Халқымыздың «Отанды сүю - иманнан» деген сөзі иманы кем адам кез-келген уақытта отанын сатып кетуі мүмкін дегенді меңзейді. Ал елін, отанын сүйетін иманды ұрпақтың шығуы отбасының тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты екені хақ. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үстіміздегі жылды «Ислам және отбасы жылы» деп жариялаған болатын.
«Ислам және отбасы» жылының аясында ата-аналар арсында шаралар ұйымдастырып келе жатқан Ақтау қалалық Бекет ата мешіті таяуда қаладағы «Ақ кеме» дәмханасында өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді.
- Ер адам отбасының басшысы ретінде үйі, бала-шағасы және әйелін тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге міндетті. Ал әйел, бала-шағасын тәрбиелеп, отағасының тапқан табысын ысырап етпей, орынды жұмсай білуі қажет, - деді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Зиядолла Еміл. - Сонда ғана шаңырақ шайқалмай, үйдің құт-берекесі артып, ырысқа толы болмақ. Ислам ата-ананың бала-шағасы алдындағы міндеттерін де анықтап берген. Неке және отбасы—Адам ата мен Хауа анамыздан бастап келе жатқан өте қасиетті ұғым. «Отан отбасыдан басталады», демекші, жанұя—қоғамның негізгі іргетасы. Егер отбасымызды исламның хақ жолымен құратын болсақ, онда оның іші бақыт пен берекеге толы болмақ. Сондықтан дініміз отбасына қатты көңіл бөледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде «Отбасы құрыңыздар, христиан діндарлары секілді болмаңдар», «Ризық-несібені отбасы құрудан іздеңіздер» немесе «Үйленіңіздер, көбейіңіздер! Өйткені қиямет күні мен сендердің көптіктеріңмен қуанамын» делінген. Демек, әрбір адам отбасын құруға және оны сақтауға міндетті. Ислам бойынша отбасын құратын қыз бен жігіт мұсылман болулары керек. Дінімізде мұсылман еркектің тек христиан және яһудилік дінін ұстанушы әйелдермен үйленуге рұқсат етілген, ал мұсылман әйелдерге өзге діндегі адамдармен үйленуге тыйым салынған. Сондай-ақ, күйеуге шығатын қызға әке-шешесінің разылығы керек. Отау құруға бет бұрған екі жас бір-біріне тең болуы керек. Ер азамат болашақ жарының имандылығына, ибалығына қарайды, өйткені, отбасына береке кіргізіп, ұл-қызды тәрбиелеп ұрпақты өсіретін аналар иманды келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Әйелді үш нәрсесіне қарап таңдайды: сұлулығына, байлығына және діндарлығына. Сен діндар болғанын таңда», - деген.
Ақ дастархан басындағы кездесуде Зиядолла Еміл тақырып аясында журналистер сауалдарына жауап беріп, исламның хақ жолы хақында тұшымды әңгіме айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН