Күзде тудым
Мен күзде екі мәрте туылдым.., (О, шыбынжан, неге менен суындың?!) Көңілімнің кетірем деп қайғысын, Таңғы шықтың тамшысына жуындым. Өтіп жатты күзден кейін қыс тағы, Алды ортаға аязды күн қыспағы. Жаз кезінде жадыраймын деп жүрсем, Жетім – тағдыр жағамнан кеп ұстады. Жаз дегенім кетті менен қырындап, Өмір – күндер өте берді зырылдап... Күз келгенде қас-қабағы түйіліп, Шарқ ұрады, шыбын жаным шырылдап. Кезекті күз ауыр тиді бұл тағы, Төзімнің де тозған шағы-ұлтаны. Қаһарлы қыс қары мен мұзы бар, Қайтіп менің жүрегімді жылытады?! «Көктем бар ғой, көктем!» дейсің, сен, Ол да талай тартынып кеп, исінген... Уақыт өтіп кеткеннен соң бұл-дағы, Маған опа бермейтінін түйсінгем. 9 қараша, 2018 жылЕлеулі күн
Ертеңгі күн елеулі, болатұғын ерге сын, Тереземнен жарық түсті, түннің түріп пердесін. Батырсынып қайрап қоям өзімді, Менен басқа ерлер жоқтай елде шын. Көтеріліп келеді, нұр-сәулесін шашып-күн, Малынуға нұрына тағат таппай асықтым. Қараймын, - деп тесіліп, шуағына сол күннің, Қарықтырып көзімді, жанарымды жасыттым. Манағы күн қарасам, түн пердесін ысырған, Жаным менің жай тапты, қараңғыда қысылған, Көңіл деген көліме қайта оралып қонғандай, Ләйлек құсым-қонағым, абайсызда ұшырған. 2 қараша, 2018 жылАқ жаңбыр аңсағаным
Күн бұлттың құтыла алмай құрсауынан, Сабалап, желпінген жел тұр сауырдан... Ақындай ақтарылған ақша бұлттың, Бауырынан ақ жаңбыр боп, жыр сауылған. Телміріп, терезеге қаншама күн, Түндерде жұлдыз туған самсаған мың. Жанымды жадыратқан сол бір күнде, Менің де ақ жаңбыр ед(і) аңсағаным. Ақ жаңбыр толассыз жауып тұрған, Селдетіп, бір самал жел ауып, қырдан. Қастерлі қарашаның соңғы күні, Үкілеп, үмітімді сауықтырған. 23 қазан, 2018 жылЖелпінген күз
Жындыға ұқсап сыйқы шын, Шығарды күннің ұйқы-тұйқысын. Маужырап тұр, мынау күз, Аша алмай қалып ұйқысын. Жылуын күннің қабады ап, Кейде айға шабады-ақ. Желпітіп желді қуады, Екі етегін сабалап. Тас қылып түйіп қабағын, «Бар ма, - деп, бізден хабарың». Аяусыз келіп үзеді Жапырақтардың сабағын. Мейірімсіз неткен күз еді, Батырып болды-ау тізені. Жапырақтардың жазықсыз, Сабағын неге үзеді?! «Күз бүгін тыныш» деседі, Құтырған күні кеше еді... Аяды бізді дейсің бе, Бар шығар бір есебі. 13 қараша, 2018 жылҮміт сәулесі
Желмен жетіп күздің әлгі хабары, Қара бұлттан ақ жаңбырлар тамады. Сәулесімен бұлттан шыққан күн күліп, Жүрегімнің жыртығын кеп жамады. Үміт-сәуле жыртығымды жамаған, Шабыт шалқып, таңдайымнан тамады ән. Көңілімнен көшкен бұлтты тасалап, Қашады кеп, қалың ойлар қамаған. Найзағаймен бура-бұлтты тіздеген, Көріп едім бір құдірет күзде мен. Үмітімді ой-орманда адасқан, Арасынан ақ жаңбырдың іздеп ем. ..Көшкен бұлтқа қарадым, арманымды теңдеген, Бара жатты тарылып, «бұ дүние кең» деген... Көрдім үміт сәулесін, үзілейін деп тұрған, Кеудемдегі жанымның жапырағын емдеген. 2018 жыл