Түстің мезгілі. Шілденің төбеңді тесер шақырайған ыстығынан тірлік атаулының бәрі де бас сауғалап кеткен. Кең ауланың көлеңкесіндегі қозы-лақтар да қозғалар емес. Тек амалдың басында туған текешік өзінің тынымсыздығына басып жайлы жер таба алмағандай бір жатып, бір тұрады. Бір уақытта тағы да орнынан тұрып керіліп сиіп алды да, анадай жерде тілін салақтатып жатқан итке бұрылды. Ауланың іргесін үңгіп қазып бауырын салқын топыраққа төсеген кәрі төбет қылыш мүйізін шайқап өзіне беттеген текешіктің тыным бермесін сезіп орнынан сүйретіле тұрып, анадай жерге барып шоқиып отырды. Ауладан шығып өзге иттердей көше кезіп кетуге құлқы жоқ. Бұрынғыдай сүйек-саяққа таласып кез келгенмен алыса кететін қайрат қайтқан. «Бір кездері малды ауылды сыртынан торыған көкжалдармен жалғыз өзі алысып өткен нағыз алыпсоқ еді» дегенге қазір ешкім де сенбейді. Басқасы ештеңе емес, әлі аузынан уызы кетпеген жаман күшіктерге дейін мұны көрсе болды, жондарын күдірейтіп күштерін көрсетуге бейім тұрады. Күні кеше ғана екі-үшеуінің жабыла үріп талағаны бар. Құлағындағы жырық, көзінің алдындағы тырнақ іздері солардан қалған. Әбден мүжіліп қалған тісін сақылдатып жаралы жеріне ызыңдай қонған көк шыбындарды үркіткенмен, тыным берер емес. «Ит кәрілік осы екен ғой» дегендей өзінің орнын тартып алған теке лаққа қызғана қарайды. Баяғы күні болса мына жамандар бір арс еткенінен қалмай дүркірей қашып бұрышта үйіріліп тұрар еді. Амалы қайсы, «бәлду-бәлду бәрі өтірік» дегендей бәрі де өткен күннің еншісінде қалды ғой. Бір жағынан күн сайын қайраты өсіп оңай жерден төбелес іздеп жүрген күшіктерге өкпе артуға да болмас, әлсізге күш көрсетіп, өзің қорыған жерге бөтенді кіргізбеу ит атаулының ата-бабасынан келе жатқан кәсіп емес пе? Бұған ең қиыны бәрінен бұрын осы үйге жаңадан түскен келінге ұнамай қойғаны. Ештеңе татырмасам тамақ іздеп басы ауған жаққа қаңғып кетеді деп ойлай ма, өздерінің аузынан қалған жуындыны да бұған қимайды. Қолына жабысып үстін бүлдіріп жатса бір сәрі, келіншектің жан-жағына найзадай шашыраған кірпігінен ұнатпай тұрғанын біліп орнынан қозғалмай кеткенін күтеді. Бірақ осы уақытта даладан жүгіре кірген күшік келіншекке еркелеп құйрығын бұлаңдатып итаяққа бас қояды. Келіншек оның бөтен екенін білгенмен қуып жібермейді. Жанына бататыны қолындағы ыдысын қоя салып әлгі күшіктің арқасынан сипап еркелетіп отыратынын қайтерсің. Тапа талтүсте төріңе баса көктеп кіргенді кім жақсы көрсін. Жақсы-жаманды осы үйдің бұрышын күзетіп жүр емес пе, бұл шыдай алмай ырылдаған болып орнынан тұрады. Күші тасып бара жатпаса да таласып тармасып әлі жуындыдан бір-екі асап қалғысы келеді. Бірақ ыдысын қолына алып өзіне ала көзімен қараған келіншектен бата алмайды. Сәл ағат қимылыңды көрсе болды, қолындағысымен қойып қалуға бейім тұрады. Күндегі көретіні осы еді. Бүгінде келіншек үйден шығып итаяққа жуындысын құйған бойда соны аңдып тұрған арсыз күшік ұмтыла бергенде: - Әй, шырағым, ана бөтен итті неге қумайсың? Ой, құдай-ай, баяғыда соғыс кезінде Таушықтың көшесіндегі қаңғыбас иттер мен мысықтарды жинап алып, аузынан жырып тамақ беретін Нөрә дейтін әйел болыпты дейтін еді көзі көргендер. Сен де сол болуға айналдың ғой, – деп қатулана сөйлеген енесі әлгі күшікті қуып жіберіп: - Келе ғой, Сырттан, тамағыңды іш, – деді итке қарап. - Ене, бұл иттің түрі маған ұнамайды. Ана қараңызшы, жүндерінің түте-түтесі шыққан. Орнынан сүйреліп зорға тұрады. Кім біледі, мүмкін ішкен тамағы бойына тарамайтын жаман ауру шығар, – дейді келіншек итке әлі де ала көзімен қарап. Қуып жіберуге енесінен бата алмай тұр. - Жаман ауру деп шошитындай ит қылтамақ болыпты дегенді осы жасымызда естігеніміз жоқ. Түрінің жаман болатыны, біріншіден, бұл байғұс көптен бері тамақ іше алмай жүр. Осы үйдің адамдарының ішкенінен қалған қалдық бұған жеткенімен, байқап жүрмін, сенің осы итке дегенде көңіл кеңдігің жетпей жүрген сияқты. Екіншіден, қартайған ит түгілі бағымда отырған жасы келген адамның да бұрынғы күйін сақтай алмайтындығы белгілі. Қолдан қуат, бойдан қайрат кетсе бетіңдегі әрің де кетеді, жүргеніңнен сүрінгенің көп, орныңнан тұрудың өзі мұң болады. Қанша мықты болсаңда жасың келгенде уақыттың дегеніне көнесің. Бұл иттің бір кездері марқұм осы үйдің кісісінің ең жақын жолдасы, қиындықта қолтығынан сүйеген көмекшісі болғанын сен қайдан білейін деп едің. Оның үстіне қазақ қай уақытта да итке жеті қазынаның бірі деп құрметтеп қараған. Бар ойларың қолдарыңдағы тілипанмен жағаласу болмай, өткеннен қалған сөзге құлақ түріп, дәстүр-дәбіңнің қайдан бастау алғанын білуге ұмтылсаңдар мынадай одағай істі жасамаған болар едіңдер. Үйге жүр, бірі болмаса бірі құлағыңда қалар, итке байланысты жадымда қалғандарын айтып берейін, – деп кері бұрылды. Келіншекке енесінің итке байланысты әңгіме айтам дегені ұнамаса керек, иығын қиқаң еткізгенмен амалсыз соңынан ерді. Келе жатып: «Күн сайын құлағыңды жеп айтып отыратыны таусылып қалып, енді ит жөнінде сабақ тыңдайтын болсам жарыған екенмін. Иттің несі әңгіме. Кез келген үйде, көшеде қаңғып жүретін ит емес пе? Атаңның жақсы жолдасы болды дейді. Көп болса қойдың соңына ерген шығар. Иттің көкесі деп қаладағы орыс әйелдерінің жетектеп жүретін иттерін айтсаңшы. Тіпті кейбіреулерін жұтындырып киіндіріп те қояды. Олардың әңгімесін жалықпай тыңдауға болатын шығар. Әлгі иттер айтқаныңды бұлжытпай орындайтын көрінеді. Мыналар сияқты жуындыға таласып ырылдасып жатпайды, тамақты да талғап ішеді екен. Олардың иесінің көңілінен шығатындығы сондай, итке арналған арнайы жерге апарып тамақтандырып, анда-санда өсіп кеткен жүндерін қырқып, жуындырып та алады екен» деп ойлады. Үйге кірген енесі пеш түбінде сүйеулі тұрған ұршығын қолына алды. Асықпай отырып қазір иіретін шүйкесін түте бастады. Әңгіме тыңдауға құлқы болмай бұрышта селтиіп тұрған келініне «мына жерге отыр» дегендей иегін қақты. Келіні айтқан жерге келіп тізесін бүкті. Енесінің тағы бір сынына ұрынбайын дегендей қопырап тұрған шашын түзеп, қысқа көйлегінің етегін қайта-қайта тартқылайды. Енесі ештеңе көрмегендей ұршығын дөңгелетіп шүйкесін жоғары қарата созып жатып: - Бұрынғының еркектері әйел адамның жүріс-тұрысына, өзіне жарасымды киім кигеніне, аяғының ұшымен жүріп жасаған қызметіне, сөйлеген сөзіне көңіл бөлетін, сыртына қарап баға беретін. Әйел адамға, әсіресе қыз балаға тесіле қарауды ұят санайтын. Ал қазіргінің еркектерінің көзі алдымен әйелдің жалаңаш етіне түсетін болыпты. Жастықтың жалынында күйіп-жанып жүрген жастар ғана емес, осы күндері жер ортасынан асқан қырмасақалдар да сөйтетін болыпты ғой. Өткенде шалдың қаладағы нағашысының баласы келін алып тойға шақырғасын көңілін қимай амалсыз барып едім. Сонда көрдім, кім екенін сұрамай-ақ қой, жасы сексенге жақындаған бір қайнағамыз өздерінің немересіндей жастарға қосылып ортада секеңдеп жүрді. Тіпті бөксесін бүлкілдетіп, көзін ойнақшытып жүрген әзәзіл келіншектің белінен ұстағысы келіп ұмтылғанын қайтерсің. Жазған өзінің күйіне қараса нетті. «Бұқаның өзі қартайса да, мұрыны қартаймайды» деген сөздің қатесі болсайшы. Қасында бетін әлдеқашан әжім басып кеткен кемпірі де бар. Жаулығы жоқ, ол да өзінше шашын шошайтып төбесіне түйіп алыпты. Құдай-ай, сонда қаралай жерге кіріп кете жаздағанмын. Адам өзі үшін емес, өзге біреу үшін де ұялады екен ғой. Заманның тозғаны ма, әлде адамның азғаны ма, бұған сонда кім кінәлі? – деп келініне қарап алды да: - Осы үйдің табалдырығын аттағаныма он шақты күн өткенде атамыздың бір топ замандастары келінге құтты болсын айтамыз деп қонаққа келгені бар. Ой, дүние-ай, сол кездің үлкендері шетінен сұңғыла еді ғой. Сендерге айттырса оларды бұрынғы заманның сауатсыз шалдары дейсіңдер. Жоқ, олар шетінен терең ойлы болатын. Ол кездің келіндерінде ашық-шашық жүру деген жоқ. Солай бола тұрсада болашағына тәлім болсын дегені шығар, төрде отырған ақсақал: - Келін шырағым, орамалың құтты болсын. Орамал әйелдің сәні ғана емес, кенеттен тап болар пәле-жаладан қорғаушысы да. Осы орамал туралы әріден келе жатқан әңгіме бар еді. Білгеніңнің артықтығы болмас, – деп айтқан бір әңгімесі есімде сақталып қалыпты. - Пайғамбарымыз жеті қат көкке көтеріліп Алламен тілдесіпті, – деген еді сонда. – Оның қасында жүрген барлық періштелер Пайғамбарға қызмет жасайды. Алланың нығметіне бөленіп үлкен сыйға ие болады. Періштелер оның иығына зерлі шапан жауып, басына сәлде орайды. Сонда Пайғамбар: - Сәлде ер адамның қорғаны болса, әйелдің қорғаны не болмақ? – деп сұрайды. Сонда Ұлық Алла: - Әйел затты үмбетіңе орамал беремін. Орамал олардың әрі қорғаны, әрі көркі, әрі иба- әдебі болады, – депті. - Үлкен кісінің айтқан сол әңгімесі жадымда жатталып қалыпты. Қазақта қыздың жолы жіңішке деген сөз бар. Оның мәнісі – қай уақытта да әйелге тән әдептен, бағзыдан келе жатқан тәлім-тәрбиеден ауытқымау деген сөз. Пайғамбардың жеті қат көктен алып келген орамалының қасиеті де сонда жатыр. Бұрынғылар жалаңбас жүрген әйелге жын-пері әуес болып, иманы басынан қырық қадам алыс жүреді, әйел орамалсыз бала емізсе басындағы қайызғағын шайтан баланың аузына салып жібереді, ондай бала өсе келе анадан безіп, өзіне қарсы сөйлейтін, қайырымсыз болады дегенді де айтатын. Сондықтан келін атанғаннан бастап басынан орамалын тастамаған. Ал жын-перінің міндеті қашанда адамды бағытынан адастырып, теріс жолға салу. Оның құрығына түскен адамның ұяты жолда шашылып, мінезі сағымдай құбылғыш келеді. Басқасын былай қойғанда ерсі қылықты мал екеш мал да біледі. Тіпті күн сайын сауып жүрген түйеңе жалаңбас барсаң аяғын тарпып бауырына жолатпайды. Сонда оларда әлдебір түйсік арқылы сенің бойыңнан бұрын көрмеген бөтендікті сезеді. Жаңағы жастардың ортасында жүрген кәрілер бір сәт болса да: «Төрімнен көрім жақын қалғанда осыным дұрыс па екен?» деп өзінің ерсі қылығына ой жүгіртпейді. Бұл – соншама жыл ғұмыр кешсе де тобықтай түйін түймегендіктің белгісі. Сондықтан олар әлдеқашан құрығын салып, аяғын тұсаған қарттықты мойындағысы келмейді. Өтіп кеткен жастық шіркінді аңсап, сағынбайтын адам жоқ, бірақ алты қырдың астында қалған сол жастықтың қызығы мен қызуын қайта оралтам деу – бос әурешілік. Біле білген адамға қарттықтың да өзіне тән жарасымдылығы болады. Әдемі қарттық дегеніміз – киген киімің де, көп алдындағы жүріс- тұрысың да, сөйлер сөзің де жасыңа лайық болсын деген сөз. Ойбой, үлкендік деген осы, бірін бастап, екіншісіне ауысып бара жатыр екенмін. Бұл әңгіме қанша тартқыласаң да тізеңе жетпеген сенің көйлегіңе байланысты шығып кетті-ау деймін. Саған айтам дегенім ит жайлы екен ғой. - Сен оны көрген жоқсың ғой, осы үйдің үлкен кісісі атаң Қалдыбайдың бар өмірі мал соңында өткендіктен бе, әлде бір кездері өзін даланың тағысына жегізбей алып қалғандықтан ба, әйтеуір итке дегенде көңілі бөлек еді. Артынан барып білдім ғой, оның да өзіндік тарихы бар екен. Бұлардың әке-шешелері кешегі жаңа өкімет орнаған аласапыран жылдары бас сауғалап көппен бірге түстікке ауады. Елді қудалаудың екінші кезеңі басталған уақыт деуші еді. Ол кезде атаң бесіктен шықпаған бала екен. Соған қарағанда 1936-1937 жылдар шығар. Қалдыбай 1935 жылы туған, менен төрт жас үлкендігі бар еді. Сонымен арттарынан өкшелеп келе жатқан үкіметтің адамдарының қолына түсіп қалмау үшін асығыс жүріп келе жатады. Алдымыздағы Қаразымның ойына бір құлап кетсек құтылармыз деген ойлары да бар екен. Өйткені осы жердің сай-саласында үкіметке қарсы қаруланған жасақтар жүретін көрінеді. Жаңа өкіметтің бұл жаққа әлі дендеп ене қоймаған уақыты білем. Бірақ оған жеткізбей арттарынан қуғыншы көрінеді. Сол кезде атамыз Бердіғұл әйеліне (менің енеме): - Тоқтамай жүре берің. Сонау көрінген қыраттан төмен түсесіңдер. Қуғыншылардың жолына кедергі болмасақ бәрімізді де қолға түсіреді. Ажалымыз жетпесе табысармыз, дәм таусылып жатса оны да көрерміз. Таудан құлағанда сүрлеуден адасып қалмаң, – деп жылағандарына қарамай тездетіп әйелдер мен бала-шағаны жолға салады. Енем байғұс артта қалған сол жылдарды көзіне жас ала отырып есіне алатын. – Артымызға жалтақтап кетіп барамыз, – дейтін. – Сенің күйеуің – ол уақытта бесіктегі бала. Көші-қонның кезінде кебеженің қақпағын ашып ішіне көрпе төсеп баланы жатқызатынбыз. Соның ішіндегі балам шөлдеген бе, әлде қарны ашты ма, әйтеуір шырылдап келеді. Қолыма алып емшегімді сордыртуға қашып келе жатқан адамның мүмкіндігі бола ма? Бір уақытта атылған мылтық даусы естілді. «А, құдай, туралап келген ажалдан азаматтарымызды сақтай гөр» деп шуылдаған көп әйел төмен түсіп келеміз. Бұрын-соңды көрмеген жеріміз, әйтеуір бар ойымыз – ескі соқпақтан адасып қалмау. Жол тіке құламаға алып келді. Өзіміздің де, түйелеріміздің де аяқтары тайғанақтап келеді. Әупірімдеп түстік. Неде болса алдымызда үш-төрт шақырымдай жерде көрінген тау тұмсығын айналып өтіп кідірерміз деп жүріп кеттік. Жылай-жылай шаршаған шығар түйе үстіндегі баламның даусы шықпайды. Күннің бесіннен ауған кезі. Тым ұзап кеттік пе, әлде қуғыншылардың жолына тосқауыл боламыз деген адамдар түгелдей қаза тапты ма, айналаны жым-жырт тыныштық басты. Тау тұмсығына жетіп сол жерде демалуды ұйғарып түйелерімізді шөгере бастадық. «Жазған бала шөлден талықсып жатқан шығар» деп баланы салған кебежеге үңіле беріп шошып кеттім. Даусым қатты шығып кетсе керек, қасымдағы әйел: - Әй, не болды? – деп түсіріп жатқан жүгін тастай сала маған қарата жүгірді. - Балам, балам жоқ, – деп отыра кеттім. Басым айналып талықсып бара жатқанымды білдім. - Балам жоғы несі? – деп әлі ештеңеге түсінбеген әйел бос қалған кебежені көріп: - Ойбай, сорлы бала-ай, қай жерде түсіп қалды екен. Құдай-ай, бір-бірімізден тірідей айыратындай мұның не? – деп айналаны жаңғырықтырып зарлай жөнелді. Көз алдыма баламның жар жағалап жүргені, бауырымда жатып былдырлап сөйлегені елестеп жаным ышқынып кетті. Қатты қорыққандықтан шығар, баламның жылаған даусын соңғы рет қай жерде естігенімді есіме түсіре алмай әрі-бері отырдым. Біраздан соң барып құлауға жақындағанда түйенің жүгінің бұрауын қатайтқанымды, сол кезде әлі жылап жатқаны ойыма келді. Сонда қай жерде қалды, сол орнында ма, әлде төмен түсіп келе жатқанда ма?.. «Биіктен құлаған бала мүмкін тіл тартпай кеткен шығар» деген суық ой денемді шарпып өтті. Одан әрі шыдай алмай белімді буа бастадым. Осы кезде ортамыздағы жасы үлкені: - Әй, қарағым, көп ұзамай қараңғы түседі, қайда барасың? Жер-суы бұрыннан таныс болса бір сәрі. Таңның атуын күт шырағым. Құдайдың бір шапағаты болар, үмітіңді үзбе, – деп басу айтты. Осы кезде иттің үрген даусы естілді. Біздің иттің – Сырттанның даусы сияқты. Мана шақырғанға қарамай артымыздан қуып келе жатқандарға тосқауыл боламыз деген адамдарға еріп кеткен. Бердіғұлдан бір елі ажырамайтын еді, соған байланысты аман келе жатыр екен деген үміт те жоқ емес. Бір жағынан қуансам, бір жағынан баламның қалай түсіп қалғанын білмеген аңғалдығыма өзімді-өзім жерлеп тұрмын. Кенет алысырақтан төбе құйқаңды шымырлатып қасқыр ұлыды. Осы кезде алдымыздағы қалың шөптің ішінен шыға келген Сырттан менің қасыма келіп етегімнен тартып үрді де, қайтадан қалың жыныстың ішіне кіріп кетті. Тегін емес шығар деп екі-үш әйел соңынан ердік. Сырттан артына қарап үріп тоқтамай кетіп барады. Қасқырлардың ұлыған дауыстары енді тым жақыннан естілді. Ит бір кезде шөп арасынан тістелеп бірдеңені сүйреп шығарды. Қасына келген біздерге тастай салып анадай жердегі биікке шығып ырылдай бастады. Жақындап қалған қасқырларға айбат шегіп тұрғаны белгілі болды. – Ойбай, мынау бала ғой, сенің балаң ғой, - деген әйелдің даусын естіп жабыса кеттім. Былқ-сылқ етіп жатқан баламды құшақтап отырып: «О, құдіреті күшті Жасаған-ай, шапағатың көп болушы еді ғой, мына баланы даланың тағысына жегізбей өлі денесін қолыма жеткізгеніңе, шүкір. Жалғыздың жапырақ жаюына тарлық жасасаң амалым қайсы?» деп көз жасымды төгіп отырғанымда қасымдағы әйел: - Тәйт, орынсыз жамандық шақырмай. Зарлай бермей алдымен аузы-басын тазалап алайық. Кім біледі... – деп баланы жерге жатқызып «Біссіміллә, біссіміллә» деп аузын құмнан тазартып, үсті-басын уқалай бастады. Бір уақытта бала аузын жыбырлатып сәл қозғалғандай болды. - Шүкір, тірі екен, ажалы жоқ екен бейшара баланың. Баланы өзім ұстайын. Есің кетіп жүріп сүрініп тағы бірдеңеге ұшыратарсың, – деген әйел баланы қолына алды. Ит үріп біресе қасымызға келеді, қайтадан ырылдап төбе басына шығады. - Тездетейік, – деді баланы қолына алған әйел. – Көрмейсің бе, мына ит қасқырлардың жақындап қалғанын айтып тұр. Орнымызға барып мал-жүкті қоршай от жағайық. Көп ұзамай таң да атады ғой. Не керек, таң атқанша жан-жағымызға от жағып ұйықтамай отырдық. Балам да өзіне-өзі келіп көзін ашты. Емшегімді сорып қайтадан ұйықтап кетті. Қасымдағы әйел: - Түйеден құлағанда ішкі жағына зиян келмесе сүйегі аман сияқты ғой. Жас баланың періштесі үнемі қасында жүреді деуші еді, құлап келе жатқанда астына қанатын төсеген шығар. Ал енді босқа шулап отыра бермелік. Екі-үшеуміз жаяу биікке көтерілейік. Кешегі азаматтардың қалған жері құлаудан онша қашық емес еді ғой. Бес қаруы сай қуғыншылар дегеніне жеткен шығар. Ең болмаса бетін жабайық. Содан кейінгі тірлікті көрерміз, – деп балалары бар жас әйелдерді тастап өздері жоғары көтеріліп кетті. Ұйлығып күтіп отырмыз. Күн шыққасын кешегі қасқырлар кетіп қалса керек, Сырттан да ырылдауын қойды. Біраздан соң жан-жағына қарап тұрды да, әлгі әйелдердің соңынан кетті. Түске таман әйелдер де көрінді. Бастап кеткен әйел шашын тарқатып жіберіп жаулығын мойнына салыпты. Бәрі де белгілі болды, соны көрген әйелдер бір-бірін құшаққа алып жылап жатты. Қасымызға келіп: - Тоқтатыңдар! – деді даусын қатайтып. - Екі бүйіріңді сүйеніп өз шаңырағыңның астында жоқтау айту да әйелге берілген бақ екен ғой. Жасым жер ортасына келгенде соны жаңа білдім. Азаматтар өз міндетін атқарды. Өздері опат болса да қатын-баласын жау қолына бермеді. Елсіз, күнсіз жерде жасымызды төккенмен бізге келіп қол ұшын созар ешкім жоқ. Ана отырған шиеттей балалардың ендігі ауыртпалығы біздің мойнымызда. Қозғаламыз. Маңдайымыздың соры бес елі болып енді жол торыған қарақшыға тап болмасақ деп тілейік, – деді. Е, қарағым-ай, содан кейін нені көрмедік дейсің. Аздық, тоздық, бірақ өлмедік. Жиырма жылдан астам уақытымыз Бесқала жерінде өтті. Әркімнен сұрастырып жүріп осында қалған ағайындарымызды таптық. Солардың желбеуімен ақыры туған жерге оралдық қой. Балам ол уақытта жиырманың үстіне шыққан. Әлгі ағайынымыздың қасында көмекші шопан болып істеді. Көп ұзамай бұл үйдің табалдырығын сен аттадың. Бір нәрсе екіншісіне себепші болады ғой. Егер Қалдыбайды итіміз құтқарып алмай сол күнгі торыған қасқырлардың аузында кеткенде өмірдің ағысы басқа жаққа да бұрылып, саған бұл әңгімені айтып отырмауым да мүмкін еді. Қазір соған шүкіршілік етемін, – дейтін енем марқұм сол жылдарын еске алғанда. Осыны айтқан енесі ұршығын иіруін тоқтатып келініне қарады. Әлі ештеңеге түсінбесе керек, көзі бақырайып: - Мына біздің ит ол уақытта көп қасқырға қарсы тұрған екен-ау, – деді. - Ойбой, қарағым-ай, әне, ештеңеге мән бермейсіңдер дейтінім осы. Итті жүз жасайды ғой деп пе едің? Он-он екі жыл, шауып кеткенде он бес жыл жасайды. Қалдыбайдың өмірден озғанына үшінші жыл. Содан оншақты жыл бұрын асыраған. Ол Сырттан мен бұл Сырттанның арасында талай жыл өтті ғой. Сенің «ауру, қартайған» деп жуындыңды қимай жүрген Сырттанның өзі Қалдыбайдың қолына беріде тиді емес пе? Баяғы бала кезінде өзін аман алып қалған итке деген ризашылығы шығар, асыраған иттерінің бәріне де Сырттан деп ат қоятын. Күшік кезінде біреуден атан түйедей қалап, тіпті қадесіне деп бойдақ қой бергені де есімде. Қазақта қарғыбау аталатын сондай да ырым бар. Итті жеті қазынаның бірі дейді ғой. Адамға ең жақын көмекшісі болғандықтан айтылған шығар. Бұрынғы өткендер: «Алла тағаланың бұйрығымен жерге түскенде адамға алғашқы серік болғаны ит көрінеді. Егін егіп күнелтеді. Бірақ пендешілікке салынып Алланың бұйрығын бірде орындаса, бірде орындамайды екен. Соған ренжіген Алла «Жақсылықты білмедің, ендеше, сені аштан қатырайын» деп өсіп тұрған бидайға барады. Ол кездегі бидайдың дәні осы күнгідей жоғарғы жағында емес, төменнен бастап сабағына түгел шығады екен. Алла сол дәнді төменнен сыпыра бастағанда ит жүгіріп келіп: - Ей, Жаратқан, менің сыбағамды қалдыра көр,– деп қолына жабысады. Алла ашуын басып тоқтайды. Содан бидайдың азғана бөлігі қалыпты. Иттің араша түскенінен қалған масақ адамға ризық болып әлі келеді екен» дейтін. Рас шығар, үлкендер білмей айтты дейсің бе? Сол иттің бірі өзің көріп жүрген Сырттан ғой. Мұның да қайырын талай көргенбіз. Бір жылы қатты боран соғып Қалдыбай малын ауылға жеткізе алмайды. Ығып бара жатқан қойдың бір бөлігін осы Сырттан екеуі әупірімдеп қалың құмға кіргізіп сол жерге итті тастап өзі қалғанын іздеп кетеді. Қанша уақыт өткені белгісіз әйтеуір табады. Құдайдың көмегі шығар, сол уақытта көз көрсетпей соққан алай-түлей боран ішін тартып, жан-жағы көрінеді. Бар ойы тезірек құмға жету болады. Іші өскен қойлардың жүрісі өне ме, көз алдындағы құм жеткізіп болмайды. Зорға дегенде құм жиегіне жақындай бергенде екі қасқырмен арпалысып жүрген Сырттанды көреді. Итіне тигізіп алмауды ойлап шетке шыққан бірін атады. Күш алған ит бірінің тамағынан алып қозғалтпайды. Үшіншісі мылтық даусы естілген бойда қалың жүзгіннің арасына кіріп көрінбей кетеді. Екеуі итке жабылып жатқанда үшіншісі біраз қойды тамақтап кеткен екен. Әр жерде теңкиіп жатқанын көреді. «Қасқыр тойғанына емес, қырғанына мәз» деген сол. Таң атқанша қойды сол жерде иіріп ертеңіне келген еді. Сырттан содан екі күн бойы тамақ татпай жатты да қойды. Ауырып жатырған шығар деп тамақты жылытып апарғанмен ішпейді. Қасына жақындасаң көзіңе тіке қарамай басын бұрып әкетеді. Соңғы рет барғанда көрдім, көзінен жас ағып жатыр екен. Екі күн бойы тамақ ішпей, көзіңе тура қарамауының сырын сонда барып білдім. Өзіне сеніп тастап кеткен малды қорғай алмағандығына налып, өзін кінәлі сезініп жатыр екен ғой. Бәлкім екі қасқырға әлі келмегеніне намыстанып жатырған да болар. Ит дейміз-ау, дәл осындай адалдық тіпті адамдарда сирек кездесетін шығар. Міне, шырағым, Сырттанның қасиеті сондай еді. Қайсы бірін айтайын, одан кейін де талай қайырын көрдік қой. Бұл да қартайды. Оның кәзір көрінгенге көз түрткі болып жүргені қайратының қайтқаны. Өмір бойы бірде боранмен, бірде ыссымен арпалысып жүру де оңай емес. Соңғы кездері Қалдыбайдың денсаулығы сыр бере бастады. Қойды тапсырып орталыққа көшіп келдік. Көп ұзамай өмірден өтті ғой. Басқа не айтайын. Қазақта итке байланысты ырымдар көп. Сендерге айттырса соның бәрі ескіден қалған дейсіңдер. Ал, шындығында, олар өмірлік тәжірибеден алынған, басынан өткізіп, көзімен көргесін әлі күнге дейін жоғалмай жалғасып келе жатқан халықтың сенімі. Құлағыңның қалтарысында қалса зияны болмас, тыңдап ал. Қазақта «Итті теппе ырыздығың кетеді» деген сөз бар. Шамасы ит үнемі өзінің иесінің ырыздығын тілеп жүретін болса керек. Әдетте көп араласа бермейтін үйге жақындағанда қабаған иті жоқ па екен деп секемденетініміз бар ғой. Ана бір жылдары қойды қораға қамап кешкі шайға отырғанбыз. Кенет Сырттанның үрген даусы шықты. Дүсірлеген ат тұяғының даусы үйдің іргесіне келгендей болды. Жайылып жүрген жылқылар болды-ау деп отыра бердік. Кішкенеден соң сәлем беріп көптен бері көрмеген ағайын жігіт кіріп келді. Амандасып жатырмыз. Осы уақытта Қалдыбай: - Апырмай, Сырттан бөтен адамды, әсіресе түнде келгенді үйге кіргізбейтін еді. Тіпті үрмегеніне таң қалып отырмын, – деді. - Аға, онда итің тегін болмады. Мен бірде қожасына шын берілген өте ақылды иттер оның бұрын көрмеген туысын исі арқылы біледі дегенді естіп едім. Арамыз қашық емес, үш атадан барып қосылмаймыз ба? Соны білген шығар, – деп күле жауап берген. Мүмкін жаны бар сөз шығар. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей халықтың ерте кезден ұстап келе жатқан салт-дәстүрі де заманына қарай өзгеріп отырады. Ерте кезде келіннің беті ашылып «Пәле-жаладан аулақ қыла көр» деп май түтеткен соң келіннің қолына бір ыдысқа сүт құйып итке бергізетін болған. Бұл – келіннің алдағы өміріне өз босағасындағы иттің ризашылығын алу, тілекші болсын деген ұғымнан туындаған жоралғы. Осы күндері ол ұмытылды, ерсі көреді, тіпті кейбіреулер оны кемсіту деп түсінуі де мүмкін. Сонымен қатар жаңа түскен келінге, аяғы ауыр әйелге итке «кет» деп айтуға болмайды, назарына қалады деп те жататын. Осының бәрі қазақтың ешкімге ұқсамас ерекшелігін білдіреді, шырағым. Ана қолыңдағы тілипаннан, көк жәшіктен бірін-бірі айқара құшақтап жататын басқа елдің кинолары бұрынғы салтымыздан айырады, дүбәра қылады. Дәстүр-дәбіңнен айырылу дегеніміз – түбінде ұлттық болмысымызды ұмыту деген сөз. Көңіліңе түйсең қадеңе асырарсың, қажетсінбесең ажалы жеткен әңгіме болады-дағы, – деген енесі әңгімесін аяқтады. Келіншек ертесіне жабайы күшіктің күндегісінше жүгіріп келетінін біліп, ауланың есігін жауып жуындыны Сырттанның алдына қойды. Күшік «мұның не, менен жамандық көріп пе едің?» дегендей қыңсылай үріп ауланың есігін тырналаумен болды. Сырттан өзіне деген жылылықты сезіп құйрығын еркелей бұлаңдатқанмен жуындыға бас салмады. «Ананы кіргізсеңші» дегендей есікке қарап үрді. «Құдай-ай, ішпегені несі, назарына қалмадым ба?» деп үрейлене ойлаған келіншек иттің күшікті іздеп тұрғанын біліп есікті ашты. Бір-біріне қызғаныш білдірмей екеуі де итаяқты жалап жатты. Осылайша бірнеше күн өтті. Екі иттің достығын енесіне айтқанда: - Е, бейшара Сырттан-ай, орнына сол күшікті қалдырайын деген ойы шығар, – деп көкірегі айырыла терең күрсініп иіріп отырған ұршығын бұрышқа қойды. Содан ойына әлдене түскендей біраз уақытқа дейін үнсіз қалды. Келіншек енесінің неге күрсінгенін түсінбеді. Ертесіне қалған-құтқанды алып сыртқа шыққанда құлағы қалқиып жалғыз тұрған күшікті көрді. Бұрынғыдай алдынан жүгірмеді. Сырттанды іздегендей жан-жағына қарап қыңсылап қояды. Ит сол кеткеннен мол кетті. Құлағына енесінің: «Қазақта «ит өлім» деген сөз бар. Ол – иә жетім-жесірге, иә ағайынға қол ұшын бермей дүниенің соңына түсіп, қулық-сұмдықтың соңында жүріп айдалада шіріп өлген адамға байланысты айтылған сөз. Ал «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегеннің орны бөлек. Алысқа кетіп, көзден таса жерге барып өлетіндігін білдіреді» деген сөзі келді. Кенет ішіндегі өсіп қалған бала тепкілей бастады. Сол кезде күшік те бірдеңені сезгендей шәуілдей үріп қолынан еркелей жалады. «Немеремді аман-есен өмірге әкелсең елге белгілі адамның үзеңгісінің астынан өткізіп алар едім» деген енесінің сол күнді асыға күтіп жүргенін ойлап, қашан да ақылын айтып, жөн сілтеп отыратын үлкен адамның қасында болғанына шүкіршілік еткен келіншектің көңілі көтеріліп үйге беттеді...
Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ, өлкетанушы, жазушы