. Анасы Айыш — қазақтың салт-дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап, ағайын-туманының ұйытқысы болған, тәрбиелі ұл-қыз өсірген, алтын құрсақты ана. Бейнеті қат-қабат, қиындығы көп кәсіп қой бағумен қатар ой баққан Бердіхан ата жаңаның жайын, дананың дәмін білетін, кітап оқуға әуес, газет-журналдарды қалдырмай оқитын, көкірегі қордалы қарттардың бірі болғандықтан шығар, үш ұлының атын Мұхтар, Сәбит, Сәкен қойыпты. Қазақтың ақын жазушыларының аттарын қою дәстүрін Мұхтар аға жалғастырып, Шәмші, Шәміл, Шерхан, Фариза, Марфуға және Гүлжазира, Флорида деп ұл-қыздарын атапты. Атаананың тәрбиесі мен үлгісін алған аға ұрпақ та, кейінгі толқын да өмірден өз орындарын тапқан. Бұл да әулеттің үлкен бағы мен азбайтын, тозбайтын дәулеті.
Құрылғанына биыл 45 жыл болған Бейнеу ауданының білім беру саласын дамытуда Мұхтар Бердіханұлының үлкен үлесі бар. Шалғайдағы Сам мектебінің түлегі Алматыдағы ҚазПИ-ге сырттай оқуға түсіп, 1975 жылы Тұрыштағы Сам орта мектебінде ұстаздық қызметін бастаған екен. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары айдаладағы айтақырдан Сыңғырлау кеңшары құрылғанда осында ашылған мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып ауысады. Он бес жылдай табан аудармай, осы қызметті атқарған жылдар да мектептегі білім сапасының деңгейі айтарлықтай жоғары болып, алыс ауылдағы мектептен республикалық олимпиада жүлдегерлері, «Алтын белгі» иегерлері шықты, «Жыл мектебі» болды. Мұхтар ағай осылайша іскерлігін көрсетті. Сондықтан да Маңғыстау облысы бойынша ауылдық жерде ашылған тұңғыш Бейнеу гимназиясының директоры болып таңдалған еді. Ол іргетасын қалаған Бейнеу гимназиясы аз ғана жылдар ішінде облысқа, республикаға танылып, республикадағы таңдаулы он мектептің қатарына еніп, Қазақстан Республикасы Педагогика академиясының ұжымдық мүшелігіне қабылданды. Облыстағы тұңғыш екі «Алтын белгі» иегерінің бірі осы мектептің түлегі болды. Гимназияда мықты мұғалімдерден құралған кадрлық әлеуетті қалыптастырды. Олардың қатарында Мұхтар ағаның жары, жоғары санатты география пәнінің мұғалімі Құндыз Шарипова да еңбек етті. Қырық жылдан астам ұстаздық қызметте ол Алтынсарин, Қалдығараев орта мектептерінде де директор болып, абыройлы қызмет атқарды. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» марапатының шын мәніндегі иесі еді ол.
Мұхтар Бердіханұлының өнегелі өмірі жайлы «Құндыз ғұмыр» атты әдеби кешті осындай атаумен шыққан кітапты құрастырып, оқырманға ұсынған ақын қыз Нұргүл Маулина жүргізіп, ұстаздары Б.Балов, Ш.Көбегенова, замандастары, ақындар А.Өтегенов, Е.Қорабаев, С.Жаңбыров, ғалым Б.Дүйсембаев, Ә.Ағысбаев, С.Исаберген, Н.Шалқыбаев, Б.Мырзабеков, шәкірті Ж.Омарова, тағы басқа қызметтестері, ағайын туыстары еске алып, сөз сөйлеп, оның тағы бір қыры – қазақы қалжың мен күлкі шақырар қағытпаға, әдемі әзілге шебер екенін айтты. Жаңа кітапта тек осындай естеліктер ғана емес, сонымен қатар Мұхтар Бердіханұлының ой-толғамдары мен өлеңдері жарияланған. Ол «Жерсу атауына мән берсек» деп, туған өлкенің арғы-бергі тарихы жайлы сөз қозғап, тарихи атаулардың қалпына келтірілуі жайлы пікірін айтады. «Балаға ертегі айтып береміз бе?» деп ұлттық тәрбие жөнінде ой салады. «Қазіргі кезеңде мектеп басқару» тақырыбында тәжірибе бөліседі. Енді бірде ел аралап, Сыңғырлауға келген Фариза апасымен елдің кездесуі жайлы баяндап, қазақ поэзиясы туралы пікірлерін айтады. Сонымен қатар өзі өміріне темірқазық еткен ұстаздары жайлы «Қарапайым орынымен сөйлейтін, қай іске де, не нәрсеге де байыптылықпен, парасат биігінен көз жіберіп, байсалды ой айтатын, шәкірттерінің шын ықыласына бөленген жанда арман жоқ. Аяулы ұстаздың ақылшы болып, қолтығынан демеп, талай биіктерге ұшырған балапандары өте көп. Мен – соның бірі ғанамын», деп бір ұстазы Жамбоз Екібаев туралы толғанса, тағы бір ұстазы Жеткізген Рзаев жайлы «Бірінші, талапшыл болатын, бағдарламада көрсетілген мемлекеттік қалыпты сақтауға тырысатын, бұл талап ол кезде ауыл балаларына өте қажет еді. Екінші, орыс әдебиеті деген ұланғайыр ұғымды санамызға сіңіруге, жан-жақты азамат болуға сол кезде орыс қоғамы арқылы не жақсы, не жаман деген мәселені үйрету арқылы қазақ елінің тағдырына көзқарасымызды қалыптастырды. Үшіншіден, бүгінгі мұғалімнің көпшілігіне жетіңкіремей жататын шығарманың идеялық нысанасын айқын түсіндіретін, бұл ұстаздың әдебиет теориясын жете білетіндігі еді. Төртіншіден, берілген тапсырманың орындалуын қатты қадағалайтын», – дейді. Міне, осындай ұстаздарын өміріне үлгі еткен, олардың жолын қуып, қасиеттерін бойына сіңіріп, өзі де мықты ұстаз бола білген, ізденіп, еңбектенуден бір танбаған Мұхтар Бердіханұлының ақын болуға ұмтылмаса да көңіліндегі көрікті ойларын қара өлеңмен жеткізе білгенін айттық.
Өмірдің бір беті – қыс, бір беті — жаз, Айтқандай бұл заманда кім-кімге наз. Соңында өте шықты-ау біздің жастық, Кәсіптің бейнеті көп, құрметі аз. Байқап қарап, барлап, бағып келемін, Бұл өмірдің қалмай керуен – көшінен. Асығыстау шықса егер өлеңім, Бәріңнен де кешіруді өтінем! Хан көтеріп бірімізді-біріміз, Өте берсін дәл осылай күніміз. Ұрпағымыз жалғастырып жақсыны Жер бетінен өшпесе екен ізіміз.Өмірге арзу жүрек осылайша сыр толғапты. Иә, арман орындалып жатыр, ұрпақ жақсыны жалғастыруда. Соның бір мысалы – Мұхтар Бердіханұлына арналған «Құндыз ғұмыр» атты әдеби кеш.
Ойында әр, тілінде нәр, жүрегінде ар бар Мұхтар ағаның мынау фәнидегі жолы шынымен ешқашан кір шалмай, жалт-жұлт етіп тұратын құндыз тонның түгіндей кірпияз да пәкизат екен-ау.
Айнахан ЕCЕТ