Ұлттық құндылық бастауы – отбасы. Отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастығымен өлшенбейді. Отбасы – қоғамның маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Халқымыздың тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі.
Отбасылық құндылықтарды жастарға түсіндіріп, бағыт-бағдар беру мақсатында отбасы күніне орай Бейнеу аудандық жастар орталығы мен «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігінің директоры Нұргүл Сағындықова «Отбасы - бақыт мекені» тақырыбында танымдық кездесу өткізді.
Кездесуге ауданымыздағы кәсіпкер ана, салихалы ене Зылиха Амирбаева, 30 жыл отасқан көп балалы Дарьяшовтар отбасы, ауданның бас имамы Ұзақбай Жаңабаев, көп балалы ана, білікті ұстаз Қамар Ауданбаева және 12 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана Алма Бердиева қатысты. Өкінішке қарай қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Артында қалған ізі бар… (Жетібай Жылқышыұлы жайлы)Бұған дәлел ретінде неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың кейінгі жылдары аса қауіпті деңгейге жеткенін статистикалық мәліметтер жайып салып отыр. Кездесу барысында жастарға сабақ болатын бүгінгі күннің ащы көрінісі отбасылық ажырасу туралы арнайы дайындаған бейнеролик көрсетіліп, көңіл-күйімізді түсірді. Бұнда ажырасқан отбасындағы балалардың ауыр психикалық қақтығысқа ұшырайтыны бейнеленген.
Кездесуге келген қонақтар өздерінің танымдық пікірлерімен бөлісіп, жастарға өз ойларын, ақыл-кеңестерін айтты. Қонақтарға отбасылық өмірде кездесетін жайттарға байланысты ситуациялық сұрақтар қойылып, суретпен жасырылған бейнекөрсетілім арқылы мақалдар жасырып, көрермендердің жауабын тыңдап, жиын жоғары деңгейде өткізілді. Жиын соңында шараға қатысқан кеш қонақтарын ауданымыздың 45 жылдық мерейтойымен құттықтап, жастарды тәрбиелеуде үлгілі отбасы ретінде қосқан үлесі үшін сыйлықтар мен «Алғыс хаттар» табысталды.
Әсел ЖҰБАНОВА