Құрдасым, досым Айтберген Жаңбыршыға мен берген қосыңқы атау еді бұл. Сол елге әбден тарап кетіпті, қазір білетін жұрт Айтберген демейді, Затаевич дейді.
Александр Викторович Затаевич – поляк халқының ұлы, консерватория бітірген білікті маман. Ел үшін ауыр жылдарда жаяу-жалпылап жүріп, қазақ халқының әндері мен күйлерін жинаған. «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 күйі» атты кітаптары бар артында қалдырған. «Қазақ халқының 1000 әні» Адай округінен Жалау Мыңбаевтың орындауында «Ақбөбектен» басталады. Адайдың 29 әні бар. Артындағы анықтамалығын қоссақ мұны қазақ өнерінің энциклопедиясы деуге болады. Көбеген Амангелдиннен (әнші, термеші Рухия Батыршеваның атасы), Құрмаш Нұрахановқа дейін Адайдың мен деген өнерпаздарының ақпараттарын содан табамыз.
Айтберген бірнеше жылдардан бері Маңғыстау өнерпаздарының, сазгерлерінің туындысын іздестіріп, жинап бірнеше кітаптар шығарды. Қазір олар – республиканың саз мектептерінің, консерваторияның оқулықтары. Музыка мамандары академиялық оқу құралдары ретінде соларға ғана жүгінеді, соларды ғана басшылыққа алады. Ал ол мұралар өте көп. Бағзыдағы көне күйлерден бастап, бүгінге дейінгі сазгерлердің бізге жеткен әні мен күйлерін іздестіру, белгісіздерін іздеп табу. Ал солардың бәрін жинап, нотаға түсіру дегеніңіз қиынның-қиыны және өнерпаздар әрқилы, әр жерден, әртүрлі орындайды. Қоян аяғын жеген олар іздеп барғаныңда орнында болмайды. Қыдырып ән салып кетеді. Ізде сосын табаныңнан таусылып. Міне, әр саз сондай бейнетпен жазылған, яғни нотаға түсірілген. Осыдан соң Айтбергенді Затаевич демей көр.
Ертеректе Москваның бір өнер журналында ақшұқырлық өнерпаз Әлқуат Қожабергеновтің өнер жолын көрсеткен бір мақала шықты. Авторы – осы тақырыпты тумысынан қозғап келе жатқан маман. Қателеспесем кандидаттық атағы да бар ғой деймін. Сезіп көріп отырмыз. Әлекеннің ыңғай төкпе қол шертісін біз жақсы түсіндік. Ал орыс тілді автор түсінбейді, сосын нотаға түсіру орнына Әлекеңнің қазақшасына салып ілдебайлапты. Мақала әжептәуір жақсы шыққан. Тек әлгі бір жері күлкі шақырады. Әрине, қазақ музыкасына қанық Айтбергенге бәрін түсіну оңай. Бірақ Өскенбайдың Құлбай бахшымен сайысын нотаға түсіріп жазып шығу – ақырет азабы. Музыка тілінде мына жерінде қолды былай ойнатады, қағысты былай қағады дей алмайсың. Онда нота – дыбыс қана бар және оның қазақшасы жоқ. Бір белгі, бір дыбыс. Соған салып, түсініп қала бересің. Қалғаны... иә, ол орындаушының шебергілігіне ғана байланысты.
Айтбергеннің соңғы кітабы Өскенбай мен Мұрат туралы дедік. Яғни әкелі-балалы екі сазгер өнерпаздар туралы сөз етіледі. Айтпақшы, Затаевич журналист те болған. Қалай дейсіз ғой? Қара сөзден қаймақ айыратын ділмар. Оның Маңғыстаудың 29 әнін қалай жазғаны жайлы анықтамасын қазақшалау үстінде қиналғаным әлі есімде... Демек музыка тақырыбына қалам тартқан, зерттеген жанға – жаза білу де қажет нәрсе. Жай жазу емес, жақсы жазу. Бұл ретте мен Ахаңды – Ахмет Жұбановты ұстаз тұтамын. Ахаң саусақтың-шынашақтың ең соңғы астыңғы бөлігін айтқанда көрпешігі депті-ау. Ал біз соны мың ойлансақ та білмес, келтіре алмас едік. Айтберген керісінше. Бұл орайда жүйрік. Өскенбайдың аң аулап жүріп, қонған үйінен құрмет, қошемет көрмей атқа қонып кетіп, келесіде сәнімен оралғаны бар ғой. Шоқай төре күйі. Ал бұл эпизод қой. Жай эпизод емес – күй аңызы. Оны келтірмей күйдің өзі ғана тартылса, еш нәрсеге ұғына алмас едік. Содан келгенде күйге күй аңызы ере жүретін сабақтастық қалыптасқан. Құлшар күйші оны жетілдіре түсіп, театрландырған, тіпті Құлшардың күйші кемпірмен, қызбен домбыра тартысқан аңызы – мұның жетілген үлгісі. Айтберген шығармасында сол эпизодты шебер әңгімелейді. Тек бұл емес өзге тұстарда да солай. Өскенбай біздің заманымызды көріп бақилыққа озды, дегенмен бұған дейін оның творчествосы дұрыс сөз болған жоқ. Ақиқатында ол – ұлы сазгер.
Айтбергеннің музыка әлеміне келуі де – бір тарих. Форт-Шевченко қаласында жастайынан Орлыбай Барашов басқаратын домбыра үйірмесіне қатысады, одан соң Өмір Жүсіп ағай басқаратын мектеп оркестріне қатысады. «Төртінші сыныптан бастап мектеп сахнасына Әбілахат Еспаевтың «Ойлан тап» әнімен Өмір ағайдың мандолинада сүйемелдеуімен шықтым, жалпы өнер нағашы жағымнан келген,– деп еске алады ол. – Нағашым Атабай Қорқытбаев керемет домбырашы кісі еді, ақындығы да бар. Анам Мамық та тәуір әнші кісі еді. Мектепте оқып жүргенімде нота сауатын үйреніп, көптеген күйлерді, газетке шыққан әндерді мандолинамен тартып жүрдім. Ұстаздарым Бисекеш Мұқанов, Өмір Жүсіпов ағай мектеп сахнасына «Қыз-Жібек» пьесасын қойып, сонда Шегенің рөлін сомдадым. Сыныптастарым Гүлшара Жібек болып, Ермек Төлеген болып, Айша Дүрия болып, марқұм Тілеумұрат Бекежан болып ойнап, Баутин, Аташ, Қызылөзенге концерт қойған сыныптастарым қазір 70-ке келіп отыр», – деп еске алып қояды. 1967 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтының топырақтану бөлімінде оқи жүріп, Самиғолла Аңдарбаев басқаратын оркестрге қатысады. Досы Тілеумұрат екеуі, консерваторияда оқитын жерлесі әрі досы Аманбек Сүндетовке жиі барып жүргенде, жатақханада бірге жататын Қаршыға Ахмедияровпен танысады. Содан консерваторияға түспекші болып, құжаттарын тапсырып, сол жылы қабылданбай, Форт-Шевченко қаласына келіп, мәдениет үйінде жұмысқа орналасады. 1969 жылы Алматы училищесіне түсіп, 2 курста Құрманғазы оркестріне жұмысқа тұрады. 1973 жылы училищені бітірісімен консерваторияға оқуға түседі. Оркестрде жұмыс жасай жүріп, 1974 жылы әкесі ауырып, ауылға келеді. Форт-Шевченко қаласындағы Киров орта мектебінде ән-күйден сабақ беріп, кешке мәдениет үйінде «Көңіл ашар» ансамблін құрып, малшы, балықшыларға концерт қояды. 1975 жылы облыста халық аспаптар оркестрлерінің байқауы өтетін болып, соған репертуар даярлап, Өмір ағайдың дирижёрлығымен 1-орын алды. 1976 жылы жаңа ашылған музыка мектебіне директор болып сайланады. 1977 жылы жаңадан ашылған Қызылорда училищесіне шақырылып, сонда біраз жылдар бойы жемісті еңбек етті. 1978 жылы консерватория бітірерде Мұрат Өскенбаевтан дипломдық жұмыс қорғайтын болып, Қызылордадан Жетібайға келеді. Мұрекең композиторлардың VI съезіне шақырылып Алматыға кеткен. Содан Алматыға ұшып, Қаршығаның үйіне келіп, Мұрат атамызды іздеп, Самиғолла Андарбаев атамыздың үйіне келіп, сол кісі Мырзағұл Панаевтың үйіне апарды. Сол үйде шай ішіп отырған Мұрекеңе «мына бала сен туралы диплом қорғаймын деп іздеп келді» деп таныстырады.
«Содан Мұратекең туралы не білесің деген соң пластинкаға шыққан күйлерін нотаға түсіріп жүргенмін, «Жеңісін» тартып бердім. «Онда кешке Әбіштің үйі шақырып қойған, соған келің», – деді. Қаршығаның үйіне барып, екеуміз магнитофон алып, ЦУМ-нан төмен Пастер көшесінде тұратын Әбекеңнің үйіне келдік. Келсек кілең атақты ағаларымыз, ғалымдар Ғұбайдолла Айдаров, Шайхы Еркеғұлов, Қабиболла Сыдиқов бар екен. Самиғолла атамызға ескілік күйлерден тартса екен деп өтініш айттық. Шай біткен соң, залға кірдік, содан Мұрекең етке дейін екі сағат тарихын айтып, күйлерді төкті. Еттен кейін рақметімізді айтып кеттік. Диплом жұмысын 5-ке қорғап, Мұрекеңе бір данасын әкелдім. 1978–1980 жылдары Жетібайға келіп, қолынан күйлерін жазып, өнер баспасына 1980 жылы «Жеңіс» атты күй жинағын профессор Тастановтың алғы сөзімен ақпан айында тапсырдым. Сол жылы маусым айында профессор Тастанов қайтыс болған соң, кітап шығарылмады. 1983 жылы Форт-Шевченко қаласына келіп, музыка мектебінде мұғалім болдым, кешке мәдениет үйінде оркестр басқардым, «Толқын» эстрада ансамблінде клавиша аспабында ойнап, концерттерге қатыстым. 1986 жылы жанұя жағдайымен қайтадан Қызылорда қаласына баруға тура келді. 1992 жылы Ақтау қаласына келіп, Абыл атындағы музыка мектебінде мұғалім, 1993 жылы ашылған Маңғыстау өнер колледжінде мұғалім, 1994 жылы ашылған Абыл оркестрінде домбырашы, 2004–2005 жылдар аралығында Форт-Шевченко қаласындағы мәдениет бөлімін басқардым. 2005 жылдан қазіргі уақытқа дейін мұғалімдік қызмет атқарып келемін», – дейді кейіпкерім.
«Нұрлы әлем» баспасынан «Нарату» күйлер жинағы, «Адайдың ырғамасы» ән-жыр күйлері, «Мен қашанғы жүйрігің» жыр-термелер, 2008–2009 жылдары «Нарату-2», «Мен қашанғы жүйрігің-2»,«Қарасай қази» дастаны шықты. Енді баспадан «Күй қонып, кие дарыған әулет» деген атпен күйлер жинағы шықпақшы.
Ал сол Айтберген, Айтберген Затаевич, менің сәлем беретін құрдасым 70-ке келіп отыр. Мұндай дархан талант дегеніңді лайықты марапаты ірметіліп жүріп, кешеңдеу табады ғой. Марапат дегеннен биыл ғана алынған ҚР Ғылым және білім министрлігінің «Алтынсарин», ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Оқасы жоқ, дос, нағыз көсем таланттың марапатсыз жүргені жарасымды. Ол сонысымен құрметтірек.
70 жасың құтты болсын, дос, құрдас. Ізіңнен өзіңе тартқан шәкірттерің ере берсін, Затаевич!..
Әбілқайыр СПАН, жазушы, Махамбет сыйлығының лауреаты