Өлкеміздің өткенін, оның кеңестік кезеңінің тарихын білуші, Маңғыстаудың көзі ашық, көкірегі ояу азаматы 1937-1938 жылдар зұлматының жазықсыз құрбаны Сармыс Өтеғұлұлы ақсақалды білері сөзсіз.
Өңіріміздің белгілі өлкетанушысы, қаламы жүйрік жазушы Һәм журналист, Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері Әбілқайыр Спан ағамыз «Маңғыстау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 27.12.1997 ж. №156 (5443) санында Сармыс атамыз туралы «Тағы бір талайлы тағдыр» деген мақала жарияланған-тын. Бұл мақаланы автор Сармыс Өтеғұлұлы туралы оны білетін, көре қалған ел азаматтарының аузынан жиналған материалдар мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің архивінде табылған оған қатысты «қылмыстық істі» зерделеу негізінде жазған болатын.
Сармыс Өтеғұлұлы кім еді, не істеген, неліктен және қандай себептермен жазалы болды. Соны айтып көруге тырысайық.
Бұл азамат 1900 ж. Маңғыстау топырағында, Бозашының Қоңырорпа жерінде дүниеге келген. Құжаттарында туған жері Маңғыстау ауданының №15 ауылы деп көрсетіледі. Сармекең руы Жары Мұраттың (Кеще) Жарылғасының Күнтай ауылынан, Маңғыстаудың сол уақыттардағы белгілі адамда рының, дәулетті байларының бірі, 1840 ж. өмірге келіп, 1917 ж. қайтыс болып, ата күлдігі «Жарылғас ата» қауымында мәңгілік мекенін тапқан Өтеғұлдың Насуха, Қарақұс деген ұлдарынан, Ақжелең, Өрлехан, Шынжархан, Әжікен және Раухан деген қыздарынан кейінгі кенже ұлы. Сауатын ауыл молдасынан ашқан. Оған ашылған «қылмыстық істердегі» білімі деген жерде «бастауыш» деп жазылған. Әртүрлі құжаттардағы шиырып қол қоюларына қарағанда жазу-сызуды әбден меңгерген адамға ұқсайды.
Қазіргі күні қолымызда Сармекеңе қатысты Маңғыстау облыстық архивінде рәсімделген бірнеше құжаттар бар. Олардың біреуі Сармыс Өтеғұлұлының Маңғыстау ауданына қарасты №15 ауылдың басқарма төрағасы болып бекігені туралы. Екінші бір құжатта бұл ауыл басқармасына өзінің мөрі жасалғанша бұрынғы 3-Бозашы болысының мөрін пайдалануға болатындығы жайлы жазылған. Сол мөрді сонау қырдағы Қарақұм жерінен әкелудің өзі сол уақытта біраз шаруа болғанға ұқсайды. Мән берілгені сонша, Сармекең кәкеміз осы сапарға елге сыйлы, өзін құрметтейтін тумаластарын, олардың арасында Жақсыбайдың Оразы, Бексейіттің Қармысы, Аманқұлдың Қартбайы, Қанжігіттің Түгелбайы, Төреғұлдың Тоқбайы сияқты азаматтар бар топпен сапар шегіп, сол уақыттағы аудан басшыларының тапсырмасын сәтті орындап келулі. Бұл оқиға туралы біз «Жарыұлы Мұрат» деген тарихи-танымдық жинақта (Алматы; Информ-А №2010. 472-б.) «Сармыс ата туралы қосымша мәліметтер» деген атаумен баяндағанбыз.
Сонымен Сармыс Өтеғұлұлы Маңғыстау ауданының №15 ауылдың басқарма төрағасы болып жұмысын бастайды. Бұл уақыттарда жұмысқа әбден ысылған 28 жасар жігіт бұл жұмысын тәуір де атқарған сыңайлы. Сәттіғұл Жанғабылұлының «Адайдың он жеті баймырзасына айтқаны» деген өлеңі (С.Жанғабылұлы. Аманат. Алматы: Ер-Дәулет, 1996, 386-б.) бар. Сонда ақын Сармекеңнің ағасы Насуханы атайды да, «...Әркімдер-ақ айтатын: Жұмысың түссе Сармысқа, халыққа бар,– деп керегі»... деген сөздер қалдырады.
Шаруасы оңғарылып келе жатырған жігітке кеңес өкіметі қарсы тұрады. Ыңғайын тауып 1934 ж. РК ФСР Қылмыстық кодексінің 109-бабын пайдаланып сотқа тартады, оны 4 жылға бас бостандығынан айырады. Кәкеміз бір жарым жылда босап шығады. 1937 жылы өкімет оған сол №15 ауылдың шикізат дайындау кеңсесінің агенті деген қызмет береді.
1920 жылдардан бастау алған, 1937-1938 жылдары өзінің шегіне жеткен кеңес өкіметінің алапат зұлматы, қуғын-сүргіні Сармыс ақсақалды да шарпиды. Кеңес өкіметінің соты оны революцияға қарсы қызметтер жасады деген желеумен 1938 ж. 4 сәуірі күні тергеу әрекеттерін бастайды да, сол жылдың 15 маусымында РКФСР Қылмыстық кодексінің атышулы 58.10-бабын негізге алып 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырады. Ешқандай түсіндірме жазбай-ақ, бұл облыстық соттың арнаулы коллегиясының 1938 ж. 15 маусымы күнгі шешімі әділетсіз түрде, әлемдік заңнама үлгілерін назарға алмай, дөрекі түрде адам құқығын таптай, жазықсыз, жанып тұрған жас адамның өмірін қор етіп жеп-жеңіл қабылдана салынған құжат болғаны белгілі болып тұр. 10 жыл 1938 ж. 5 мамырынан басталып 1948 ж. 5 мамырында аяқталуы тиіс екен. Сармекеңнің жан айқайын сол уақыттағы ешбір заң орны естігісі келмеді. Оның Қазақстан КСР Жоғарғы Сотына жазған арызы 1938 ж. 31 қазаны күні ҚазССР қылмыстық-соттық коллегиясында «қаралып», «Сотталушының арызы аяқсыз қалдырылып, Гурьев облыстық сотының А.К. 15.07.1938 ж. шешімі күшінде қалдырылсын» деген анықтама шығарады. Бұл уақытта С.Өтеғұлұлы Орал, Алматы қалалары арқылы Қиыр Шығысқа айдалып кетіп бара жатыр еді. Бұл – кейінгі жылдары ғана белгілі болған жайт. Оның сотталғаннан кейінгі тағдыры былтырға дейін жанұясына белгісіз болып келді. Қолда бар хабар, Сармыс Өтеғұлұлының КСРО президентінің 1990 ж. 13 тамызындағы жарлығының негізінде Қазақстан Республикасы бас прокурорының 1992 ж. 30 желтоқсанындағы шешімімен ақталғандығы.
Сармыс кәкеміздің үлкен ұлы Мүсіләт Қарағұс ағасына берілген. Сол Мүсіләт Қарағұсов Ұлы Отан соғысына қатысып, 1943 ж. 19 тамызын да Смоленск қаласының түбінде шейіт болады. Сармекең сотталып, қайтпастың сапарына аттанған соң оның 1924 ж. туған үлкен қызы Бірғанымды тумаласы Бекболаттың Сақтабы алып қалады да, ал 1929 ж. туған Ақсұлу мен 1930 ж. туған Бірлән деген қыздары, 1935 ж. туған кенжесі Амантөре әуелі Форт-Шевченкоқаласының түбіндегі «Қаңға» жеріндегі балалар үйіне қабылданады, кейін Насуха көкесі оларды қолына алып, өсіріп, тәрбиесіне алады. Амантөре ағамыз мектебін аяқтап, техникумда оқиды, механик мамандығын алып, ұзақ жыл Жетібай технологиялық көлік басқармасында абыройлы еңбек етіп, зейнетке шығады. «Орны бар оңалар дегендей», Шәмекен жеңгей екеуінен Арғын, Найман, Қыпшақ, Үйсін және Бақыт деген ұлдары, Гүлбаршын, Гүлжамал, Гүлнар деген қыздары тарап, Сармекеңнің тұқымын жаяды. Тек Найман деген баласы ғана 1986 ж. Ресейдің Иркутск қаласында әскери борышын өтеп жүріп, оқыстан қаза болып, өмірі қысқа болады. Амантөре ағамыз пайғамбар жасына келіп басқа өмірге аттанады. Әрине, әкесі Сармыстың 1938 жылдан кейінгі тағдырын, қандай да болса хабарын біле алмай арманда кетеді.
Әбекеңнің ер балдарының үлкені Арғынның облыс, республика көлеміндегі ізденістері нәтиже бермей, КСРО, Ресей Федерациясының арнаулы органдарына тынбай сұрау сала беруінің нәтижесінде 2017 ж. 24 маусымы күні бір хабар ақыры алынды-ау! Ол хабар Ресей Федерациясының жазаларды өтеуді қадағалау федералдық қызметінің Хабаровск өлкесі бойынша басқармасынан (орысша абревиатурасы – ХУФСИН) келіп жетті. Одан Сармыс Өтеғұлұлы атамыздың 1938 ж. сот шешімін алғаннан соң Қиыр Шығысқа айдалғанын, оның НижАмурлаг деген лагерінің 3-бөлімінде Байкал-Амур магистралі теміржолын салуға қатыса жүріп, ауырып, сол бөлімнің №2 ауруханасында емделіп, 1941 ж. 26 қаңтары күні қайтыс болып, ертеңіне сол аурухананың қауымында жерленгені туралы хабар алынды. Мұндағы мәліметтердің бәрі мекемелердің атаулары, ал олардың сол уақыттарда қай жерде орналасқандығын көп сұраныс-ізденулер, көптеген хат жазысулар арқылы Ресейдің «Мемориал» қорының Амурдағы Комсомольск қаласындағы бөлімшесінің төрайымы, өлкетанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Марина Александровна Кузьмина ханымнан ғана біле алдық. Аталған аурухана сол жылдары Ресейдің қазіргі Хабаровск өлкесінің Солнечный муниципалды ауданына қарасты Хурмули поселкесінің жанында орналасқан екен. Енді ХУФСИН-мен оның архивімен, Хурмулидің әкімшілігімен хаттар жазысу басталды. Елді мекеннің басшысы Бернотас Владимир Антанасович деген азаматпен біз іздейтін қауымды табу мүмкіндектері сұрастырыла бастады. Ол орынның жобасы да анықталды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Торыш тастары немесе «адамзат құпиядан ғана қорқады»Сол жаққа Сармекеңнің жерленген жерін іздеуге біраз дайындықтар жасалды. Барар уақыт белгілі болған соң Амурдағы Комсомольск қаласындағы «Эдем» деген ри- туальдық агентствомен (директоры Бездрабко Николай Александрович) интернет жүйесі мен телефон арқылы байланыс жасап, олардың кәсіби шеберлігіне көз жеткеннен кейін ескерткіш дайындауға тапсырыс берілді. Гранит тақтатасқа қазақ тілінде латын графикасымен жоғары жағында «Қазақ, кіші жүз, Адай – Мұңал – Жары – Мұрат – Жарылғас» деген жазулар мен мұсылмани «жарты ай таңбасы», адай руының «тіл таңбасы» және Маңғыстаудың өңірлік гербі орналастырылып, «Өтеғұлұлы Сармыс, 1900 – 26.01.1941.» деп. Оның астына «Туысқан Ресей жерінде топырағы бұйырған 1938 ж. қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбанына ұрпағынан ескерткіш. 2018 ж. 30 тамызы» және осы мәтін орыс тілінде жазылып, дайындалып қойылды.
Сармыс кәкеміздің жатырған мәңгілік мекеніне оның туған немересі Арғын Амантөреұлы, құдамыз Көбейсін Көңлімқосұлы және мен, Әзірбай Жүрсінбайұлы болып үш адам сапар шектік. Осы жылдың 5 қыркүйегі күнінің түс мезгілінде Астана арқылы Новосибирскіге, одан әрі ұшқаннан Хабаровск қаласына ертеңіне таң сәрісінде жеттік. Ол жердегі ХУФСИН архивінде болып, өзін 2-дәрежелі архивист деп таныстырған Драгинкина Ольга Александровна деген құрбымыз ықыласты түрде бізге таныстырған «Қылмыстық істі» өз қолымызбен ұстап, жазбаларын оқып, барлық беттерін фотоға түсіріп алдық. Әрі қарай сапарымыз теміржолмен жалғасып, 7 қыркүйектің таңында Амурдағы Комсомольск қаласына жетіп, ол жерде бізді күтіп тұрған «Эдем» ритуальдық агентствосының екі жігітін қасымызға алып, тікелей Хурмули поселкесіне тарттық. Поселке басшысы В.А.Бернотас еңбек демалысында екен де, оның орынбасары Земцова Стефанида Даниловна ханым бізді жылы қабылдады. «Біздің жазған бірнеше хаттарымызбен таныс екенін, біздің шаруамыздың бағытын білетінін» айтып, әрі қарай поселкенің жалпы жағдайымен таныстырды. Жұмыстарының да қарбаласы көп екені көрініп тұрды. Онысы арғы күні, 9 қыркүйекте болатын өлкенің губернаторының сайлауына байланысты. Біздің ауылдағыдай кәдімгідей сайлау алды арпалыс. Стефанида Даниловна бізге өзінің шоферін бөліп берді, ол жігіт біз баратын қауым жақты жақсы біледі екен. Сонымен әкімшіліктің жүргізушісі бізді бастап жүріп кеттік. Жолай танысып жатырмыз. Александр Трубецкий деген жігіт екен. Жасы бізбен қатар, 1963 ж. туған. БАМ шоссесінің бойында 37 км, Хурмулиден жеті шақырымдай жерде бетімізді поселкеге қаратсақ жолдың оң жағында, жол шетінен 60-70 м шамасында, орман ішінде бірнеше қауымдар бар екен. Қолымызда «Мемориал» қорының Амурдағы Комсомольск қаласындағы бөлімшесінен алған осы маңайдың картасы. Александр «мынау жапондық әскери тұтқындардың қауымы, ал мынау өзектің жағасындағысы христиандардың молалары, ал мына жер сіздердің іздеп келген қауымыңыз» деп көрсетіп жатыр. Ерекше толқынысты жағдай болды бұл. Сармыс атамыздың жатқан жері осы жер екендігі еш күмәнсіз болды. Арғын көзіне жас алып, даусы дірілдеп, тебіреніске түсті. Ну орман, жерін қалың, шудаланған шөп басқан. Ертеңіне ескерткіш тақтамызды алып келетін болып біз қалаға қозғалдық, ал Александар сол жердің шөбін шауып, жерді ескерткіш орнатуға дайындап қоюды мойнына алды. Кетерімізде Хурмулидегі өзбек туысқандар ұстап отырған кафеге барып, оның қожайыны Бақтияр деген жігіттен бір қой сатып алып, оны өзіміз бауыздап, ертеңге садақаға дайындап қоюды тапсырып, жолға шықтық. Ертеңіне ертерек қозғалып, ритуалдық құрылысшыларымызбен бірге, кәкеміздің ескерткіш тақтасын, оның қоршауын көлікке тиеп, Хурмулиге тарттық. Қауым маңына жеткенімізде Алла жарылқағыр Александр да шаруасын тындырып, бізді күтіп тұр екен. Ескерткішті шебер жігіттер жақсылап қондырып, шағын шарбағын да әдемілеп орнатып берді. Астына ауылдан, ата-бабаларымыз жатқан «Жарылғас» қауымынан өзімізбен бірге ала келген орамалға түйілген топырақ төгілді. Сол жерден елге апаруға топырақ алынды. Аяттарымызды оқып, дұғамызды кәкеміздің рухына бағыштап, поселкеге қайттық. Елді мекеннің әкімшілігінің өкілдері, арасында С.Д.Земцова ханым бар, біздің осы жаққа келгенше жол жүруге қатысты көптеген пайдалы кеңестерін берген, сол жердегі амбулаторияның аға дәрігері Наталья Николаевна Довгань деген менің әріптесім бар, ритуалдық құрылыс шеберлері мен сол кафеде жұмыс жасап жүрген өзбек ағайындар бар, садақа өткіздік. Кафенің иесі Бақтиярдың Ислам деген күйеу баласы біршама діни сауатты жігіт екен, садақаның соңынан жақсылап аят оқып, көңілімізді бірледі. Барлығына рақметімізді айтып, қош айтысып, кері жолға түстік. Қайтқан жолмен дәл сол маршрут бойынша ауылға да келдік. Шаруамыз оңынан бітіп, үлкен істі абыроймен бітірген сезіммен қайттық.
Елге келген соң Арғын өзінің бастаған шаруасын созбай, тездетіп бітіретін әдетіне салып, Нұрбек Арқабаев деген ауылдас там шебері інімізге Бозашыдағы «Жарылғас» қауымындағы Сармекеңе әкесі Өтеғұл ақсақалдың, Қарағұс ағасының тамдарының маңында астына Хурмулидегі ата қауымынан әкелінген топырақты сеуіп, Өзеннің ақ тасынан тұрпаты мөрді елестетін ескерткіш орнаттырды. Үлкен тотықпайтын металдан жасалған тақтаға Қиыр Шығыстағы ескерткіште жазылғандай мәтін «Сол жердің топырағы туған жерге жеткізілді» деген сөздер қосылып, ойылып жазылды.
Әзірбай ОРАЗ