©
Ата жұртынан жырақта туып, өзге елдің тәлімін алса да ол кісі – қазаққа тән даналығы мен даралығын, тілі мен ділін ұмытпаған жан.
Кейіпкеріміз – Аманбай Диқанбайұлы 1938 жылы 1 мамырда Түрікмен ССР-іне қарасты Ташауыз уалаятының Көнеүргеніш ауданының Қызылбәйгі атты ауылында қарапайым колхозшы отбасында дүниеге келген. Бірінші сыныпты түрікмен тілінде оқып шыққан кейіпкеріміз кейін нағашы жұртының қолына өтіп, қазақ тіліндегі мектептерден дәріс алып, 1955 жылы жетінші сыныпты бітіреді. Сосын Хожелі қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, оны 1959 жылы үздік бітіріп, қызыл дипломын қолына алады. Мұғалім болу, ұстаз болу – ерен еңбекті қажет етіп, өзгенің бақыты үшін күресуді талап ететін жауапты қызмет. Педагогикалық училищені бітіре сала Гоголь атындағы орта мектепке жолдамамен мұғалім болып барады. Бозбалалығын ұмыта қоймаған өренге бала оқыту алғашында оңай тимегені анық. Бір жыл өтер-өтпес уақыттан соң комсомол қызметіне араласып, сол замандағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін өрлеген. 1964 жылы Кеңес одағының коммунистік партиясы мүшелігіне қабылданған атамыз, Хожелі аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүргенінде облыстық партия комитетінің бұйыруымен Өзбек ССР-іне қарасты Мырзашөл топырағындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепке мұғалім болып барады. Ол заманның бір заңы солай – жел айдаған қаңбақтай партия қайда айдаса еліңнен безіп кете барасың. Мырзашөлге анасын, әйелі мен ұлын жетектеп, жүгін артып тарта берген кісіміз жат жер деп жабырқамай көп ұзамай-ақ мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры болып қызмет атқарады. Мектеп оқушыларына түрлі спорттық шара өткізіп, шахмат ойнау үйірмесін ашып ел көзіне түскен атамыз екі жылдан соң сол жердегі кәсіптік техникалық училищеге директор орынбасары болып сайланады. Аталған оқу ордасында он жылға жуық қызмет атқарып, училище директоры лауазымына дейін жетеді.
– Өзіме жастайымнан қойған міндет пен жауапкершілік жүгін бір сәтте естен шығармадым, әрбір іске ұқыпты болып, бейжай қарамауды мақсат еттім. Жоғары лауазымды істерге тағайындалған кезде де қол астымдағы қызметкерлерге де осы талапты қойдым, – дейді атамыз.
Солай жүргенде ауданның екі дүркін депутаты болып сайланып, артынша «Өзбек КСРіне еңбегі сіңген оқытушы» атағын алған кейіпкеріміз білім саласында одан кейін де біраз жылдар бойы өнімді жұмыс жасаған. 1997 жылы зейнетке шыққан соң, 1998 жылы көктемде алпыс жылдық мерейтойын өткізіп, ата жұрты киелі Маңғыстау топырағына, Ақтау қаласына жанұясымен көшіп келген. Жұбайы Сәмбибі әже екеуінің үш ұлы мен төрт қызы түгел білім алып, қонысын тауып, балалы-шағалы болып, ел іргесін қалауда түрлі салада лауазымды қызмет жасайды. Ақтау қаласына келгеннен соң да атамыз жай жүрген жоқ, қалалық ардагерлер кеңесіне мүше болып, ел үшін атқарылар игі жұмыстардың бірталайына атсалысып, кеңесер тұста пікірін тұмшаламай айтып, өз қолын қалдырды. Аманбай атамыз қазіргі сәтте үбірлі-шүбірлі болып, 25 немере мен 11 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Көргені мен білгені көп ақсақалдың еліміздің зор келешегіне деген сенімі мол!
– Мен қай уақытта да билік пен халықтың арасын біріктіріп, жүйелі жұмыс жүргізуді ойладым. Кешегі заманыма қалай адал болсам бүгінгі заманыма да дәл солай адалмын! Елбасы мен облыс әкімінің Маңғыстау өңірінің болашағы үшін жасап жатқан еңбегіне риза боламын. Елімді басқа жұртпен салыстырғанда еңсесі, әлеуеті биік тұрады деп елестетем және қолымнан келгенше көмегімді беруге дайынмын! – деп сөз соңында ағынан жарыла лебізін білдірді Аманбай атамыз.
Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Аманбай қарияның әлі де қуаты тың, сөзі жөн. Қажет тұста шаншып сөйлеп, ұл-қызына ақылын айтып, жол сілтеген шырақтай болып жүрген қарияға біз де ізгі тілегімізді жеткізіп, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Мадияр ТӨЛЕУОВ